Жеңілөнеркәсіптің жүгі неге ауыр?

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың халықтың әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған негізгі он бағытының бірінші, төртінші тармақтарында «Халықтың табысын арттыру. Жаңа жұмыс орындарын ашу және халықты лайықты жалақымен қамту. Мемлекеттік бюджеттің қаражатын, ең алдымен келешегі зор мақсаттарға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бөлу қажет» деп нақты көрсетілген.

Осы орайда көптен бері мемлекеттің үлкен қолдауын күтіп жүрген салалардың бірі - аты жеңіл болғанымен, жүгі ауыр жеңіл өнеркәсіп саласын біз өз бетімізше зерттеп көрдік. жеңілөнеркәсіптің негізі ол-мата, тоқыма өндірісі, яғни тігін шеберханалары. Біздің ауданымызда бұл салада көш бойы ілгерілеушілік бар. Өйткені, Махамбет ауданы бойынша қазіргі таңда ресми түрде, жеке кәсіпкер ретінде жұмыс жасап отырған 15 тігін шеберханасы бар. Одан бөлек, үйдегі шағын шеберханасын пайдаланып, кәсібінен нәсіп көріп отырғандар да аз емес. Тігінші көп, демек халықтан сұраныс бар. Бұрын бір шалбардың балағы үшін қалаға шабатын болсақ, қазір қыз жасауының өзін алысқа аспай ауылдан тапсырыс береміз. Солардың бірі күні кеше ашылған «Ботагөз» тігін шеберханасы.

tigin2

«Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша мемлекеттен қайтарымсыз грант ұтып алған жеке кәсіпкер София Мұхамбетова мұнда тек тапсырыс қабылдап қоймай, қыркүйек айынан бастап мүмкіндігі шектеулі, көпбалалы, әлеуметтік жағдайы төмен және 10-11 сынып оқуышларына тегін сабақ өткізіп, тігіншіліктің қыр-сырын үйретуді жоспарлап отыр. Қазіргі таңда 3 адамды жұмыспен қамтыған шеберханада қызу жұмыс жүріп жатыр. Негізінен төсек жабдықтарын тігетін олар, көрпе-жастық, қыз жасауын даярлауды да қолға алмақшы. «Бір күнде 6-7 тапсырыс түсіп жатса да, уақытылы дайындап беруге тырысамыз»-, дейді өз ісіне ұқыпты тігінші Амангүл Жұмағұлова. Жеке адамдардан бөлек, енді мектеп, балабақша сынды мекемелерден де көп мөлшердегі тапсырыс алып жатырғанын да үлкен мақтанышпен айтты.

Өзі сұлбасын сызып, өзі дизайнын ойлап тауып, өзі пішіп, өзі тігетін әмбебап-тігінші Гаухар Сұлтанмұратты аудан тұрғындары жақсы таниды. Сонау 2002 жылы ТАРГУ-дың түлегі болып келген жас қыз, өзі сүйіп таңдаған кәсібімен еңбек етуді ерте бастап кетеді.

tigin1

2011 жылы «Диана» тігін шеберханасын ашып, жеке кәсіпкер ретінде тіркелген. 17 жылдан бері осы саланың шебері болған Гаухар тігіншіліктен бөлек, оқытушылықпен де айналысады. Мектеп оқушыларына тегін, ал студенттер мен жастарға ақылы түрде өткізетін 45 күндік мастер класстан соң арнайы сертификат та береді. Өз мамандығын құрметтейтін, әрі жақсы көретін Гаухардың қазір тұрақты тұтынушылары жетерлік, керегі көмекші болып отыр. Өзі сияқты осы жұмысқа жан-тәнімен беріліп жасайтын адам болса, оқытып үйретіп алуға да қарсы емес. Аудандық жұмыспен қамту орталығына бірнеше рет сұраныс тастағанымен, қызығушылық білдіріп келгендер болмады деп налиды.

Тігін тігу, ою салып, құрақ құрау, киіз басу негізінен көшпелі халқымыздың ежелден келе жатырған салт-дәстүрі. Қазақтың қанына сіңіп, сүтімен дарыған бұл өнерді шетелдіктер патенттеп, ұлы даладан қанша ұрлап кетіп жатса да, атадан-балаға мұра болып қала береді. Соның бір айқын дәлелі ауданымызға белгілі бірлігі жарасқан Қабдікәрімовтер отбасы. 11 жасынан қолына ине ұстап, тігін тіккен әулеттің от анасы Райхан апай бұл өнердің қыр-сырын ұл-қызына, келіндеріне, тіпті немерелеріне де үйретіп қойған.

tigin

Көпшілік іздеп барып, әдемі көйлектерге тапсырыс беретін «Назерке» тігін шеберханасы сол отбасылық жұмыстың жемісі. «Бірі жүн түтіп, жуып жатса, бірі іс тігіп, енді бірі ою ойып, талай қыздың бетке ұстар жасауын дайындап бергенбіз»- дейді Райхан апайдың өзі.Қазір балалар өз кәсіптерімен кетсе де келіні Алтын жолын жалғастырып, шеберхана жұмысын жалғыз өзі дөңгелетіп отыр. Бұл кісі де іс тігуді үйренгім келеді деген жұмыссыз жүрген қыз-келіншектерді баулып, қасына көмекші алғысы келетінін айтып қалды.

Дамуға басты кедергі... Біріншіден, еліміздегі, тіпті өңіріміздегі жеңілөнеркәсіптің басты кедергісі ешқандай тексеруден, сертификациядан өтпей импортталып жатқан шетелдік өнімдер. Бұл біздің, ұрпағымыздың денсаулығына қауіпті, алайда бағасы арзан, сапасы төмен тауарлар. Бір ғана аяқ киім өндірісі сұраныстың 2,5 % ғана орындаса, 90% импорт. Екіншіден, бұл саланың дамуына жұмыс күші аз, ал жұмысшы алуға кәсіпкердің қалтасы көтермейді көп жағдайда. Өйткен, мемлекет тарапынан жеңілдік жоқ, коммуналдық төлемдері тым қымбат, шеберханаларды басым бөлігі жалға алып отыр.

Жеңілөнеркәсіп мамандарына орын мәселесін шешіп берем деп біраз уақыттан бері шапқылап жүрген аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Ж. Пазулов: «Қыркүйек айында «Нарын» орталық базарына күрделі жөндеу басталып, алдағы уақытта жеке кәсіпкерлерге 3 жылға дейін жалдау ақысын арзандатып, бір жерге шоғырландырам»,-деп уәде беріп отыр. Тұрғындардың сұранысына ие, тіпті тапшы болып отырған аяқ киім жөндеу шеберлерін де болашақта осы орталықтан таба аласыздар. Жалпы ауданда тамақ өнеркәсібі, наубайхана т.б салаларда жұмысы тұралап қалған кәсәіпкерлер көп. Барлығы да жұмыс күшінің жетпеуін, қаржының жоқтығын алға тартып отыр. Ендеше, осындай жеңілөнеркәсіп салаларына мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, жағдай жасалса мүмкін жұмыссыздықпен күресу әлдеқайда жеңілірек болар ма еді?

А.САТАЕВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521