Халықаралық балаларды қорғау күніне байланысты Таңдай ауылында ұлттық дәстүр мен рухты жаңғыртқан тай жарыс бәйгесі ұйымдастырылған еді. Тай жарысқа 10-15 жас аралығындағы шабандоз балалар қатысып, өз бабына бапталған жүйрік тайларымен бақ сынасты. Дүбірлі доданың өтуіне Бақсай ауылдық округі қолдау білдіріп, «АВС-Лимитед»ЖШС, «Сұңқар-құрылыс» ЖШС демеушілік етіп, ауыл балалары үшін нағыз мерекеге айналдырды.
Шара барысында Бәйгітөбе даласы нағыз бәйге алаңына айналды. Жалпы тай жарысқа 10 тай қатысқан екен. Жалпы төрт шақырымға шапқан тай жарыста қолына қамшы алып, ат үстінде мығым отырған кішкентай шабандоздар ел-жұрттың қошеметіне, ыстық ықыласына бөленді.
Жарыс нәтижесінде шапқан тайлардың шашасына шаң жұқпай, оқ бойы озық келген, мәре сызығын бірінші болып өткен «Сүлік қара» тайымен шабандоз Дүсіп Рахым жүлделі 1 орынды иемденіп, бас жүлдеге тігілген 150 мың теңге ақшалай ұтыстың иегері атанды. Аттың иесі Аслан Сұлтанов болып шықты.
Жүлделі 2 -орынға табан тіреген «Тасқын» деген тайдың шабандозы Есбол Нұрасылға смарт-теледидар табысталды. Бұл тайдың иесі Халел Кубашев екен.
Жүлделі 3 –орын иегері «Шолақ» атты тайдың шабандозы Есенаман Шапағатқа планшет бұйырды. «Шолақ» тайдың иесі Жанболат Қуатов екенін білдік.
Мәре сызығын тайымен төртінші болып, кесіп өткен « Көкжал» деген тайдың шабандозы Рахметолла Мейірім 4-ші орынға ие болып, құлаққап сыйға тартылды. «Көкжал» тайдың иесі Жәнібек Қойбақов.
Сонымен қатар жарысқа белсене қатысқан өзге де алты шабандозға ынталандыру сыйлығы ретінде жүгендер табысталды. Бұл ұлттық ат спортына деген құрмет пен балалардың тай жарысына шабысын арттырудың айқын көрінісі десек қателеспейміз.
Тай жарыс барысында балаларға арналған ұлттық ойындар ойналды. Әсіресе, ең қызықтысы- лақ көтеру болды. Қара мойын ақ лақты 102 рет көтерген Қуандық Әли Азатұлы жүлделі 1 орынды жеңіп алды. Екінші болып, лақты 100 рет Есенаман Омар Дәулетұлы көтерген екен. Жеңіп алған ақ лақты жүлдегер Әли Азатұлы қасындағы 100 рет көтерген Омар Дәулетұлына сыйға тартып, сол жерде беріп кеткен. Сондай-ақ арқан тартыста қызықты өткен. Ойын жеңімпаздары қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Тай жарыстың , басқа да ұлттық ойындардың жоғары деңгейде өтуіне демеушілік көрсеткен «АВС-Лимитед» ЖШС, «Сұңқар-құрылыс» ЖШС өкілдеріне ауыл әкімі Е.Өтегенұлы алғыс хат пен естелік сыйлықтар табыстап, ауыл халқы атынан ризашылығын білдірді.
Округ әкімі Е.Сұлтанов Қ.Ахмедияров атындағы орта мектептің бірқатар оқушыларына, облыстық олимпиада жеңімпаздарына алғыс хат, естелік сыйлықтар тапсырды.
Балалар күнімен ауыл ақсақалдары мен ұйымдастырушылар құттықтап, ұлттық ат спорты түрлерінің кеңінен қанат жаюына тілектестік білдірді.
Бәйгетөбеде жарысқа демеуші болған «АВС-Лимитед» ЖШС өкілдері балаларға тегін 1000 балмұздақ таратты. Шара соңы мерекелік сазды бағдарламаға ұласты.
А.Қуанышқалиева