Жат жерде жерленген жауынгер

Жәниба Қарасаеваның ағасы Қалентай Қарасаев 1925 жылы дүниеге келіп, 16 жасында соғысқа аттанған. 1945 жылы 2 сәуірде Польшаның Данцинг қаласында опат болып, сол жерде «Бауырластар моласына» жерленген.

Ұлы Отан соғысы кезінде қаза болған және із-түссіз жоғалып кеткен қазақстандық сарбаздарды іздестіружұмыстары нәтижесінде ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Жәниба Қарасаеваның ағасы Қалентай Қарасаевтың жерленген жері табылды.

Сүйінші хабарды жеткізген – «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігі. Аталмыш ұйымның көздегені – Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жоғалғандарды табу ғана емес, үзіліп қалған ұрпақаралық сабақтастықты жалғау, тарихты түгендеу.

Дүниежүзілік соғыс, Кеңес кезіндегі қуғындаулар – бәрі де ұлтымыз тағдырында аса ауыр із қалдырды. Соғыста бірі тұтқынға түсіп, бірі майданда құрбан боп, қаншама адам ізтүссіз кетті. Артында өлі-тірісін білмей қаншама туысы, баласы, анасы немесе інісі қалды. Кеңес заманында шет елдермен хабарласу, ол жақтан соғыс құрбандары мен тұтқынға түскендер туралы дерек іздеу қиын болғаны анық. Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана қолға алынған бұл жұмыстар әлі де болса, өз деңгейінде өрістеп кете алған жоқ. 2019 жылы құрылған «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігі осы істерді жүйелі жүзеге асыруға атсалысып келеді.

- Біздің бірлестік 1941-45 жылдары соғыста хабар-ошарсыз кеткен аталарымызды іздестіріп, солар жөнінде мәліметтерді тауып, кейінгі ұрпақтарына табыстуды қолға алған-ды. Сонымен қатар жерленген жерлерге барып, тағзым ету шараларын өткізуге немесе жат жерде қалған сүйекті елге қайтару жұмыстарымен айналысып жатырмыз. Атырау облысындағы еріктілер бүгін Қарасаев Қалентайдың туған жеріне келіп, қарындасы Жәниба апаймен таныстық. Жәниба апайға барлық тапқан мәліметтерді табыстадық. Қазіргі таңда біздерге еріктілер керек. Әр ауданда еріктілер шығып, соғыста жоғалған адамдардың туған-туыстарын іздесе, жақсы болар еді,-дейді «Атамның аманаты» ҚБ Атырау облысы бойынша еріктілердің координаторы Назгүл Орынғалиқызы.

Жәниба Қарасаеваның ағасы Қалентай Қарасаев 1925 жылы дүниеге келіп, 16 жасында соғысқа аттанған. 1945 жылы 2 сәуірде Польшаның Данцинг қаласында опат болып, сол жерде «Бауырластар моласына» жерленген. Ресейлік іздеушілермен бірге жасалған халықаралық деңгейдегі іздеу жұмыстарының арқасында соғыста хабарсыз кеткен атыраулық жауынгер жайында ақпараттар табылып, мұрағаттан табылған құжаттары қарындасы Жәниба Қарасайқызына табысталды. Қалентай Қарасаевтың бауырлары аталарының моласын көріп, туған жерінің бір уыс топырағын апаруды армандайды.

- Бүгін өлгеніміз тіріліп, қуанышты болып жатырмыз. Өйткені 75 жыл бойы қайда екенін, қай топырақтың астында, қай жерде қалғанын білмей келген Қалентай Қарасаев ағамыздың жатқан жері туралы деректі «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігінің еріктілері алып келіп, біздерді қуантты. Анамыз өмір бойы жылаумен өтіп еді. Екі бірдей ағамыз хабар-ошарсыз кеткен болатын. 16 жасында соғысқа кеткен Қалентай ағамыздың жатқан жері табылды. «Ең болмағанда, асын да дұрыстап бере алмадым. Не өлгенін, не өлмегенін біле алмадым?» деп уайыммен өмірін өткізген анамыз 65 жасында дүниеден озды. Шүкір, Қарасайдың ұрпақтары, немере-шөберелері бар. Әлемді жайлаған індет тыйылып, кеңшілік уақыт орнағаннан кейін аталарының басына барып, бір уыс топырағын салып келер. Елімізде тек бейбітшілік болсын. Енді ешқашан соғыстың аты естілмесін, - дейді жат жерден табылған жауынгердің қарындасы Жәниба Қарасаева.

«Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігі Ресей, Украинадан және өзге де мемлекеттердегі отандастарымыздың сүйектерін атамекеніне қайтарып жеткізуге, жерленген жерлерін іздестірумен күнделікті айналысуда.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

Сурет автордікі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT