Қ.Қарашаұлы атындағы Сарайшық орта мектебінің базасында «Жас Ұлан» балалар ұйымы жұмысын ұйымдастыруының тиімділігі» атты семинар өткен болатын.
«Жас Ұлан» балалар-жасөспірімдер ұйымының аудандық атқарушы хатшысы Б.Жұмағазиева «Жас Ұлан» ұйымының жұмысын ұйымдастыру және жоспарлау» шеберлік сыныбын өткізсе, Қызылүй орта мектебінің тәлімгері Н.Хамзин «Мектеп комитеттері бөлімдерінің қызметі», Қ.Қарашаұлы атындағы Сарайшық орта мектебінің тәлімгері А.Аймағамбетова «Ұланбасы сайлауын өткізу әдістемесі», Қ.Қалыбеков атындағы Сарытоғай орта мектебінің тәлімгері Б.Жолдығалиева «Ақпарат бөлімінің жұмысы», О.Шонаев атындағы орта мектептің тәлімгері А.Сүлейменова «Бөлімбасылар сайлауын өткізу әдістемесі», Қ.Ахмедияров атындағы орта мектеп тәлімгері А.Құсайынова «Сынып старостасының атқаратын қызметі мен функциялары» шеберлік сыныптарын слайд арқылы көрсете отырып, баяндағаны көкейге қонымды болды. Тәлімгерлердің «Талантты тәлімгер-дарынды жас ұланға!» көрмесі де қатысушылар көңілінен шықты. Мәселен, тәлімгер А.Аймағамбетова «Ұланбасы сайлауын өткізу әдістемесі» шеберлік сыныбында «хаттар легі» арқылы топқа бөліп, ұланбасылар «Егер мен ұланбасы болсам» бағдарламасын қорғап, сайлауға түсті. Қ.Қалыбеков атындағы орта мектеп тәлімгері Б.Жолдығалиева «Ақпарат бөлімінің жұмысында» мозайка арқылы топ атын құрап, ой қозғау сауалдары тасталып, тапсырмалар берілді. Конверттегі тапсырмалар бойынша «Ауған соғысы-ақтаңдақтар ақиқаты» кездесу кешін ұйымдастырды. «Ұланбасы сайлауы», «Рухани жаңғыру-жарқын болашақ, кемел келешек» конференциялары оздырылды. Бағдарлама жасап, суретке қатысты өлең құрастырып, әнжұмбақ шешіп, ән шырқады. Қ.Ахмедияров атындағы мектептің тәлімгері А.Құсайынова «Сынып старостасының атқаратын қызметі мен функциялары» шеберлік сыныбында Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» кинофильмінен үзінді көрсетіп, староста сөзін құрастырып, оның қандай болуы тиістігін жазып, әр қатысушы өз сайлауалды бағдарламасын дайындап, постер қорғап, дауыс беру арқылы сынып старостасы сайланатынын айтты. Сандық қағазға староста бойындағы ерекше қасиеттерін жазып, пирамида құрастырады. Әрбір сайланған староста осы пирамида сияқты қасиеттерге бай болса, әр сынып өз старостасына қарап, бой түзеп, асыл қасиеттерге ие болады. Семинар жұмысын аудандық білім бөлімінің әдіскері И.Нұрланқызы қорытындылап, шығармашылық жұмыс жасаған бір топ тәлімгерлерді «Алғыс хатпен» марапаттады.
А.ТЕКЕБАЙ.