Бұған дейін Махамбет ауданына қарасты Еңбекшіл ауылы тұсындағы Жайық өзенінің Қызылжар өзегіне қатысты әлеуметтік желілерде видео тараған болатын.
Махамбет ауданы әкімдігі қырылып жатқан балықтарға қатысты түсінік берді. «Оқиға орнына Махамбет ауданы әкімі Р.Джанглишов пен «Жайық – Каспий» облысаралық балық шаруашылығы мекемесі басшысының міндетін атқарушы Н.Гайсин, сала мамандары барды. Қазіргі таңда аталған Қызылжар өзегінде қайырлап қалған өлі шабақ балықтары мамандар қатысуымен залалсыздандырылды. Тірілерін құтқару жұмыстары жүргізілуде. Құтқару жұмыстарына мамандар, еріктілер және табиғат қорғаушылар жұмылдырылған» делінген ресми хабарламада.
Сонымен қатар бүгін, ағымдағы жылдың 29 сәуірінде санитарлық талаптарды сақтай отырып, аудан әкімі Р.Джанглишовтың төрағалығымен осы аталған мәселеге байланысты арнайы жиын өтті. Жиынға аудандық прокуратура, балық қорғау, жергілікті полиция, орман, ауылшаруашылығы мекемелері, сала мамандары мен ауылдық округтер әкімдері де қатысты.
Жиын барысында осы мәселеге қатысты мамандар пікірлері тыңдалып, кеңесілді. Аудан әкімі Р.Джанглишов тиісті мекемелер басшылары мен округтер әкімдеріне Жайық өзені бойындағы көлшіктер мен өзектер арналарын тазалауға, балықтарды құтқару, олардың өлуіне жол бермеу бағытында бірқатар тапсырмалар берді.
Сондай-ақ балық қорғауға қатысты рейд айлығы мерзімі аяқталғаннан кейін Жайық өзені бойына спорттық әуесқой балық аулауға қатысты шаралар ұйымдастыруды қолға алу қажеттілігі де аталды.
«Жайық-Ақпарат»