Қазақстан Республикасы Сенаты депутаты Сағындық Лүқпанов, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасы Мұрат Өтешов және бір топ облыстық мәслихат депутаты Махамбет ауданына іс-сапармен келді.
Мақсат — аудандағы су тасқынына дайындық барысын бақылау, атқарылған жұмыстармен танысу. Сенатор С.Лұқпанов аудан орталығында бөгет соғу жұмыстарына оң бағасын беріп, ерікті азаматтарға, көмекке келген әскерилерге алғысын жеткізді.
— Апат айтып келмейтіні анық. Соған байланысты Махамбет ауданының барлық ауылында дайындық жұмыстары қарқынды жүруде. “Жұмыла көтерген жүк жеңіл” дегендей, халықтың бірлігі арқасында топан судан аман қаламыз деген ойдамын. Облыстық ардагерлер кеңесі ерікті азаматтарға түскі ас беру акциясын ұйымдастыруда. Осы акция аясында бөгет соғуда еңбек етіп жүрген азаматтарға ризашылығымызды білдіретін боламыз. Еліміз тасқын судан аман болсын,- деді облыстық ардагерлер кеңесі төрағасы М.Өтешов.