Бейбарыс ауылы «Жасдәурен» мәдениет үйінде «Жаса, жастық!» атты Махамбет ауданы жастарының IV фестиваль-байқауы өтті.
Оған ауданның 10 округінен жас таланттар қатысып, «Таныстыру», «Астанаға - 20 жыл», «Заман - жастар көзімен», «Аспапта ойнау», «Интеллектуалды сұрақ-жауап», «Патриоттық әндер орындау», «Кір тасын көтеру», «Заманауи топтық би» номинациялары бойынша бақ сынасты. «Таныстыру» кезеңінде ауыл жастарының тыныс-тіршілігін баяндайтын 3 минуттық бейне сюжет көрсетілді. Ал, «Астанаға 20 жыл» кезеңінде бас қаламызға арналған көркем сөздер оқылды. «Заман жастар көзімен» бөлімінде берілген тақырыптар бойынша ұзақтығы 5 минут болатын көріністер қойылды. Ақжайық ауылдық округі «Пара берме, пана бол» тақырыбында жалғыз ұлын әскерден алып қалу үшін пара берген шенеунікті суреттеді. Көрініс соңында, шенеунік өз қатесін түсініп, баласын азаматтық борышын өтеуге жібереді. "Дипломмен ауылға" атты Алға ауылдық округінің көрінісінде жалғыз басты ананың ұлы шетелде оқып, енді сол жаққа жұмыс жасағысы келетінін баяндалады. Көріністің мақсаты, өзге елдің сұлтаны болғанша, өз еліңде ұлтан болу керек екенін көрсетеді.
Есбол ауылдық округіннің «Астанаға 20 жыл» көрінісінде, арман қуып Астанаға оқуға түскен жас қыздың Астананың әсем де көрікті құрылысына таңданысын баяндайды. «Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ!» тақырыбымен әсерлі қойылым көрсеткен Жалғансай ауылдық округі дәрігерлердің пара алып, ақыр аяғы үлкен қасіретке тап болғанын сипаттайды. Бейбарыс ауылдық округі «Абайлаңыз, секта!» атты көрінісі арқылы адасқан, теріс діни ағымға түскен жас жігіттің түрмедегі өкінішін жеткізеді. Келесі аспапта ойнау бөлімінде, әр округтен шыққан жастар әр түрлі ұлттық аспаптарда ойнап қана қоймай, синтезаторды да өз нақышында ойнады. Интеллектуалды сұрақ – жауап бөлмінде әр топтың басшылары әр түрлі сұрақтарға жауап берді. Патриоттық әндер орындап және заманауи би билеген ұл-қыздар ерекше қошеметке ие болды. Кір тасын көтеру сайысында әр топтың мықтылары шығып, бақтарын сынады. Байқау нәтижесінде, III орынды Жалғансай ауылдық округі, II орынды Махамбет ауылдық округі, V фестивальді өткізу құқығына ие болған, жүлделі I орынды жеңіп алған, бәрінен оза шапқан, Бақсай ауылдық округі болып танылды. Фестивальге қатысушылар естелік сыйлықтармен марапатталды.
Бекболат СЕГІЗБАЕВ,
Махамбет аудандық Жастар ресурстық орталығының іс-шара үйлестіруші маманы.