Театр – ұлттың рухани айнасы, қоғамның ой-санасын, болмыс-бітімін көркем тілмен жеткізетін ерекше өнер саласы. Ол халықтың өткенін танытып қана қоймай, бүгінгісін таразылап, болашағына бағыт-бағдар береді. Осы тұрғыда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында, жуырда өткен Ұлттық құрылытайдың отырысында мәдениет пен өнер, соның ішінде театр саласын дамыту мәселесіне айрықша мән берілуі – кездейсоқ емес.
Президент ұлттық мәдениетті қолдау, шығармашылық ұжымдардың әлеуетін арттыру, мәдени инфрақұрылымды жаңғырту мәселелері туралы жиі айтып келеді. Театр – осы міндеттердің өзегінде тұрған сала. Себебі театр – тек сахнадағы қойылым ғана емес, ол – тәрбие мектебі, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін рухани орталық. Мемлекет басшысы атап өткен «саналы ұрпақ», «рухани жаңғыру», «әділетті қоғам» ұғымдары театр өнерімен тікелей сабақтас.
Мәдениет қызметкерлерінің мәртебесін көтеру, олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту бұл – театр саласы үшін аса маңызды мәселе. Себебі актер, режиссер, драматург, сахна суретшісі – барлығы да үлкен ізденіс пен жанкешті еңбектің иелері. Олардың шығармашылық еркіндігі мен тұрақты жағдайы қамтамасыз етілмейінше, сапалы өнер туындысы өмірге келуі қиын. Осы орайда мемлекет тарапынан бөлінетін қолдау театрлардың дамуына тың серпін береді деп күтілуде.
Ауыл-аймақтағы мәдениет ошақтары халықты өнерге жақындатып, жастардың шығармашылық қабілетін дамытуда маңызды қызмет атқарады. Мемлекет басшысы мәдениеттің елдің барлық өңірінде тең дәрежеде дамуы керектігін атап өткен болатын. Бұл аудандық, ауылдық театрлар мен мәдениет үйлерінің жұмысына тікелей қатысты. Театр арқылы ауыл жастары сахна мәдениетін меңгеріп, ұлттық өнерге бет бұруда. Осы тұста Алға ауылдық мәдениет үйінің басшысы Ілес Нұрымұлының пікіріне құлақ түрсек.
– Алға ауылдық мәдениет үйі жанындағы театр ұжымы – ауыл мәдениетінің алтын арқауы. Театрдың негізі 1960 жылдары драма үйірмесі ретінде қаланып, ауыл халқының рухани сұранысын өтеуге бағытталды. 1973 жылы ұжым «Халықтық» атағын қорғап алып, содан бері 50-ге жуық спектакль, шағын көріністер мен интермедияларды сахналады. Театрдың басты ерекшелігі – кәсіби актерлердің жоқтығына қарамастан, ауыл тұрғындары мен мекеме қызметкерлерінің өнерге деген шынайы ықыласы. Әр қойылым ұжымның өз күшімен, ынтымағының арқасында жүзеге асып келеді. Соңғы жылдары репертуар Е.Домбаевтың «Біздің ауылда қызықтар бола береді», «Аман жүрші, ақ келін», Ә.Оразбековтың «Бір түп алма ағашы», Ф.Бөлековтың «Күйеу іздеген кемпірлер», С.Әуелбаевтың «Аманат», Ж.Қарасаеваның «Аңыз болып жеткен махаббат» сынды мазмұнды шығармалармен толықты.
2023 жылы театр ұжымы Б.Қорқытовтың «Жарайсың баға» қойылымымен «Халықтық» атағын кезекті рет қорғады. Биыл ұжым Атырау қаласында өтетін халық театрларының облыстық фестиваліне М.Алғожаевтың «Апа, мен сізді қуантып келдім» метафизикалық драмасын ұсынбақ. Қойылымда жас жігіт тағдыры арқылы нашақорлық, отбасы мен қоғамның жауапкершілігі терең ашылады,- дейді І.Боранбай.
Мәдениет үйінің басышысы ауыл сахнасында спектакль қоюдың өзіндік қиындықтары барын да жасырмады. Өйткен, актерлердің барлығы – өзге салада еңбек ететін жандар. Қаржылық қолдаудың шектеулілігі де сезіледі. Дегенмен ұжым бұл кедергілерге қарамастан, көрерменге ой салатын, шынайы дүниелерді сахналап келеді.
– Жалпы адам өмірінің бәрі мәдениеттен басталады. Себебі көшеде көрген жандарға «Ассалаумағалейкум!» деп амандасқанның өзі – мәдениеттілік. Ал, ауыл мәдениетін дамыту үшін алдымен заман талабына сай келетін әр ауылда мәдениет үйлері болуы тиіс. Сонау 1957 жылы салынған мәдениет үйін көз алдыңа қалай елестетесің? Сол қиыншылықтарға қарамастан мәдениет үйі жоспарлы жұмыстарын атқарып жатыр. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Жасанды интеллекті дәуіріндегі мәдениет пен өнердің дамуы. Осы салаға бұрынғыдан айрықша мән береміз, тиісті инфрақұрылымды саламыз және қажет болса жөндеуден өткізіп, қалпына келтіреміз» сөзі көңілге қонарлық. Енді осы айтылған үндеу іс жүзінде асуын асыға күтеміз. Алға мәдениет үйі ұжымы бұл бағыттағы бастамаларды қолдап, инфрақұрылымды дамыту, үйірме жұмыстарын жандандыру, жас ұрпақты өнерге баулу жолында жүйелі жұмыстар атқаруда. Қазіргі таңда театр жанынан балалар труппасын ашу жоспарда бар,- дейді мәдениет үйінің басшысы.
Бүгінде мәдениет үйінде дәстүрлі мәдени шаралармен қатар, заманауи форматтағы спектакльдер де қойылып келеді. Бұл – театрдың тек өткенді дәріптеп қана қоймай, бүгінгі қоғамның тынысын сезіне алатын тірі өнер екенінің дәлелі.
Ш.ТӨЛЕГЕНОВА
Театрларды дамыту тасада қалмауы тиіс
- Информация о материале
- Read Time: 1 min
- : 39


