ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫС : БАЛА АМАНДЫҒЫ - БАСТЫ НАЗАРДА

Жаз – балалар үшін ең керемет мезгіл. Демалыс, ойын, серуен, шомылу — бәрі де балалық шақтың ең жарқын естеліктеріне айналады. Алайда дәл осы кезеңде қауіп-қатер де күшейе түсетіні белгілі. Ашық су айдындары, көлік жолдары, ыстық күн, жалғыз серуендеу сынды факторлар – бала өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндіруі мүмкін.

Осы орайда, бала қауіпсіздігі – тек балабақша мен мектептің ғана емес, ең алдымен ата-ананың басты назарында болуы керек. Өкінішке қарай, жазғы мезгілде орын алатын төтенше жағдайлардың көбі — ересектердің салғырттығынан, бейқамдықтан туындайды.

Бала – айналып келгенде қоғамның ең қорғансыз мүшесі. Оны қауіптен сақтайтын — тек үлкендердің қырағылығы мен қамқорлығы. Сондықтан ата-аналарға төмендегідей маңызды кеңестерді естен шығармаған жөн:

- Баланы бақылаусыз қалдырмаңыз. Қайда жүргенін, не істеп жатқанын жиі сұрап отырыңыз.

- Суға барғанда міндетті түрде ересек адам бірге болсын. Қалқыма кеудешелер мен арнайы шомылу орындарын таңдаңыз.

- Жолда жүру ережесін балаңызға үйретіңіз. Әсіресе велосипед, самокат сияқты көлік құралдарын пайдаланатын балалар үшін бұл өте маңызды.

- Бейтаныс адамдармен сөйлеспеуді ескертіңіз.

- Қауіпсіздік нөмірлерін (101, 102, 103) жаттатқызыңыз.


Жаз – тек қуаныш емес, сонымен қатар жауапкершілік кезеңі. Ата-ана баласының жаны мен тәніне жауапты екенін ұмытпауы тиіс.

Бір сәттік абайсыздық – орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін. Сондықтан әр баланың жазғы демалысы қауіпсіз әрі қуанышты болуы үшін барлық қажетті шаралар дер кезінде жасалуы қажет.

Қауіпсіз жаз – саналы ата-анадан басталады!

 

Махамбет аудандық полиция бөлімінің

Жергілікті полиция қызмет бөлімшесінің

кәмелеттік жасқа толмағандар істері жөніндегі

аға учаскелік полиция инспекторы

полиция майоры Елешова Ақбөбек

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT