«Қолыңнан келсе, қонышыңнан бас» деп қазақ бекер айтпаған шығар.
Қазір ақшаң болса, атақ та, мақтау да, медаль да көп. Жақында бір танысым он бес мың теңгесін төлесең, «Халықаралық Журналистер Одағының мүшесі» деген төсбелгі мен төлқұжат алып берем деп ағынан жарылды. Өкінішке орай, бүгінде осындай жолмен келген төсбелгіні кеудесіне жарқыратып тағып жүргендер жетіп артылады. Алайда, атаққа лайықты деп танылғандардың, еңбек өтілі, жұмыстағы нәтижесі сараптап, саралап жатқан біреу бар ма? Маңдай теріміз сіңбеген мақтау масаттандырып, міндетімізді ұмыттырып жібермей ме?
Түрлі тақырыптағы мақтау қағазы, сертификаттар пәленше деген ұйымның атынан келген бірнеше дәрежелі дипломдар қазір оқушы мен мұғалімнің портфолиосын да толтырып отыр. Жарнасын төлетіп, жарнамасын қатырып отырған интеллектуалдық орталықтар мен қайта даярлау ұйымдары байқаудың сан алуан түрін ұйымдастыруда. Хабарын ресми де, бейресми де таратып, баланың да, ата-ананың да назарын өздеріне әбден аударып алған. Тест жасау, эссе жазу, мақала жазу, өлең оқу сынды тапсырмалармен шартын даярлап, қосымша есепшотын бірге жіберіп отырған байқауды ұйымдастырушы сайттар мен орталықтар онлайн жұмыс жасайды, яғни қашықтықтан басқарып, бағалайды. Осының өзі күмән туғызбай ма? Айдаладағы аты-жөнін өзіміз білмейтін педагогтар мен зерттеушілердің бағасы мен алғысына біз неге мұқтажбыз, тәуелдіміз? Компьютердің ар жағында қарап отырғандар расында сондай тәжірибелі мамандар ма? Білікті, білімді ұстаздар мен сарапшылар ма? Кім білген?
Осы сұрақтардың жауабын таба алмай, алданып қалғандар да аз емес. Әлеуметтік желіні ашып қалсаңыз, қандай да бір республикалық баспаға мақала жіберіп, ақшасын төлеп, бірнеше айдан бері атымызды оқи алмай жүрміз дегендер жетерлік.
Осындай қисынсыз конкурстар мен байқаулардан бас көтермейміз дейтін аудандық білім бөлімінің басшысы Айгүл Бердешқызының пікірін тыңдап көрген едік:
Тізімде жоқ диплом пайдаға аспайды
-Соңғы уақыттарда «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» өте шығып, жеңімпаз атанып, төсбелгі тағып жүргендер көп. Әріптесің болған соң әрине, құттықтайсың. Алайда, басшы ретінде белгілі бір дәрежеде, өз орнымен, ретімен марапатқа ұсыну бір бөлек, ал онлайн байқауға қатысып, марапат алып келудің жөні бір бөлек екен. 2018 жылға дейін ұстаздар қауымында осындай онлайн байқауларға қатысу жаппай белең алды. Себебі, білім беру ұйымына арнайы хат келсе, біз шектеу қоя алмаймыз. Мұғалімнің де, оқушының да, ата-ананың да ақылы конкурсқа қатысуына тыйым салынбады. Сайып келгенде, мұғалім –сарапшы, мұғалім-модератор, зерттеуші дәрежелерін алуға құжат тапсырғандардың басым көпшілігінің портфолиосында Қазақстан Республикасының Білім беру министрлігінің №234 бұйрығына сәйкес тізімде жоқ байқаулардың дипломдары мен алғыс хаттары, құрмет грамоталары көптеп кездесті. Ал, 2019 жылдан бастап мұндай құжаттар автоматты түрде жетістіктер қатарынан алынып қалды. Себебі, лицензиясы бар ұйымдар берсе де, ол қағаздың заңды күші жоқ екенін түсінген жөн. Мұғалімнің ең үлкен жетістігі ол өзінен асқан-шәкірт дайындауы. Сол шәкірті шынайы байқауға барып, орын алып, өз білімін дәлелдесе, одан артық мадақ-мақтау қажет емес деп ойлаймын, -деп өз ойын ашық білдірді.
1000 адам тапса, 5% төлейді екен
Ал осындай онлайн хаттармен тікелей жұмыс жасайтын аудандық әдістемелік кабинеттің меңгерушісі Венера Қабышеваның айтуынша:
- Қазір адамдар ақылы дегенге әбден үйренген. Себебі, ақылы конкурстан бөлек, ақылы курстар да көбейіп кетті. Оған да жазылып, тәжірибе жинаймын деген жас мұғалімдер болады. Артықшылығы сол, онлайн емес. Жалпы біздің электрондық поштамызға осындай жарыстар туралы ұсыныс хаттар көптеп келеді. Олардың басым көпшілігін ақылы болғандықтан ашып қарамаймыз да. Хат жіберуден бөлек, жеке өзіме телефон соғып пәленше конкурсқа 1000 адам жинап берсеңіз, 5% төлейміз дегендер де кездесті. Иә, осыдан соң әлдеқандай ұйымдардың адал жұмыс жасап отырғанына қалай сенуге болады. Жалпы, ақша табуды көздеген жерден атақ-абырой сұраудың өзі үлкен қателік емес пе? Байқауды бизнеске айналдырғандар енді ұлы Абайдың 175 жылдығын желеу етіп, онлайн конкурстар да жариялап жатыр. Әрине, ақысын төлесеңіз, сіз де қатысушы бола аласыз. Бір кездері мектепшілік, аудандық, облыстық, республикалық дәрежеде ұйымдастырылатын Абай оқулары енді онлайн түрде өтпекші екен. Ақынның 70-80 өлеңін, қара сөздерін жатқа айтып, өз шығармашылығын арнайтын жас өрендер, бұл байқауға 1 өлеңді жатқа оқыса жетіп жатыр. Есесіне оқушы да, оқытушы да құр алақан қалмайды, марапаты болады. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі жуырда Ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар жоспарын жариялап, нақты тапсырмалар берді емес пе? Бұл атаулы даталардың атап өтілуіне мемлекеттен қыруар қаржы бөлініп жатыр. Ал ендеше, жарна төлетіп, байқау жариялағыштар қайдан шығуда?
Ақша жинауға тыйым салынды
О.Шонаев атындағы орта мектеп директоры Жанаргүл Ғалымжанқызының ойынша:
- Онлайн конкурстар, ақылысы да, тегіні де бала мен мұғалімге берері жоқ бос дүние. Мұндай байқаулар білім сапасын, бағаланып берілетін марапаттың салмағын төмендетіп жіберді. Саны көп, сапасы жоқ жарыстардың әсерінен оқушы шын доданың не екенін түсінбей барады. Бұрын Абайдың 70-80 өлеңін жатқа айтқан балада қазір тіпті ынта да жоқ. Ал, саны бар сапасы жоқ, қаржылық мақсатты көздеген конкурстардың ресми де, бейресми де түрлерін біз таратпаймыз. Өйткені, өткен жылы министрліктен келген бұйрық хат бойынша білім беру орындарында оқушыдан ақша жинауға тыйым салынды. Онсызда ТЖБ, БЖБ орындап, сабақтан бас көтермей жүрген оқушыны пайдасы жоқ байқауларға қатыстыру қисынсыз.
Шын өнердің бағасын арзандатып жіберді
Өнер саласында да байқау біткеннің бәрі ақылы болып кетті деп дабыл қағып жүргендердің бірі З.Ещанова атындағы аудандық балалар өнер мектебінің басшысы Эльмира Еспусинова:
-Кәсіби музыкант ретінде мен де ақылы байқауларға, конкурстар мен фестивальдерге қарсымын. Себебі, олар шын өнердің бағасын арзандатып жіберді. Өнер мектебінің оқушылары жай оқушылар емес, шығармашылықпен айналысатын, дарынды оқушылар. Ал шынайы дарындылар жүлде үшін жарыспайды. Олар белгілі бір дәрежеде тәжірибе жинауды, кәсіби деңгейін көтеруді бірінші кезекке қоюы керек. Мәселен, домбыраны жаңа үйреніп жүрген 1 сынып оқушысын республикалық деңгейдегі ақылы бір конкурсқа қатыстырып жүлде алып келсек, күлкілі емес пе? Одан кейін ол оқушының өнерге деген құрметі қала ма? Қазіргі таңда ата-аналар тарапынан осындай байқаулардың шығынын төлеуге үлкен қызығушылық туындап отыр. Әрине, өз балаңызды үлкен сахнадан көру бір ғанибет. Алайда, әр баланың өнердегі өз баспалдағы болады. Содан өтіп, өз еңбегімен сол биікті бағындырса, екі есе қуаныш деп ойлаймын, -деп үзілді-кесілді қарсылығын білдірді.
Оқушының ынтасын оятады
Үш жылдың ішінде оқушыларымды 30-дан астам онлайн конкурстарға қатыстырдым деген «Қызыл үй» орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Ұлболсын Әділдің ойынша бұндай байқаулар бізге керек:
- Қазіргі таңда интеллектуалдық онлайн конкурстар бастауыш сынып оқушыларының қызығушылығын оятуда. Ата-аналармен де ақылдасып, жарнасын төлеп жиі қатысып тұрамыз. Сұрақтары мен тапсырмалары да жаңартылып отырады. Жалпы осы уақыт ішінде 30-дан астам байқауға өзім қатысып, марапат алсам, 10-ға жуығына оқушыларымды қатыстырып, оларға да түрлі алғыс хаттар мен дипломдар келген болатын. Алайда біз, құны 600-1000 теңгеден аспайтын конкурстарға ғана қатысамыз. Одан қымбат болса, бірден бас тартамыз. Егер байқау баланың ынтасын оятып, бір нәрсе үйрете алса, қатыстырған жөн деп санаймын,- дейді жас маман.
Түйін:
Иә, пікірлер сан алуан. Шын жүйрік бәйгеде сыналады демей ме? Бірақ, бәйгенің жүлдесі емес жарнасы пайда болған уақытта шын жүйректер анықтала ма? Құмар ойыны секілді қаптап кеткен бұл онлайн конкурстарға қашан тыйым салынады? Оқушы мен мұғалімді қызықтыратын сол байқауды мектепішілік, аудандық, облыстық, республикалық деңгейде неге ұйымдастырмасқа? Оқушыларға арналған интеллектуалдық ойындар, дебаттар, эсселер мен шығармалар жарысы, өнер фестивальдерін қайтадан жандандыруға не кедергі? Оқушыға да, оны даярлаған ұстазға да жүлделі орынның маңдай термен, еңбекпен келетінін сезіндіретін шынайы байқаулар жиі ұйымдастырылса, баланы ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүруге тәрбиелейтін сапасыз байқаулардың да саны азаяр ма еді? Сіз қалай ойлайсыз, оқырман!
Айнұр САТАЕВА
Сурет:дереккөз