Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясының ХVIII съезiнде айтқан әлеуметтiк бастамалары негізінде көпбалалы аналарға берiлетiн атаулы әлеуметтiк көмек 1 сәуiрден бастап берiле бастайды. Осы жәрдемақы кімдерге тиесілі? Бұл туралы аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтiк бағдарламалар және азаматтық хал-актілерін тіркеу бөлiмiнiң басшысы Алия Сейлова түсіндіреді.
-Алия Сәрсенбайқызы, 1 сәуірден бастап елімізде көпбалалы аналарға арналған әлеуметтік жәрдемақының мөлшері өсетіні белгілі. Осы жаңа жәрдемақы қалай есептеледі?
-Алдымен көпбалалы отбасының табысы есептеледi де, табысы төмен отбасыларға ғана төленедi. Табысы төмен отбасылар дегеніміз кедейшiлiк деңгейiнен төмен отбасылар болып есептеледі. Елiмiзде халықтың әлеуметтiк жағдайын анықтайтын екі көрсеткіш бар. Оның бірі — ең төменгi күнкөрiс деңгейі. Оның көлемі биыл адам басына 29 698 теңге болып белгiленген. Мұнан бөлек кедейлiк шегi дейтiн тағы бiр көрсеткiш бар. Ол қазiр жоғарыда айтылған ең төменгi күнкөрiс шегiнiң 50 пайызын құрайды. Яғни, биыл кедейлiк шегi адам басына шаққанда 14 849 теңге болып белгiленген. Елбасының тапсырмасымен кедейшiлiктiң деңгейi күнкөрiс шегiнiң 50 пайызынан 70 пайызға дейiн көтерiледi. Бұл 1 сәуірден бастап кедейлік шегі 20789 теңгені құрайды деген сөз. Отбасының әрбiр мүшесiне шаққанда осы межеден төмен тұрғандарға атаулы көмек берiледi. Демек, әлеуметтiк жағынан аз қамтылған көпбалалы отбасыларда әрбiр балаға 20 789 теңге жәрдемақы төленеді.
- Отбасының жиынтық табысы қалай есептеледі?
- Көпбалалы отбасылар үшін тағы бір жағымды жаңалық, ендігі жерде отбасының жиынтық табысын есептеген кезде көпбалалы отбасыларға, «Күмiс алқа», «Алтын алқа» иегерлерiне, мүгедек балаларға төленетiн жәрдемақылар мен шәкiртақы есепке алынбайды. Халықты әуре-сарсаңға салмас үшін сұралатын құжаттар саны да қысқартылады деп күтілуде. Құжат тапсырғысы келген адам аудандық жұмыспен қамту орталығы, әкiмшiлiктер, басқа да тиiстi мемлекеттiк органдар арқылы сауалдарына жауаптар алатын болады. Өңiрлердегi отбасылардың қажеттiлiгiн, тұрмысын анықтау үшiн әлеуметтiк карталар жасалды. Осылайша, әр отбасыға талдау жасалып, ең мұқтаждарына мемлекеттен көмек көрсетiледi.
- Аудан бойынша кедейшілік шегінен төмен қанша отбасы бар?
- 2019 жылдың 1 наурызына дейінгі есеп бойынша аудандағы 38 отбасының 219 адамы атаулы әлеуметтік көмек алып отыр. Оның ішінде шартты ақшалай көмек 28 отбасының 169 адамына, шартсыз әлеуметтік көмек 10 отбасының 50 адамына берілуде. 2019 жылы Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылардың ішінде көп балалы аналар саны – 26. -
Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан: Б.СҮЙЕУОВА.