«Ажал айтып келмейді» дейді дана халқымыз. Доңыз жылы басталар-басталмастан тілсіз жаудың қызыл жалынымен келген ажал періштесі бірнеше отбасыны өзімен бірге әкетіп үлгерді. «Жазмыштан озмыш жоқ» деп өзімізді жұбатсақ та, көңілдің бір түкпірінде «бұған кім кінәлі?» деген бір сұрақ қылаң беретіні анық. Бірінен кейін бірі қайталанған қайғылы оқиғалардан соң әр облыс өз аумағында мұндай жағдай орын алмауы үшін әрекет ете бастады. Ал біздің ауданда қандай жұмыстар жасалуда?
Төтенше жағдайлар бөлімі не дейді?
Аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Б.Абдуллиннің айтуынша өткен жылы 23 әртүрлі деңгейдегі оқиғалар орын алған. Оның ішінде 17 өрт, 2 улы газбен улану оқиғалары (табиғи немесе көмірқышқыл газы) тіркелген. 1 адам жарақаттанып, 2 адам қаза болған. Аталған өрттердің төртеуі автокөліктерде, он бірі тұрғын үй секторында, екеуі басқа да орындарда орын алған. Материалдық шығын 1 600 000 мың теңгені құрайды.
- Өрттің алдын-алу бағытында аудан аумағындағы нысандарды есепке алып, өрт-техникалық тексерістер жүргізіп отырмыз. Тексерістің нәтижесінде ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 410 бабының 1-бөлімімен, өрт қауіпсіздігі ережелерін орындамағаны үшін 28 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оның ішінде 19 әкімшілік хаттама толтырылып, 342 712,5 теңге құрайтын айыппұл салынып, 9 ескерту берілді. Бөлім қызметкерлері мекемелер мен тұрғын үйлерді, білім ұяларын аралап, үгіт-насихат және түсінік жұмыстарын ұдайы жүргізіп отырады. Мектеп оқушыларына арналған «Ашық есік» күнін де ұйымдастырып жүрміз. Аудандық жергілікті полиция қызметімен өзара байланыс орнатылып, ай сайын аудандық ІІБ-нің қызметкерлерімен бірлескен түрде 17 тұрмысы төмен, аз қамтылған және көп балалы отбасыларының үйлері араланып, барлығы 183 тұрғынға түсінік жұмыстары жүргізілді.
Тұрғындардың улы газге және табиғи газге улану оқиғаларының алдын-алу мақсатында, аудандық «ҚазТрансГазАймақ» ЖШС-нің газ шаруашылығы бөлімшесімен бірлескен түрде аудандағы тұрғын үйлерге 12 рет рейдтік шаралар өткізілді. Қауіптің алдын алу жұмыстары алдымыздағы «Өрт қауіпсіздік айлығы» және жылу беру маусымы мерзімінде де жалғасатын болады, – дейді Бағдат Исатайұлы.
Б.Сүйеуова.
Мақаланың жалғасын газетіміздің №8 21 ақпандағы санынан оқи аласыздар.