Төгілген тер, ақталған еңбек

Шағын ғана Таңдай ауылының жастарынан құралған футзал командасы Атырау футзал федерациясының ІІ лигасында чем­пион атанды. Команда құрылғалы алғашқы жеңісіне қол жеткізген олар енді бірінші лигада өнер көрсетуге мүмкіндік алды. Төгілген тер мен тынымсыз еңбектің нәтижесінде жеткен жетістіктің дәмі қашанда тәтті екен анық.

«Tangday» шағын футзал ко­мандасы 2020 жылы құрылды. Ол уақытта және оған дейін лигаларда, я болмаса чемпионаттарда аудан атынан қатысатын команда өте аз еді. Ауыл жастарының бастама­сымен, өздерінің ынта-жігерімен команданың тарихы солай қаланып бастады. Алғаш рет құрама Атырау Футзал Федерациясының 2020-2021 жылдарға арналған маусымында ІІІ лигада өнер көрсетті. Келесі, 2021- 22 жылдары тағы да сол ІІІ лигада ойнады. Бірақ, қатарынан екі жыл үздіктер сапынан көрінбеді. 2022 жылы Атырау ЛЛФ-тің «А» лига­сында бір мәрте қатысты. Кейін, Атырау Футзал Федерациясының ІІ лигасына жолдама алып, 2022- 23 жылғы маусымда сол турнирде ойын көрсетті. Бірақ, үздіктер қатарына, өкінішке орай, тағы да ілінбеді.

– Қарап отырсаңыз, биылғы маусымға дейін үш жыл бойына ешқандай жақсы көрсеткіш жоқ, жетістік жоқ, нәтиже жоқ. Бірақ, биыл ІІ лиганың чемпионы атандық. Яғни, бұл нәрседен аңғаратынымыз, ауыл жастарының спортқа деген махаббаты, ерік-жігері мен сенімі. Әйтпесе, қазір қанша командалар бар, бір маусымнан кейін орын алмаса тарап кететін. Ал біздің жігіттер үш жыл, үш маусым бойы жеңістің ауылы көрінбесе де үміт үзбеді. Олар түптің түбінде белесті бағындыратынын білді, сенді. Сол сенім ақталды. Біз төрт маусымда жеңілген жоқпыз, тек тәжірибе жинадық,- дейді команда жетекшісі Талғат Бисен.

Алғашқы үш маусымда команда құрамында тек қана ауыл жастары ойнады. Барлығы да – ауылдың қара топырағына табаны тиіп, ау­нап өскен балалар. Биыл транс­фер жасалыпты. Басқа команда­дан бірнеше легионер алдыртыпты. Бірақ, олар да кәсіби футболшы­лар емес. Әр ойыншының негізгі жұмысы, кәсібі әр түрлі. Күндіз жұмыста, кешкісін дайындықта. Әрине, оңай емес, жұмыстан шар­шап, кешкісін футбол ойнаған, бірақ жеңіс оңай келмейтіні түсінікті.

Биыл спортшылар жанкүйерлердің керемет қолдауын сезінді. MFC «Tangday» сөзсіз, осы маусымның көзайымына ай­налды. Әр ойында жанкүйерлердің қолдауы ерекше болды. Спорт кешендеріндегі жаңғырық қарсыластарға да біраз әсер етті. Олардың кейбірі ойын үшін жұмыстан сұранып келсе, бірі ау­ылдан арнайы келіп жүрді.

– Бізге осылардың барлығын көріп, естіп, біліп тұрғасын жеңілу «ұят» еді. Бірақ, жігіттер жауапкершіліктерін паркетте дәлелдеді. Маусымдағы 14 ойынның 13-інде жеңіске жетті. Тек бір жеңіліс. Ол да кейбір «ньюанстардың» әсерінен болған сәтсіздік. Бірақ, ол да сабақ бо­лып тид і . Сол жеңілістен соң жігіттер қамшы салдырмады. Алғашқы үш маусымда сәтсіз өнер көрсеткенімізге қарамастан ко­манда демеушісі қолдауын ая­мады. Өзіңіз де білесіз, команда бюджеті аз қаражат емес. Оның экипировкасы, жаттығу құралдары мен залының шығыны, төленетін жарна барлығы мол ақшаны талап етеді. Сондықтан демеушілерімізге ерекше алғасымызды білдіреміз,- дейді Т.Бисен.

Жігіттер келесі маусым оңай болмайтынын қазірден бастап көріп, біліп жатыр. Ешкім паркетке жеңілу үшін шықпайтыны анық. Мақсаты айқын, жоспары нақты. Татулығы жарасқан таңдайлық командаға бірінші лигада да жеңіс тұғырынан көрінуін тілейміз.

Қ.АЙТҚАЛИҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT