Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары студенттері арасында жыл сайын өтетін дәстүрлі бәсеке төрт күнге созылып, мықтылар барын салды.
33 құзыреттілік бойынша сынға түскен студенттер кәсіби біліктілігін көрсетуге тырысты. Биыл чемпионаттың айрықша жаңашыл бастамасы саналған жаңалықтың бірі мүмкіндігі шектеулі жас өрендер де чемпионат аясында өткізілген «Абилимпикс» олимпиадасына қатысты. Бұл олимпиада есту қабілеті нашар студенттерге арналды. Мұны жарыс қатысушылары мен қонақтары да батыл қадам екендігін ерекше атап өтті. Бұл жолы сайысқа Атырау сервис колледжі студенттері қатысып, оларың жұмыстарын сарапшылар жоғары бағалады.
Жабылу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова қатысып, болашақ кәсіп иелеріне ақжарма тілегін арнады. Жарыстың өткізілуіне қаладағы колледждер де атсалысып, бірліктерін танытты. Облыстық білім басқармасының басшысы Сатқан Есенғалиев облыстағы жоғары оқу орындары мен ұйымдардың атына алғыс хаттар ұсынып, ризашылығын білдірді. Сайыс жеңімпаздарына жеке ұйымдар мен мекемелер сыйлықтарын ұсынып, толағай табыстар тіледі.