СОҒЫС АРДАГЕРІ Құлшәріп Өміршин

Биыл Ұлы Жеңіске 80 жыл толып отыр. Бұл Жеңіс бізге оңайлықпен келген жоқ. Бұның бәрі біздің сол майданда Отан үшін жанын қиған, ауыр жарақат алған батыр бабаларымыздың ерлігі. Олардың қатарында біздің Құлшәріп атамыз да бар. Жеңіс күні қарсаңында атамызды еске алып, мақала жазуды жөн көрдік.

Ұлы Отан соғысының ардагері Құлшәріп Өміршиннің туғанына биыл - 112 жыл. Қасиетті Тайсойған өңірінде өмірге келген атамыз Құлшәріп жастайынан білімге құштар болып, 1923-1930 жылдары Ойыл жетіжылдық мектебін бітіріп, 1930 жылы Ақтөбе қаласындағы советтік партия мектебіне, кейін коммунистік жоғары оқу орнына қабылданып, оны 1933 жылы бітіріп шыққан. Сол 1933-1935 жылдары Жетіқара аудандық комсомол комитетінің хатшысы болып, қызмет еткен.

Атамыз 1935 жылы кеңес әскері қатарына шақырылып, шекаралық мектепті үздік бітірген. Әскери қызмет әкемізді шарболаттай шыңдады, ол кездегі тәртіп тым қатал еді. 1937 жылы Ашхабадта шекаралық взвод комиссары бо­лып, жұмыс істеген. Ал 1937-1939 жылдары Ақтөбе облыстық партия комитеті, Қарабұтақ аудандық ком­сомол комитетінде бірінші хатшы болып, еңбек еткен. Коммунистік партия қатарына 1939 қабылданып, Қазақстан Комсомолы Орталық Комитеті пленум мүшесі болған. Ол 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда Ақтөбеде құрылған 312 атқыштар дивизиясында барлау ротасына саяси жетекші болып тағайындалады. Әкеміз қанқасап майдан ортасына түсіп, алғы майдан шебіндегі қиян-кескі ұрыстарға қатысқан. Ол кезде басты мақсат- қорғану, жау әскерлеріне, ұрыста тізілген танктеріне, әуе шабуылда­рына жанқиярлықпен тойтарыс беру еді. Ұрыстарда жараланған атам Мәскеудегі №702 әскери госпиталь­да 1942 жылдың наурызына дейін емделеді. Кейін Қырым майданында батальон командирі, Новороссиядағы №217 полкта полк комиссары болған көрінеді. Ол кісі Қырымның Керчь, Севастополь, Одесса бағытында шайқасқан. Осы майдандарда әскери басшылық қабілеті байқалған. Новороссийск қаласы үшін болған ұрысқа батальон комиссары ретінде қатысып, көпұлтты, білім дәрежелері әртүрлі, әлеуметтік тарихтары да сан бөлек жігіттерді жігерлендіре білген.

1943-1944 жылдары Ворошилов­град қаласы Степной майданына 27 армияға 206 дивизияның 748 полкіне партбюро жауапты хат­шысы қызметіне тағайындалған. Атамыз Орел-Курск бағытындағы шайқастарға да қатысқан адам. 1943 жылдың қазанында сол полк­пен Курск доғасындағы шайқасқа қатысып, Днепр өзенін жаудан азат етуге зор үлесін қосқан. Курск доғасындағы көрсеткен ерлігі үшін 1 дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен марапатталады. Артынан 142 биіктікті алғаны үшін Ұлы Отан соғысының ІІ дәрежелі орденімен марапатталған. Ол кісіге Б.Хмельницкий орденін полктегі ерен ерлігі үшін берген, ал полк К.Щевченко атағын алған. Аталмыш 748 полк, 206 дивизия, 27 армия Украинаның Сума, Полтава, Киев, Бело-Церковь облыстарын жаудан босатқан. 1944 жылдың 24 наурызында Пруд өзеніне жетіп, Ба­тон қаласын алып, Бухарест, Плоеш, Будапешт, Балатон көлін, Дебрецен, Вена қалаларын босатуға қатысқан. Жеңісті 1945 жылдың 9 мамыр­да Австрияның Вена қаласында қарсы алған. Бірнеше рет ажалдан аман қалып, 9 рет жараланған. Отан соғысындағы ерлігі мен ұйымдастырушылық қабілеті үшін 42 құрмет, 4 орден, 18 медальмен марапатталған.

Құлшәріп ата 1946-1949 жылдары Гурьев облыстық партия комитетінің әскери бөлім меңгерушісі, одан кейінгі жылдары Форт-Щевченко аудандық, Бақсай аудандық партия комитеттерінің екінші хатшысы қызметін атқарған. 1954-1962 жылда­ры Бақсай кеңесі атқару комитетінің төрағасы болса, 1962-1964 жыл­дары «Путь Ильича» колхозының төрағасы болып, еңбек етті. Осы жылдар ішінде атамыз Құлшәріп Өміршин Махамбет ауданының даму тарихына, ауыл шаруашылығының ұжымшар, кеңшар, МТС-тардың қажетті кадрлармен толығып, ауыл шаруашылығы техникалары­мен қамтамасыз етілуіне тікелей басшылық етті. Мал басы көбейіп, егін алқаптары кеңейді. Ауданда бидай, тары дақылдары егіліп, оры­лып, мол өнім жинап, егіс даласында қызу еңбек қайнады. Махамбет ауылында екі қабатты мектеп, Сарайшықта кәсіптік-техникалық училищенің негізі қаланды. Ілгеріде айтып өткеніміздей, сол кездегі маңызды шаруашылықтардың бірі, қаракүл қойларын өсіріп, қаракүл елтірісін өндіретін «Путь Ильича» кеңшарына(Көктоғай) төрағалық етті. Ол кезде қаракүл елтірісіне көптеген шет елдерден тапсырыс қабылданатын еді.

Құлшәріп атамыз 1960 жылы «Республика халық ағарту ісінің үздігі» белгісін алған. 1964 жылы атамызға соғыс ардагері ретінде республикалық дәрежедегі дербес зейнетақы тағайындалған. Сонда да еңбектен қол үзбей 1964-1985 жылдары аудандық автомобиль жолдары бөлімінің бастығы болып, жиырма жылдай жұмыс жасаған. Ол кісі аудан автожолдарын жөндеу, өзенше мен арналар үстіне көпір салу, ауыл-селоларға кірме жолдар салуда елеулі еңбек етті. Бірнеше рет облыстық партия комитетінің мүшесі, республикалық, облыстық, аудандық кеңес депутаты болып сайланды. Орталық комитет ЛКСМ, облыстық комитет, облыстық атқару комитетінің, республика автомобиль жолдары министрлігінің бірнеше Құрмет, мақтау грамотала­рына ие болды. Атамыз «Махамбет селосының Құрметті азаматы» атанды. Ол кісі Ұлы Отан соғысында Мәскеу үшін болған ұрыстарға қатысушы ретінде 1968 жылы жарық көрген «Варшава тас жолында» («На Варшавском шоссе») кітап авторларының бірі болған екен.

Құлшәріп атамыз үлкен шаңырақ иесі, өнегелі әке, адал жар болған кісі. 1938 жылы әжеміз Нағимамен отбасын құрып, Райыс, Сәлімжан, Бағытжан есімді ұлдар, Райхан, Нұрбике, Нұржамал есімді қыздарды өмірге әкеліп, немере-жиен, шөбере сүйген. Қазір атамның артында қалған ұрпағы алты баласы бүгінде алты шаңырақ болып отыр.

ӨМІРШИН БАҒЫТЖАННЫҢ ҰРПАҚТАРЫ

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT