2019 жылдың 8 қаңтарынан бастап БЖЗҚ-да міндетті зейнетақы жарналарын есепке алу бойынша жеке зейнетақы шотын ашу үшін жеке тұлғаға өтінішті рәсімдеу үшін БЖЗҚ-ға, оның ішінде Қордың веб-сайты арқылы жүгінудің қажеті жоқ. Енді жеке тұлғаның зейнетақы шоты жоқ болса, алғашқы жарна келіп түскен кезде зейнетақы шоты Қордың ақпараттық жүйесінде автоматты түрде ашылады.
Бұл туралы Қазақстан Республикасының зейнетақы заңнамасына (ҚР 26.12.2018ж. №203-VI Заңы) тиісті өзгерістер енгізілді.
Бұл ретте жеке тұлға МЗЖ аудару кезінде төлем тапсырмасының электрондық форматында көрсетілген дербес деректер (тегі, аты, әкесінің аты, жеке сәйкестендіру нөмірі, туған күні) бойынша сәйкестендіріледі. Ал жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын құжаттың деректемелері бойынша қажетті мәліметтерді Қор мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алатын болады. Ескере кететін жәйт, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары мен ерікті зейнетақы жарналарын есепке алу бойынша ЖЗШ ашу тәртібі бұрынғыша өзгеріссіз қалады.
Айта кетелік, электрондық цифрлық қолтаңба бар болған жағдайда, ерікті зейнетақы жарналарын (өз пайдасына) есепке алу бойынша жеке зейнетақы шотын БЖЗҚ сайтында онлайн тәртібінде ашуға болады. Бұл салымшылар мен алушылар үшін өте ыңғайлы.
Ринат ҚАДЫРЖАНОВ,
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры аудандық филиалының басшысы.