Жастар «Bas Qosu Camp»-та бас қосты

12 тамыз – Халықаралық жастар күніне орай аудан әкімінің қолдауымен, аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен ерекше форматтағы «Bas Qosu Camp» жазғы лагері ұйымдастырылды.

«Wooden house» демалыс орнында өткен бұл шара аудан жастарының басын қосып, жаңа идеялармен бөлісуіне, ой-пікір алмасуына және шығармашылық қабілеттерін шыңдауына мүмкіндік берді.

Лагерь барысында қатысушыларға түрлі тимбилдинг ойындары, спорттық жарыстар, атпен серуен­деу, тренингтер, пікірталас алаңдары ұйымдастырылып, жастардың белсенділігін арттыруға бағытталған мазмұнды бағдарламалар ұсынылды.

Ашылу рәсімінде аудандық Жастар ресурстық орталығының басшысы Ақжол Қонысбаев құттықтау сөз сөйлеп, жастарға сәттілік тіледі:

– Құрметті ауданның белсенді жастары! Жастар күніне орай ұйымдастырылған ерекше форматтағы жазғы лагерьге қош келдіңіздер! Бұл басқосу – сіздер үшін жаңа достар тауып, шабыт­ты идеяларды жүзеге асыруға та­маша мүмкіндік. Лагерь барысын­да әрқайсыңыздың көшбасшылық қабілеттеріңіз ашылып, шығармашылық әлеуеттеріңіз арта түседі деп ойлаймын.Әр сәтті бағалап, белсенділік танытып, көтеріңкі көңіл-күймен қатысыңыздар, - деді өз сөзінде.

Құттықтаудан кейін күн тәртібі таныстырылып, жастарға арналған түрлі ойындар басталды. Алдымен «Циферблат» атты сергіту және танысу ойыны өткізілді. Бұл ойын қатысушылардың бір-бірімен тез араласуына, жақынырақ танысу­ына сеп болды. Одан әрі жұптық жұмыстар ұйымдастырылып, әр жас өзін қысқаша таныстырып, ой- пікірлерімен бөлісті. Қатысушылар ортаға тез бейімделіп, жаңа достар тауып, белсенділік танытты.

Жастардың көңілін көтерген ойындардың бірі – «Эволюция» болды. Бұл ойын көңілді сәттерге толы болып, қатысушылардың бәрін күлкіге қарық қылды.

Түскі уақытта жастар бір дастархан басына жиналды. Әртүрлі тақырыпта әңгіме өрбіп, өз ойларымен бөлісті. Еркін қарым-қатынас орнап, ортақ пікірлер айтылып, әндерін де шырқады.

Түстен кейін лагерь қатысушыла- рына арнайы дайындалған қызықты бағдарламалар жалғасын тапты. Жастар «Апат ойыны», «Орнын ауыстыратындар» сияқты сергіту жаттығуларына қатысып, ерекше әсер алды. Әсіресе, командалық тап­сырмалар жастардың бір-біріне сенім артып, бірлесіп жұмыс жасауына, ұйымшылдық пен ынтымақтастықты нығайтуына жол ашты.

Бағдарламаның ең тартымды бөлігі – бейнеролик жасау сайысы бол­ды. Қатысушылар 3 топқа бөлініп, шара барысын өз көзқарастарымен креативті түрде бейнелеп, шағын ви­део түсіру тапсырмасын орындады.

Нәтижесінде ұйымдастырушылар шешімімен үздік шыққан үш коман­да анықталып, І орын – «Әлем», ІІ орын «Космос» және ІІІ орын «Suns chine» командалары арнайы сыйлықтармен марапатталды. Бұл жүлделер жастардың шабытын арт­тырып, белсенділіктерін еселей түсті.

Осы орайда біз жастардан лагерь­ден алған әсерлері жайлы сұрап білдік.

Жолдас Жанерке:

– Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған бұл лагерь мен үшін ерекше есте қалды. Жаңа адамдар­мен танысып, бірден ортақ әңгіме тауып кеттік. Кештің атмосфе­расы өте жылы әрі еркін болды. Ұйымдастырылған ойындар мен бағдарламалар көңілді көтеріп, шын мәнінде жақсы әсер сыйлады. Осын­дай сәттер адамға шабыт береді екен. Уақыттың қалай өткенін де байқамай қалдық.

Жақсылық Қарақат:

– «Bas Qosu Camp» лагері өте жоғары деңгейде өтті. Бұл шараның басты ерекшелігі өте креативті түрде ұйымдастырылған және басқа шараларға ұқсамайтын жері – бұл шара ашық аспан астында, кере­мет демалыс орнында, табиғат ая­сында, қатысушыларға тек жаңа таныстық пен ұмытылмас эмоция­лар ғана емес, жайлылық та сыйлады. Жаңа таныстық, жаңа орта тау­ып, әрбіріміз жаңаша эмоцияларға ие болдық. Бизнес – тренер Бағлан мырзаның ойындары, жүргізуі жаңа форматта болды. Бір-бірімізді жақыннан әрі тереңірек тану үшін командалық ойындар ойнап, бойы­мызды сергіттік.

Жазғы лагерьде жастарға арналған тренингтің жүргізілуі ерекше маңызға ие болды. Тренинг спикері ретінде Атыраудан бизнес – тре­нер Бағлан Қалдарбеков арнайы шақырылды. Ол өз тәжірибесіне сүйене отырып, жас қатысушылар- дың белсенділігін арттыру мақсатында түрлі психологиялық ой­ындар мен интерактивті тапсырма­лар ұсынды.

Г.СӘДУАҚАСОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT