Біріктірілген әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша 8 тәулікке қамаққа алынды.
Бұл туралы аудандық соттың баспасөз қызметі хабарлады. Бір жыл ішінде қайталап әкімшілік жаза қолданылған махамбеттік азамат Ақжайық ауылы, Махамбет көшесі бойында орналасқан Ақжайық ауылдық округі мекемесі ғимараты тұсында, яғни қоғамдық орында, алкогольдік ішімдік ішкен, масаң күйде жүрген. Сонымен қатар аудандық соттың қаулысымен мінез-құлқына белгіленген ерекше талаптарды бірнеше рет бұзған.
Махамбет аудандық сотында Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 440-бабының 3-бөлігі, 669-бабы 2-бөлігі бойынша құқық бұзушыға қатысты әкімшілік іс қаралды. Құқық бұзушы әкімшілік істер бойынша өз кінәсін толық мойындап, бұл әрекетін енді қайталамайтынын айтып көрсеткен.
Әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны бойынша кінәлі деп танылып, оған әкімшілік жаза ретінде 8 (сегіз) тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу жазасы қолданылды. Сот қаулысы заңды күшіне енді.
Сурет:дереккөз