Алақаны аялы жандар

Елімізде қыркүйек айының соңғы жексенбісі еңбек күні ретінде тойланады. Бұл мерекенің мақсаты еңбек адамының беделін арттыру, жастарды еңбекке ынталандыру, түрлі мамандық иелерін насихаттау болып табылады. Жаратқан Алланың берген сұлу табиғатымен тәнті қылып, асыл арманымды аялап, бала қиялымды сан-саққа жүгірткен туған ауылым - Сарайшықта мен үшін аса қасиетті бір мекен бар. Ол – «Бүлдіршін» бөбекжай бақшасы. Осы мереке қарсаңында мен де өз ұжымымдағы еңбек адамдары туралы сыр шерткенді жөн көрдім.

 Бүгінде осы балабақшада ұстаздық етіп жүрген менің өзім де бір кезде осында тәрбиеленіп едім. Ол кешегі өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының ортан белі мен аяқ кезі еді. 1981 жылы мектепке барғанша осы бақшада тамаша тәрбиеші, күтуші апайлардың өнегесін, мейірімі мен махаббатын көрдік. Кейін зейнетке шыққан сол апайлардың кейбірі бүгін өмірде жоқ, ал бірқатары арамызда жүр. Тәжірибелі апайлардың ішінде маған тікелей басшылық еткен Гүлнара Жолдасқызы.  Кезіндегі Гурьев педагогика институтының (қазіргі Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті) мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру факультетін бітіргеннен бастап, күні бүгінге дейін балабақшада жемісті еңбек етуде.  Еңбектегі алғашқы ұстазым болған Дәметкен апай еді. Өзім Атырау университетінің филология факультетін бітіріп, осы балабақшаға жұмысқа келгенімде Дәметкен апайдан көп нәрсе үйреніп, бай тәжірибе жинақтадым. Жас мамандарға үлгі болған, әрі балаларға деген мейрімі мол жайсаң жандардың бірі, бүгінде «Бүлдіршін» балабақшасынан зейнет демалысына шыққан Шариза Досмағұлова,Нұрлықыз Құспанғалиева, Роза Құрманғалиева, Салия Тохабаева  апайларымыздың да біздер үшін орындары бөлек.

Қайсы апайларымыздың да балабақша үшін сіңірген еңбектері шексіз. Олар қашан да ыстық ықылысқа, зор құрметке ие. Біз олармен байланысымызды үзген жоқпыз. Олармен мақтанамыз. Әркез амандықтарын біліп, керек болса, ақыл-кеңестерін де сұрап отырамыз. Олар да өздерінің ащы тері сіңген қасиетті мекендері үшін қолдан келгендерін аямайды.

Осылай өмір жалғасып, ұрпақ алмасуда. Ардагер апайлардың орнына жалындаған жүректі жас буындар келді. Бұл өмір заңы. Өмірін педагогтық қызметпен байланыстырған АйнұрТалғатқызы 2005 жылдан бастап күні бүгінге дейін алтын бесік ауылы - Сарайшық селосындағы  "Бүлдіршін" бөбекжай бақшасында жұмыс істеп келеді. Балаға деген шексіз махаббаты мен мейірімі және білімі мен еңбекқорлығы арқасында талай бүлдіршінді тәрбиелеуге мол үлес қосуда. Ол бала жанын түсінетін білікті, зерделі, кеудесі сәулелі сезімдерге толы тәрбиешілердің бірі. «Бүлдіршін» бөбекжай бақшасының әдіскері Жанаргүл Ақылбекқызы да өз қызметінде халықтық педагогика негіздерін, қазақ әдебиетінің балалар ұғымына лайық туындыларын, ұлттық ойындарды пайдалана отырып, жас өркендердің ана тілінің уызына қанып, ұлттық тәрбие алуына жұмыстанып келеді. Бүгінгі балабақша тәрбиешілеріне қойылып отырған талап үлкен. Олар таза педагогтік қызметпен айналысады. Шығармашылықпен жұмыс жасайды. Әр күндері ізденіске толы. Жанаргүл Ақылбекқызы тәрбиешілерге бағыт –бағдар беріп, жаңа бағдарламалармен жұмыс жасауды үйрете білетін білікті маман. Жас маман жаңа заман талабына сай жұмыс жасайды «Бүлдіршін» бөбекжай бақшасында ізденімпаз,шығармашылық қабілеттері мол, шебер жас мамандар қатары өсіп келеді. Солардың бірі -Гүлмира Манасова, Шынар Сайпенова, Ақтолқын Тапекова, Гаухар Утегалиева, Айзада Мырзағалиева, Анар Маразбаева, Өміргүл Қозбағарова, Әсемгүл Хайруллина, Нұрсұлу Исмайлова. Әрбір үйдің еркелерін аялы алақандарында тербетіп отырған тәрбиешілердің еңбегі шексіз.

Бүгінде балабақшамызды басқарып отырған жоғары білімді кәсіби маман, тәжірибелі педагог Жанаргүл Бағытқызы  да біз үшін әркез үлгілі басшы. Ол кісі ардагер апаларымыздың өнегесін ылғи еске салып, содан үлгі алуымызды ескертіп отырады.

Ал біз ардақты ардагер ұстаздарды әркез қадір тұтамыз. Дендеріңіз сау болып, отбасы бақытын көріп, ұзақ та бақытты ғұмыр кешіңіздер дейміз.

 

#EnbekEri 

Қалиса Наурызалиева,

«Бүлдіршін» бөбекжай бақшасы,

Сарайшық селосы

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT