МАХАМБЕТ АУДАНЫНДА ЖАЙЫҚ ӨЗЕНІНІҢ БАЛЫҚ ШАБАҚТАРЫН ҚҰТҚАРУ МАҚСАТЫНДА АУҚЫМДЫ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АКЦИЯ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ. БҰЛ ШАРАНЫҢ БАСТЫ МАҚСАТЫ – ТАБИҒАТТЫҢ НӘЗІК БІР БӨЛШЕГІ БОЛЫП ТАБЫЛАТЫН СУ ЖӘНДІКТЕРІН САҚТАП ҚАЛУ, ӨЗЕННІҢ БИОЛОГИЯЛЫҚ АЛУАН ТҮРЛІЛІГІН ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ТЕПЕ-ТЕҢДІКТІ САҚТАУ.
Акция Атырау облыстық балық шаруашылығы басқармасы мен «Жайық-Каспий» облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мұрындық болуымен, «Теңіз жүрегі» еріктілер тобы және «Абылай-Хан» ЖШС қызметкерлерінің қатысуымен өтті. Сондай-ақ «ТеңізШевройл» компаниясы шараны тікелей қолдап, ұйымдастыруға үлес қосты.
Жалпы, құтқару жұмыстарына 70-ке жуық адам, 10 арнайы техника және балық шабақтарын сүзуге арналған 3 ау жұмылдырылды. Еріктілер мен мамандар өзен жағалауын қоқыстан тазартып қана қоймай, бөлініп қалған шағын су айдындарында қалған шабақтарды Жайыққа қайта жіберді.
Көктемде Жайық өзені арнасынан асып, көптеген жайылма сулар мен шағын көлшіктер пайда болды. Бұл жерлерде балықтар уылдырық шашып үлгерген. Алайда, су өз арнасына қайтқанда, кейбір су айдындары өзеннен бөлініп қалып, шабақтар тұйықта қамалып қалды. Егер дер кезінде шара қолданылмаса, мыңдаған жас балық қырылып, табиғи популяцияға үлкен зиян келер еді.
Міне, осындай жағдайдың алдын алу үшін ұйымдастырылған акция барысында 9 мыңға жуық уақ шабақ құтқарылып, Жайық өзеніне тірілей жіберілді. Мамандардың айтуынша, жыл басынан бері облыс көлемінде 10 миллионға жуық балық шабағына «екінші өмір» сыйланған. Атырау облысы әкімінің орынбасары Марат Мурзиев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында бұл игі іске атсалысқандарға ризашылығын білдірді:
– Балық шабақтарын құтқару жұмыстарына бейжай қарамай, бір кісідей жұмылып, уақытын да, қажыр-қайратын да аямай атсалысқан мекеме қызметкерлеріне және еріктілер тобына шынайы алғысымды айтамын. Сіздер тек балықты құтқарып қана қойған жоқсыздар, бірлік болса – береке болатынын, халықтық мақсаттың осылай орындалатынын көрсеттіңіздер, – деді ол.
Махамбет балық инспекциясы бас маман-инспекторы Тілекші Есмұханованың айтуынша, бұл жұмыстар тоқтаусыз жалғасады:
– Қазіргі уақытта ауданға қарасты балық тұншығу қаупі бар су айдындарында уақ балық шабақтарын құтқарып, ал ірілерін балық ау¬лау ережелеріне сай мелиоративтік жолмен аулау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл – балық қорының азаюына жол бермеу және су айдындарының экологиялық тепе-теңдігін сақтау үшін атқарылып жатқан іс, – деді маман.
Шара соңында «Теңіз жүрегі» жобасының жетекшісі Рысты Жексенбаева Махамбет балық инспекциясы ұжымына және белсенді ерікті азаматтарға алғыс хат пен бағалы сыйлықтарын табыстады. Мұндай акциялар табиғатты қорғап қана қоймай, қоғамда экологиялық жауапкершілік сезімін қалыптастырады. Әсіресе, жыл сайын дәстүрге айналып келе жатқан бұл шаралар Жайықтың су асты тіршілігін сақтауға үлкен үлес қосуда. Табиғатты аялау – баршамыздың борышымыз. Ал бір мақсат жолында жұмыла білгенде ғана Жайықтай ұлы өзеннің де, оның мыңдаған тіршілік иесінің де болашағын қорғап қала аламыз. Айта кетейік, «Теңіз жүрегі» жобасын «Теңізшевройл» ЖШС қолдауымен «Жүректен жүрекке» қоғамдық қоры 2023 жылдан бастап жүзеге асырып келеді. Осы уақыт ішінде жоба аясында халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау бойынша қайырымдылық акциялары, экологиялық акция, білім беру-кәсіптік бағдарлау бағдарламалары ұйымдастырылды және Атырау, Құлсары қалаларында «Speaking club» тегін ағылшын тілі клубтары жұмыс істейді. Сондай-ақ еріктілер ТЖ кезінде су тасқынынан қорғау үшін жағалауды нығайту іс-шараларына белсенді қатысты. Эко-акция аясында сенбілік ұйымдастырылып, қоқыс қалдықтары жиналды.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ