Жалпы білім беретін Исатай Тайманов атындағы орта мектепте «Тәуелсіздік жетістіктері» тақырыбында республикалық ашық сабақ өтті, деп хабарлайды Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.
Санитариялық талаптарды сақтай отырып 9-10 сынып оқушылары сайысқа түскен ашық сабақта тәуелсіздіктің құрдасы, айтыскер ақын Ануарбек Садықов пен «Мен қазақпын» патриоттық әнінің сөзін жазған, ақын Нұржан Өмірбай қатысты.
- Іс-шараның басты мақсаты – тәуелсіздік жылдары қол жеткізген жетістіктерді дәріптеу. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Тәуелсіздіктің 30 жылдығын тек мерейтой деп санауға болмайды. Ең алдымен, бұл тарихи оқиғаға идеологиялық тұрғыдан қарауымыз керек»,- деген болатын. Топқа бөлініп, жарысқа түскен оқушылар еліміздің 30 жыл ішінде жеткен жетістіктеріне баса назар аударды. Бұл шара осымен тоқтап қалмайды. Жыл соңына дейін түрлі ашық сабақ өткізу жоспарда бар,- Исатай Тайманов атындағы орта мектеп директорының орынбасары Шынар Сарманова.