ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫНА СӘЙКЕС, 18 ЖАСҚА ТОЛҒАН ӘРБІР ЕР АЗАМАТ ӘСКЕРИ БОРЫШЫН ӨТЕУГЕ МІНДЕТТІ. АЛАЙДА, СОҢҒЫ ЖЫЛДАРЫ СТАТИСТИКАЛЫҚ ДЕРЕКТЕР КӨРСЕТКЕНДЕЙ ӘСКЕРГЕ ШАҚЫРУШЫЛАР САНЫ АЗАЙЫП, ӘРТҮРЛІ СЕБЕПТЕРГЕ БАЙЛАНЫСТЫ АЗАМАТТЫҚ МІНДЕТІНЕН ЖАЛТАРУШЫЛАР САНЫ АРТҚАН. ҚОҒАМДА АЛАҢДАУШЫЛЫҚ ТУҒЫЗҒАН БҰЛ МӘСЕЛЕГЕ ОРАЙ ЖУЫРДА ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТТІҢ БЕДЕЛІН КӨТЕРУ БАҒЫТЫНДА БІРҚАТАР ӨЗГЕРІСТЕР ЕНГІЗІЛДІ. МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚАСЫМ- ЖОМАРТ ТОҚАЕВ «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ КЕЙБІР ЗАҢНАМАЛЫҚ АКТІЛЕРІНЕ ӘСКЕРИ-ПАТРИОТТЫҚ ТӘРБИЕ, ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТ ЖӘНЕ ЖЕКЕЛЕГЕН ОРТАЛЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАРДЫҢ ФУНКЦИЯЛАРЫН ҚАЙТА БӨЛУ МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША ӨЗГЕРІСТЕР МЕН ТОЛЫҚТЫРУЛАР ЕНГІЗУ ТУРАЛЫ» ЗАҢҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ. ЖАҢА ЗАҢ АЯСЫНДА ЕНГІЗІЛГЕН МАҢЫЗДЫ ӨЗГЕРІСТЕР ТӨМЕНДЕГІДЕЙ.
ӘСКЕРГЕ БАРУ УАҚЫТЫН ШЕГЕРУ
Әскерге бару уақытын шегеру мүмкіндігі әр білім деңгейі үшін тек бір рет қана беріледі. Мәселен, бакалавриатқа түскенде бір рет, магистратураға түскенде екінші рет кейінге қалдырылады. Ал егер бакалавриат пен магистратураға екінші рет түсетін болса, әскерден босатылмайды.
ӘСКЕРИ ЕСЕП АВТОМАТТАНДЫРЫЛАДЫ
Жаңа ережеге сәйкес, шақыру қағаз түрінде ғана емес, электронды форматта да жіберіледі. Әскерге шақырылушылар ұялы телефон нөміріне немесе eGov порталындағы жеке кабинетіне SMS арқылы хабарланады.
Цифрлық арналарға қолжетімсіз болған жағдайда, шақыру қағазы бұрынғыдай қол қоюға қолма-қол жеткізіліп немесе пошта арқылы жіберілуі мүмкін. Қағаз түріндегі шақыру қағазын қабылдаудан бас тартқан жағдайда ол бәрібір жеткізілді деп есептеледі. Құжатқа тиісті белгі қойылады және жергілікті әскери басқару органына қайтарылады. Сондай-ақ шақыру қағазын әскери комиссариат ғимаратында тікелей алуға болады. Бұл жағдайда келесі күні сонда көріну керек. Хабарландыру жүйесіндегі өзгерістерден басқа жобаның екінші кезеңін өткізудің жаңа нақты мерзімдері бекітілді. Енді ол жыл сайын өтеді. 1 наурыздан 30 маусымға дейін, 1 қыркүйектен 31 желтоқсанға дейін.
ПАТРИОТТЫҚ ТӘРБИЕ МЕН ДАЙЫНДЫҚ КҮШЕЙЕДІ
Әскери-патриоттық тәрбиелеу мен ел армиясының жағымды бейнесін қалыптастыру мақсатында ауқымды шаралар қолға алынады. Республикалық және өңірлік деңгейлерде әскери-патриоттық тәрбие жөніндегі үйлестіру кеңестері құрылады. Әскери-техникалық мектептер әскерге шақырушыларды ғана емес, азаматтық салада талап етілетін аралас жұмысшы мамандықтары бойынша әскери қызметшілерді дайындайды.
Мектептер мен колледждерде тереңдетілген әскери дайындық жүргізіледі. Оны аяқтаған оқушылар әскери жоғары оқу орындарына және келісім шарт негізіндегі әскери қызметке түсу кезінде артықшылыққа ие болмақ.
ЖОҒАРЫ БІЛІМ АЛУҒА ЖЕҢІЛДІК
Жаңашылдықтар қатарында әскери борышын өтеген азаматтарға да қосымша жеңілдіктер қарастырылған. Демобилизациядан кейін екі жыл ішінде олар ҰБТ мен қабылдау емтихандарынсыз жоғары оқу орындарына немесе магистратураға оқуға түсе алады. Дегенмен, оқыту ақылы негізде жүргізіледі.
Он бес жылдан астам әскери қызмет атқарғандардың балалары әскери жоғары оқу орындарына түсу кезінде жеңілдік алады.
Мемлекеттік грантпен оқитындар әскерден кейін грантты өтеуге міндетті болмайды. Қызметтен босаған кездегі оқуға берілген грант қорғалады. Әскерден кейін қайта келісім шартпен қызметке орналасу тәртібі жеңілдейді.