Табиғи газдан тапшылық болмайды

Қылышын сүйретіп, қыс та келіп қалды Алтын күздің жаймашуақ күндерін тиімді пайдаланып қалуға тырысқан аудан жұртшылығы алдағы қысқа дайындықтың қамына кіріскен.

Осы орайда, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Атырау өндірістік филиалы Махамбет газ шаруашылығының директоры Сәтжан Қалешұлымен өзі басқарып отырған газ шаруашылығы мекемесінің қысқа дайындығы жөнінде тілдескен едік.

-Сәтжан Қалешұлы, ауданымыздың қазіргі таңдағы табиғи газбен қамтылуы қандай деңгейде?

-Қазіргі кезде аудан халқын табиғи газ отынымен кідіріссіз қамтуда біздің мекемеде 30 адам, «РЦКУ-Атырау» ЖШС-де 16 адам еңбек етеді. Олар ауданның 11 ауылдық округінің тұтынушылары мен мекемелеріне табиғи газ отынын тоқтаусыз, үзіліссіз жеткізіп отырады. Махамбет ауданы бойынша табиғи газ отынын пайдаланатын 5351 жеке абонент, 288 заңды тұлға бар.Аудан халқының табиғи газ отынымен қамтылу деңгейі 80 пайыздың үстінде. Себебі, ауданымызда Ақтоғай ауылдық округіне қарасты Сборный елді мекені, Ө.Атамбаев ауылы, Бала Ораз елді мекені, Бақсай ауылдық округіне қарасты Есмахан, Көздіқара, Коровник, Комплекс елді мекендері табиғи газ отынымен қамтылмаған.Қазіргі уақытта Бала Ораз және Көздіқара елді мекендеріне табиғи газ желісі тартылуда. Құрылыс жұмыстары әлі аяқталған жоқ.

-Табиғи газ отынын тұтыну- шылардың қысқа дайындығы қандай?

-Аудандағы барлық тұтынушылар меншік иесіне қарамастан алдағы 2018-2019 жылдардың қысқы маусымына толық дайын деп айтуға болады. Осы мерзімге дейін барлық тұтынушылар мен мекемелердің табиғи газды тұтыну құралдары тиісті рұқсаты бар мекемелердің мамандарының қатысуымен тексеруден өткізілді. Табиғи газды пайдаланудың ережелерін бұзған тұтынушыларға тиісті үлгідегі тәртіп бұзушылықты жою жөнінде ұсыныстар беріліп, олар орындалып, тиісті талапқа сәйкестендірілді.

-Сәтжан Қалешұлы,жеке секторларда әлі күнге дейін газ оттығын жағып отырғандар немесе қолдан жасалған жылу қазандықтарын пайдаланып отырғандар бар. Бұл туралы не айтасыз?

-Аудан көлеміндегі жеке тұрғындарда үйлерін жылыту үшін ертеректе қондырған газ оттығын пайдаланып отырғандар бар. Бұл жағдай бұрынғы кезде берілген тұрғын үйді табиғи газбен қамтуға берілетін техникалық шартқа сәйкес келетін еді.Қазіргі кездегі қойылатын талап пен біздің мекеменің ұстанып отырған жұмыс бағдары-осы пайдаланып отырған газ оттықтарын бірте-бірте зауыттық жылыту қазандықтарына тұтынушылардың өздерінің көмегімен ауыстыру. Ал, қолдан жасалған жылыту қазандықтарын пайдаланушылармен ымырасыз күрес жүргізіп келеміз. Оларды пайдалануға мүлде болмайды. Себебі, қолдан жасалған жылыту қазандықтары табиғи газ отынын қауіпсіз пайдалануды қамта- масыз етпейді. Сондықтан мұндай қазандықтары бар тұтынушыларға қазандықтарды ауыстыруға белгілі бір уақыт белгілеп, ескерту бергеннен кейін орындалмаса, тұтынушы тиісті қолданыстағы заңдылықтар мен ережелерге сәйкес табиғи газ желісінен толық ажыратылады.

-Төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында қандай жұмыс жоспарларыңыз бар?

-Газ шаруашылығы еліміздің халықты қамту саласындағы аса қауіпті салалардың қатарына жататын болғандықтан, біздер әртүрлі төтенше жағдайлардың алдын алуға,оның зардаптарын жойып, жұмыс ырғағын қалпына келтіруге әр уақытта дайын болуымыз керек. Осы бағытта біздің мекеме қызметкерлері 2018 жылдың қаңтар айында бекітілген апаттық және төтенше жағдайларды жою жөніндегі оқу-жаттығу жоспарына сәйкес ай сайын оқу-жаттығу жиындарын өткізіп отырады. Оқу-жаттығу жиындарында белгілі бір апаттық немесе төтенше жағдайлар туындаған кезде атқарылатын жұмыстар көлемі мен оны жеке құрамның орындау жоспары нақтыланады. Кеңейтілген оқу-жаттығу жиындарында төтенше жағдай кезіндегі жұмылдырылуға тиісті бөлімдер мен мекемелер жеке құрамымен, құрал-жабдықтарымен,техникаларымен қатыстырылады. Мұндай кеңейтілген оқу-жаттығу жиыны осы жылдың маусым айында өткізілді. Бұдан басқа қызметкерлердің біліктілігін арттыру мақсатында бекітілген оқу кестесіне сәйкес айына екі реттен мекеме қызметкерлерімен тақырыптық сабақтар өткізіліп отырады.

-Мекемелердің жылыту қазандықтарының операторларына қойылатын талап қандай?

-Ең алдымен жылыту қазандығының операторы болу үшін осы мамандыққа оқу пункттерінде, оқу комбинаттарында оқып, мамандық иесі деген куәлік алуы керек. Содан кейін өндірістік қауіпсіздік,еңбек қорғау және қауіпсіздік техникасы,өрт қауіпсіздігі, өз мамандығы бойынша біліктілік емтиханын тиісті комиссияға тапсырып,операторлық жұмысты атқаруға рұқсат алады.

-Табиғи газ тарифі,табиғи газды тұтынушылардың төлем қабілеттері туралы не айтар едіңіз?

-Табиғи газ отынының тарифын монополияға қарсы күрес департаменті үнемі бақылауда ұстап отырады.Тарифтың негізсіз көтерілуіне жол берілмейді. Бұл жөнінде Елбасы Н.Назарбаевтың төрағалығымен өткен қауіпсіздік Кеңесінің мәжілісінде құзырлы орындарға нақты тапсырмалар берілді. Жалпы Қазақстан оның ішінде батыс аймақтар бойынша газ тұтыну тарифы ең төмені Атырау облысы екенін сеніммен айта аламын. Күні бүгін Атырау облысы бойынша жеке тұлғалар бір текше метр газға 8 теңге 14 тиын төлесе, заңды тұлғалар тиісінше тұтыну газының әр текше метріне 19 теңге 80 тиын шығындайды. Ал табиғи газды тұтынушылардың төлем қабілетіне келер болсақ,осы мезгілдегі жағдайға қарап, жаман емес деуге болады. Табиғи газды пайдаландың ба, онда оның ай сайынғы төлемін төлеп отыру-барлық тұтынушылардың міндеті. Ал, біз өз тарапымыздан тұтынушыларды табиғи газбен тұрақты қамтамасыз етуге жұмыстанамыз. Осылайша, екі жақты бірлескен жұмыстың нәтижесінде тұтынушы мәдениеті қалыптасады.

-Түрлі апаттық жағдай орын алған жағдайда қосымша сақтық резервтері бар ма? Аяқ астынан жылыту қазандығы істен шықса, газ өшіп қалса немесе газ жіберіп тұрғаны байқалса, шұғыл көмек сұрап, кімге хабарласуға болады? Демалыс күндері осы мәселемен айналысатын кезекшілік ұйымдастырыла ма?

-Әрине, сақтық резерві бар. Ондай жағдай туындай қалса, Атырау қаласынан апаттық-диспетчерлік қызмет қажетті мамандарымен, құрал-жабдықтарымен шұғыл көмекке келеді. Сіздің сұрағыңыздың ішіндегі қамтылып отырған мәселелер шұғыл түрде орындалуға тиісті апаттық тапсырыстардың қатарына жатады.Егер де үйіңізден газ кетіп, иісі шығып тұрған болса, дереу қолданып отырған электр құрылғыларын ажыратып,үйдегі адамдарды далаға шығарып,желдеткіш пен есікті ашып, үй ішін желдетесіз.Содан кейін дереу 104 немесе 5-53-00 телефонына қоңырау шалып, «РЦКУ-Атырау» ЖШС-нің қызметкерлерін шақырасыз. Сондай-ақ, үйішілік газ желілері мен қондырғыларын қарау да осы мекеменің қызметкерлерінің құзырында. Бізде апаттық-диспетчерлік қызметтің жоқ болуына байланыс- ты кезекшілік ұйымдастырылмайды. Бірақ демалыс күндері жоғарыда аталған мекеменің қызметкерлеріне хабарласуларыңызға болады.

-Материалдық-техникалық қорды жақсарту бағытында қандай жоспарларыңыз бар?

-Күні бүгінге тұтынушыларды табиғи газ отынымен қамту үшін біздің газ шаруашылығы бойынша 16 үлкен газ тарату жәшігі, 141 орташа газ тарату жәшігі жұмыс жасап тұр. Тұтынушыларға табиғи газды жеткізу үшін 450 мың метрдің үстінде жоғары, орта және төмен қысымды жерасты және жер үсті газ желілері тартылған. Қазіргі таңда үлкен және орташа жәшіктердің 69 пайызының пайдалану мерзімі өтіп, тозығы жетіп ескірген. Алдағы уақытта осы тозығы жетіп, ескірген газ тарату жәшіктерін ауыстыру, апаттық-диспетчерлік қызмет құру, апаттық қызмет көлігін алу, Көздіқара, Бала Ораз елді мекендеріне табиғи газ желісін тартуды аяқтау, Сарытоғай, Ақтоғай, Махамбет ауылдарына жер асты газ жеткізу желілерін тартуды аяқтау, Есмахан елді мекеніне газ желісін тарту, құрылысы бітіп тұрған диаметрі 400 мм-лік жоғары қысымды жерасты полиэтилен газ құбырын пайдалануға қосу сияқты ойға алған жоспарларымыз бар.

-Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан: Н.ЕРҒАЛИЕВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT