Темір тұлпарды тізгіндеген адаммын

Жалпы менің туған жерім көршілес Индер ауданының Көктоғай ауылы. Армансыз адам болмайды ғой.

Кеңес заманында темір тұлпарды тізгіндеген замандасымыз Социалистік Еңбек Ері атанған Кәмшат Дөненбаева секілді трактор айдауды армандаған едім. Сол арман жетегі мені сол кездегі Сарайшықтағы кәсіп-техникалық училищенің Есболдағы (Кулагино) филиалына әкелді.

Мен 1960-1962 жылдары трактористер курсын оқып-бітірдім. Мен 1963 жылы сарытоғайлық Қанаш Қимеденовке тұрмысқа шықтым. Содан 1964 жылдан бастап «Сарытоғай» совхозында трактор айдадым. О кезде таңның атысы кеш батқанша егінде 12 сағаттай жұмыс істеуші ек. Сонымен қатар трактормен екі алма бақтан алма да тасыдым. Сол уақытта совхозымыз «Ембімұнайгазге» қарады. Біз жұмыс істей жүріп, жолдасым екеуміз 10 бала тәрбиелеп өсірдік. Отбасымда алты ұл, төрт қызым бар. Бүгінде ұлымды ұяға, қызымды қияға ұшырдым.

Жалпы менің 4-5 медалім бар, соның ішінде көпбалалы ана ретінде «Алтын жұлдыз», «Алтын алқамен» марапатталдым. Мен КПСС қатарына өтіп, депутат та болдым. Тіпті Социалистік Еңбек Ері К.Дөненбаевамен бірге Мәскеуге съезге барғаным есімде.

1995 жылы зейнеткерлікке шықтым. Бүгінде мен өз ұрпағымның тәрбиесімен айналысып отырған жайым бар. Бір айта кетерлік жайт, Сарытоғайдағы совхоз кеңсесі 2 рет өртеніп, талай адамның құжаттары, еңбек кітапшасын қызыл жалын шарпыды. Соның кесірінен талай адам зейнеткерлікке шыға алмай, әбден әбігерге түсті.

Кезінде совхоз «Ембімұнайгаз» мекемесіне қарағандықтан, ол тарар кезде жұмысшылардың бәріне пай, акция үлестірді. Мен өзім совхозда табан аудармастан 31 жыл жасасам да қолыма небәрі 48 акция ғана тиді. Көп адам мұнай мекемесінің өзіне, архивтерге барғанымен құжаттарын таба алмады. Тіпті көшірмесі де шықпапты.Бұл өрт акцияға таласу салдарынан туды деп ойлаймын.

«Еңбек түбі-береке» деп жатады. Адал еңбектің зейнетін көргенге не жетсін. Жастарға еңбектеніңдер, жұмыс істеуден қашпаңдар дегім келеді.

Алдағы уақытта «Махамбет ауданының Құрметті азаматы» болсам, артық етпес еді. Қазіргі уақытта құжаттары дайындалып жатыр.

Күләш Темірғалиева,

«Алтын алқа» иегері.

Сарытоғай ауылы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT