Ұ.ТӨЛЕГЕНОВ: «Болашақ ұрпақ егемендіктің қадірін білсе екен»

Ең бастысы егемен елімізді жан-жүрегімен сүйе білу керек

Біздер, яғни XX ғасырдың соңғы жылдарында өмірге келген ұрпақ тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиындықты, жоқшылықты, таршылықты тек үйдегі үлкендердің әңгімелерінен ғана естіп, біліп отырғанымыз жасырын емес.

Расында қалай еді? Бұл туралы сонау тоқсаныншы жылдары аудандық кеңестің аппарат басшылығында, аудан әкімі орынбасарлығында, кейін аудандық мәслихат хатшылығында абыройлы қызмет атқарған мемлекеттік қызмет саласының ардагері, Еңбек ардагері, «Махамбет ауданының Құрметті азаматы» Ұзақбай Төлегеновпен әңгімелескенбіз.

-Ұзақбай Төлегенұлы, Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесі құтты болсын. Жалпы сіз үшін «тәуелсіздік» ұғымының мән-маңызы қандай?

- «Тәуелсіздік» ұғымының мән-мағынасын бір сөзбен, бір сөйлеммен немесе бір мақаламен айтып беру мүмкін болмас. Менің ойымша,тәуелсіздік – аталарымыздың арманы,ұлтымыздың ұмтылған көкжиегі, менің замандастарым, қазіргі қарттардың жанқиярлық еңбегі. Ал сіздердің замандастарыңыздың көпшілігі «Тәуелсіздік» деген ұғымның анық-қанығына бара бермейтін сияқты. Өйткені олар өткен ғасырдың 90-шы жылдарындағы,сол кездегі империя – Кеңес Одағындағы,оның бір бөлігі Қазақстандағы қиындықты тек ата-аналарының естеліктерінен ғана біледі. Ал өз басынан өткермеген қиыншылықтың ащы дәмін сезу оңай емес. Оның үстіне, бұл қасиетті сөзді жиі қайталай бергендіктен өз қасиетін төмендетіп алған сияқты.

a

- Қазақ елі өз алдына мемлекет болғанға дейін халықтың жайы қандай еді? 1991 жылдан кейін қалай өзгерді?

- Егемендік алғанға дейінгі бір жылмен немесе бес-он жылдың оқиғаларымен бұл сұраққа жауап беру оңай болмас. Жалпы ХХ ғасыр дүние жүзіне, әсіресе Қазақ ұғымына оңай болған жоқ. Мүмкін, тіпті 1723 жылғы жоңғар шапқыншылығынан кейінгі ең қиын кезең болуы да мүмкін. Өзіңіз еске түсіріңізші, 1905 жылғы төңкеріс, 1916 жылғы қара жұмысқа адам алу, 1917-1920 жылдардағы ақтар мен қызылдар шайқасы, 1928-30 жылдардағы тәркілеу, осы жылдардан басталған аштық, 1937- 38 жылдардағы «халық жауларымен» күрес, 1941-45 жылдардағы Ұлы Отан соғысы, оның зардаптарын қалпына келтіру, тоқсаныншы жылдардағы қайта құру. Міне, осылардың барлығы біздің аудан өмірінде де өзіндік із қалдырды.

Ал «1991 жылдан кейін жағдай қалай өзгерді» деген сұрағыңызға әр адам өзінше жауап беруі мүмкін. Жалпы қай елде де Тәуелсіздік декларациясын жариялаған бойда ол ел тәуелсіз бола қоймайды. Өйткені ең қиын шаруа – адамдардың психологиясын өзгерту. Еврейлердің пайғамбары Монсей өз халқын жаңа отанына орналастыру үшін неге 40 жыл шөлді өлкені айналып жүрді деп ойлайсыз?! Жаңа өмірге жаңа толқын әкеліп, жаңаша тәрбиелеу үшін емес пе екен?!

- Тоқсаныншы жылдары Үкімет түрлі жарлық, қаулы қабылдап жатты. Сыртқы саясатты дұрыстауға ұмтылды. Бірақ халықтың әлеуметтік жағдайы нашар болғаны, киер киімнің, тамақтың тапшылығы болғанын білеміз. Біздің аудандағы жағдай қалай еді?

- Иә, бұл айтқандарыңыздың өмірде орын алғаны рас. Біздің ауданымызда да еліміздің бір бөлшегі болғандықтан елдегі қиыншылықтардың бәрі біздің басымыздан өтті. Одақ кезінде ауданымызда 8 кеңестік шаруашылық, 1 тәжірибе стансасы болғаны белгілі. Жаппай жекешелендіру кезіндегі жіберілген қателіктер, шаруашылықта көреген, іскер басшылардың өз қамын ғана ойлауынан халық қиындыққа душар болды. Бұл жерде «1 мамыр» шаруашылығының басшысы Аманжол Есқариевтың іскерлігін, ұйымдастыру қабілетін, нарықтық экономиканың қырсырын тез игергенін айту керек. Әйтпесе «Бақсай», «Заурал» шаруашылықтарының әлеуеттері, мүмкіндіктері «1 мамырдан» кем еді деп ешкім айта алмас. Халықтың жай-күйі де күрт төмендеді. Дүкен сөрелері бос қалды. «Ала дорба арқалау» деген сөз де осы кезеңде пайда болды.

a751d96f-218e-4b6d-9bbb-8a3d5180c7d3

Бір есімде қалғаны, осы ауылдағы орталық универмагке түскен киімдерді бөлу үшін арнайы аудандық комиссия құрылып, төрағалығына аудандық әскери комиссар А.Ербозов тағайындалды. Әр мекемеден адам санына қарай сұраныс алынып, костюм, көйлек, аяқ киім, шұлыққа дейін бір-бірлеп бөлінді. Жаңағы төрағамыз әскери тәртіпке үйренген адам ғой, бір аяқ киімнің өлшемі ауысып кетіп, осы әңгімені облыстық басқармаға дейін көтергені бар. Бұл жағдайлар қазір күлкілі анекдот секілді естілуі мүмкін. Бірақ шындығы солай. Сол 1994-95 жылдары бір литр шұбаттан бір литр газдалған сусынның қымбат болғаны, ауылдағы малшылардың төрт кірсабын үшін бір бағлан бергендері де есте.

- 1991-95 жылдары қандай қызмет атқардыңыз? Өз салаңыз бойынша жасалған жұмыстар, жетіспей жатқан қандай мәселелер болды?

- Одақ ыдырап, Компартия тараған соң аудан билігі аудандық кеңестерде (аудандық кеңес «атқару комитеті» емес) болды. Мен сол аудандық кеңестің аппарат басшысы болдым. Ал желтоқсанда егемендік жарияланған соң аудан әкімшілігі құрылды. Ауданды сол әкімшілік басшысы (аудан әкімі емес) басқарды. Аудан әкімі деп кейіннен аталды. Мен сол құрылымда ұйымдастыру бөлімінің басшысы болдым. Ал 1994 жылы аудан әкімі орынбасары қызметіне тағайындалдым. «Ол кезде жетіспей жатқан қандай мәселелер болды» дегеннен гөрі, «не нәрсе жеткілікті еді?» деген сұрақ орынды болар. Өйткені барлық нәрсе қат болатын. Ауыл әкімдеріне тамақ, киім, отын, жем-шөп сұрап барушылар кезекте тұратын. Сол кезге қарағанда қазіргі ауыл әкімдерінің жұмысы жеңіл болып көрінеді маған. Өйткені халыққа өз ақшасына газ, су, жарық берсе, басқа ештеңе сұрамайды ғой. Бір есімде қалғаны, осы өзіміздің ауылдың бір азаматы 1 қыркүйекте екі баласын мектепке жібермепті. Бұл хабар облысқа дейін жетіп, арты үлкен дауға айналды. Себебін білуге барған адамға: «балаларымның аяғына кигізетін шұлық жоқ. Соны тауып бермесеңіздер мектепке бармайды» - деп келте қайырыпты. Қазір бұл жағдай ертегі сияқты болып естілуі де мүмкін. Еңбекақы, зейнетақылар айлап төленбей, тұрғындардың ренішін туғызып, мұғалімдердің көтеріліп, аудан әкімі ғимаратының алдында сап түзегендері де көз алдымызда.

Бірақ қандай қиыншылық болса да жұмыс жасалынды. Мен қызмет еткен сала «әлеуметтік сала» деп аталатын. Бұлар білім, денсаулық, мәдениет, әлеуметтік қамсыздандыру, спорт, т.б. Осы саладағы сол кездегі қиыншылықтар әлі есте. Облыстан мәдениет үйлерін, клубтарды, балабақшаларды жеке меншікке беруге график жасалып, қатаң бақылауға алынды. Бірақ аудан әкімі Ұ.Елеубаев қандай да бір жолдармен бұларды жекешелеуге жол бермеді. Ауылдық жерлердегі балабақшалар маусымдық жұмысқа көшірілді, кітапхана, клуб қызметкерлері жартыставкалық ақыға көшірілді. Есімде қалғаны, көрші аудандарда мәдениет бөлімдері есебінде бірде-бір ғимарат қалмай сатылып кетті де, кейін жағдай сәл түзелгенде бюджеттен қыруар қаржы шығарып, қайта сатып алды.

- Сізбен аудан басшылығында тағы кімдер болды? Аудан экономикасын дамыту бағытында жұмыс жасаған азаматтар кімдер еді?

- Уақыт деген ұшқыр ғой. Замандас, жұмыстастарымыздың бірталайы өмірден өтіп кетіпті, имандары жолдас болғай. Олар өмірден өткенмен, атқарған жұмыстары, замандастардың естеліктері қалды ғой. Ең бірінші аудан әкімдігінің басшысы, аудан әкімі болған Қ.Сирановты айтқым келеді. Өте білімді, сауатты, жұмыскер, талап қоя білетін және орындата білетін азамат еді.

Аудандық партия комитеті хатшысы, аудандық кеңес атқару комитеті төрағасы болған С.Орынғалиеваны да білетін адамдар әсте ұмытпайды деп ойлаймын. Бұл кісі де шыншыл, пікірін бүкпейтін, тура айтатын-ды. Ұзақ жыл қарамағында жасағанда бір адамға дауыс көтергенін естімеппін. Соған орай бұл кісімен пікір таластырған адамды да көрмедім. 1994- 2003 жылдары аудан әкімі болған Ұ.Елеубаев та қандай мақтауға да тұратын азамат, жұмыскер, бірсөзді, қандай тығырықтан да жол таба білген азамат. Жеке өзім осы үш азаматтың да қарамағында жұмыс жасадым, тәлім алдым, үйрендім. Егер бойымда сәл жағымды қасиет болса, осындай азаматтардың мектебінен.

Қатар жасаған, қиындықты жеңе білген азаматтар деп А.Есқариев, Б.Қуанов, С.Шотпақов, Е.Құлмағамбетов, Д.Рысқалиев, Н.Ожаев, Ғ.Абишев, Р.Әбдірешова, Махамбет ауылының алғашқы әкімі С.Қуанышев сияқты азаматтарды айтар едім. Әрине, оларда да пендешілік болатын, бірақ пендешіліктерін парасаттары жеңіп кете беретін. Бұлар жайшылықта жайдарлы, қайшылықта қайратты адамдар еді.

- Өзіңіздің есіңізде қалған жағымды және көңіліңізді қалдырған жайттарды атап өтсеңіз?

- Жағымды жайттар аз емес қой. Сонау 90-шы жылдардың тығырығынан аман шығып, әркім өз кәсібін тауып, көңілдерінің шаттанғанын көріп, жаның қалай жадырамасын? 1999 жылы мамырда басталып, төрт айдан соң аяқталған Сарайшық кесенесі құрылысы да қиындығы мен қызығы қатар есте қаларлық жағдай болды. Қазіргі өлшеммен қарасаңыз, аса үлкен құрылыс емес, бірақ сол кезеңнің қиындығын есептесек, оңайлықпен салынған жоқ.

1996 жылы Астрахан облысына Құрманғазы бабамыздың 175 жылдық мерейтойына барғанымыз да есте. Ауданнан 19 автокөлікпен барып, 10 киіз үй тігіп, Приволжский, Лимонский, Камызяк аудандарының делегацияларын орналастырдық. Астрахан облыстық әкімшілігінің бірінші орынбасары А.Я.Черныйды, орынбасарлары В.П.Петровты, Э.М.Володинді, департамент басшылары В.Н.Михайловты (мәдениет), В.И.Хребтов (ауыл шаруашылығы), Халық жиналысы төрағасы Л.Винокуровты, консерватория директоры Г.И.Славниковты, ұшқыштар полкі командирі В.П.Абдурахмановты, тағы басқаларын қабылдадық. Кесененің ашылу салтанатына Н.Назарбаев, РФ Үкіметі басшысы Черномырдин, орынбасары Заверюха, т.б. лауазымды адамдар қатысты.

Ал, жеке өз басыма келсек, ең қызықтысы аудандық кино жүйесін басқарған жеті жылым болды. Қарапайымы мұғалімдіктен таныс емес салаға келіп, басқару қиын да қызықты болды. Біріншісі – 1981жылы Бүкілодақтық бейбітшілікті қорғау комитетінің ақшалай сыйлығы, екіншісі – селолық киноқондырғылардың республикалық бәсекесінде жүлделі орын иеленгеніміз үшін «Днепр» мотоциклі, бұдан басқа үш рет облыстық жарыста жүлдегер, бір рет аудандық «Құрмет тақтасында» орын алдық.

Атқарған жұмыстарымның ішінде мен үшін ең қиыны аудандық мәслихат хатшылығы болды. Себебі жұмыста не істеу керектігін білдім, қалай істеу керектігін білдім, бірақ толыққанды атқара алмадым. Аудан бойынша қабылданған бағдарламалардың орындалысын тексеру, кемшіліктердің бетін ашу қазір де Елбасынан басқа адамға қиын шаруа. Бұл жерде мен «жұмыс орнымнан айырылып қаламын-ау» деп қорыққаным да жоқ. Өйткені мен зейнет жасында болдым.

Өзім 53 жыл бойы кіл адамгершілігі мол, іскер басшылардың қарамағында жұмыс істеппін. Олардың бірде-бірінен жұмыс барысында ауыр, артық сөз естімеппін. Бұл «мен керемет жұмыс жасадым» деген сөз емес, олар кемшілікті арұжданыңа тимей, түсінікті тілмен, тайға таңба басқандай етіп жеткізетін-ді. Оның үстіне, менің өмірілік ұстанымым – «Жақсылық көрсем – Алладан, жамандық көрсем – өзімнен». Олардың барлығы да адамды адамнан алыстатын да ақиқат, адамды адаммен табыстыратын да ақиқат екендігін анық білуші еді. Ал ақиқаттан аттамайтын адамдарға қалай ренжуге болады? Сондықтан да ешкімге ренішім жоқ.

4

- Жайық өзені тасыған 1993-94 жылдары жұрт әбігерге түсіпті. Махамбет ауданын су басу қаупі туындаған еді. Осы кезде қандай жұмыстар жасалды. Екі жыл қатарынан тасқынға тосқауыл бола алмау ұйымдастырушылықтың нашарлығы ма, әлде жауапсыздық па?

- 1993-94 жылдары Жайық өзенінің біраз әбігерге салғаны рас. Сірә, 1993 жылдың маусым айының 10-ы болса керек, мен аудан бойынша кезекші едім. Сағат 9-дарда Жайық жағасына барсам, қазіргі мәдениет үйінің тұсында өзен ернеуінен асып, жел соққанда су жерді шайып кетіп жатыр екен. Осыдан судың қандай деңгейде келгенін шамалауға болар. Сол күні бір жұмыспен Атырауға бардым. Жолда Сарайшықтың бергі жағындағы сайдан УАЗ автокөлігімен өткенде су капоттың үстін шайып тұрды. Бір қызық факт, бұған дейін ең көп деңгейде су келгенде исатайлықтар Атырауға біздің аудан арқылы баратын-ды, ал 1993-94 жылдары махамбеттіктер қалаға Новобогат арқылы қатынасты.

Ал тасқын суға тосқауыл бола алмау ұйымшылдықтың нашарлығынан да, жауапсыздықтан да емес-ті. Қайта бұл су тасудан ауданға үлкен шығын келмегенін, сол кездегі басшылықтың, аудан тұрғындарының жанқиярлық еңбегі деп түсінген жөн. Ол кезде арнайы техника ғана емес, қарапайым бульдозердің өзі тапшы кез еді. Осындай тапшылыққа қарамастан аудан әкімдігі тұрғындарды ортақ іске жұмылдырып, елді мекендердегі техника бара алмайтын Жайық жағалауларын күрекпен топырақ үйгізіп, сайсалалардағы су арналарын ашты, кеңейтті. Қазіргі техника, қаржы жеткілікті заманда жыл сайын елімізде қанша елді мекенді су шайып жатырғандығын өзің де естіп жүрсің. Сондықтан ол кездегі атқарушы орындарға еш кінә артудың керегі жоқ.

- Егемен ел атанғанымызға 30 жыл толуына орай тілегіңізді айтып кетсеңіз?

- Тәуелсіздік туралы декларация жариялаған елдің бірден тәуелсіз бола қоймайтындығын жоғарыда айтып кеттім. Оның үстіне, қиындықтар болса да тыныш келген егемендікті кейде жете бағаламайтынымыз бар. Бірақ бұл Алаш арыстарының қанымен, желтоқсандықтардың жанайқайымен келген Тәуелсіздік қой, осыны бағалай білейік дегім келеді. Толыққанды өркениетті ел болу үшін әр ұрпақ өзіне артылған жүкті тиісті межесіне жеткізу керек. Олай болмаса, келесі ұрпаққа сол жетпеген жүкті жеткізу және өз жүгіне қосымша уақыт кетеді. Сондықтан да қазіргі жас ұрпақтан өздеріне жүктелген тарихи міндетті жауапкершілікпен атқаруын сұрар едім.

Ең бастысы егемен елімізді жан-жүрегімен сүйе білу керек, ол үшін еліміздің тарихын жақсы біліңіздер. Әйтпесе, бәрі бос сөз болып шығады. Көшпенділердің адамзат әлемінің ең құдіретті күштерінің бірі болғанын, А.Македонский осы даладан шегінгенін, Дарий тауының осы жерде шағылғанын, оның кегін қуып келген Кир патшасының осы жерде қанға тұншыққанын, Қытай империясының байтақ даламыздан ұлтарақтай жер ала алмағанын, шапқыншы жоңғарлардың осы жерде кеткенін мақтан тұтайық. Жеке өз басым, болашаққа зор сеніммен қараймын. Ғұлама Мәшһүр Жүсіп Көпеев болжаған «қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заманға» келген сияқтымыз. Егемендігіміздің отыз жылдығына заманның мына індетін жеңіп, аман-сау барайық дегім келеді.

-Емен-жарқын әңгімеңізге рахмет аға!

Сұхбаттасқан: Қазбек АЙТҚАЛИЕВ

Сурет Ұ.Төлегеновтің жеке мұрағатынан алынды

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT