Атырауда 1 қыркүйекте «Сармат» мамандандырылған мектеп-лицей интернаты ашылады

Атырау қаласындағы Жаңаталап ауылында 300 орынға шақталған «Сармат» мамандандырылған мектеп-лицей интернаты ашылады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Физика-математика және әскери бағыттағы «Сармат» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатын салу жұмыстары 2018 жылы басталып, оның құрылысы пандемияға байланысты тоқтап қалған еді. Биыл үш қабатты білім ордасы жаңа оқу жылында оқушыларды қабылдауға дайын. Мектептің баспасөз хатшысы Әнуар Жаманқұловтың айтуынша, 1-2 шілде күндері білім алушыларды қабылдау бойынша конкурстық іріктеу аяқталған.

«Мектепте білім алуға 500-ге жуық ұл балалар өтініш берді. Олар екі кезеңнен тұратын емтихан тапсырды. Конкурстық іріктеудің бірінші күнінде олар қазақ тілі мен математикадан тестілеуге қатысса, екінші күні шымырлық пен жылдамдық қасиеттері бойынша сынға түсті. Бұл мектеп әскери бағытта да білім бергенімен, оны бітірген оқушыларға жалпы білім беретін мектептердегідей аттестат беріледі», – деді Ә.Жаманқұлов.

Биылғы оқу жылында 7, 8, 9-сыныпқа барлығы 150 оқушы қабылданды. Әр сыныпта 20 баладан білім алады. Яғни, екі 7-сынып, екі 8-сынып және екі 9-сынып болады. 2025 жылға қарай мектептегі бала санын 300-ге дейін жеткізу көзделген.  

Ата-аналар мен оқушылар жедел ақпарат алуы үшін sarmat.edu.kz ресми сайтын және Facebook пен Instagram әлеуметтік желілерінде арнайы парақшалар іске қосылған.

Жаңа мектептің жанында басқа аудандардан келіп оқитын балалар үшін де жағдай жасалған. Білім ордасының жанында жатақханасы бар.  Оған қоса оқушылардың алты мезгіл тамақтануы, төсек орыны, әскери киім үлгілері, оқу-құрал саймандары мен спорттық жабдықтары – тегін. Мұндай үлгідегі мектеп тек Алматы, Қарағанды мен Өскеменде ғана бар. Батыс өңірінде алғаш рет Атырауда салынды.

Айта кетейік, Атырау облысында 200 жалпы білім беретін мектеп бар. Онда 143 мың 481 оқушы білім алуда.

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT