Аудандық қорғаныс бөліміне Жаркент қаласында Отан алдындағы әскери борышын өтеп жатқан сарбаздан хат келген еді.
Хатта былай жазылған:
«Сәлем хат! Сәлеметсіздер ме Анашым, Әкешім, інім, қарындастарым! Қалайсыздар? Денсаулықтарыңыз жақсы ма? Бұл сіздердің сүйікті ұлдарыңыз, әскерден екінші рет хат жазуда, бірінші хатымды ант қабылдау күніне дейін жазған едім, ол сіздерге жетпепті, бұл жолы осы хат қолдарыңызға тиер деген үміттемін.
Ал енді бастасам, әскерге келген алғашқы айдың қиын болғаны рас. Ант қабылдау күнінен кейін оңай болып, үйреніп кеттік. Азанда тұру, әскери тамақ, ұйқы қанбай, қарын тоймай, тәтті-ащы жегіміз келіп біраз дел-сал күйге түскеніміз, тағы шындық. Үйді, ауылды сағынып, құдды бір басқа әлемге келгендей болдым. Бірақ намысқа тырысып, жолдастардың, жерлестердің көмегімен аяқтан тұрып кеттім. Ол күндер өтті, артынан ай өтті, шыны керек әскерде уақыт деген зулайды екен, қарайсың бүгін - дүйсенбі, көзді ашып-жұмғанша жексенбі бола қалады. Осылайша апта артынан апта өтіп, әскери ант қабылдау күні де болды.
Осы күнді бір жағынан қуана, бір жағынан қорқа қарсы алдық. Қуануымызға себеп: ата-анамызды, туған-туыстарымызды көремін деген ой, қорқуымызға себеп: офицерлер мен сержанттар ашулана қалса, «осыдан ант қабылдап алыңдар, содан кейін көрсетем сендерге» - деп жұдырығын түйетін. Алайда уақыт өте бәрі жәй ғана алдау екеніне көз жеткіздік.
Cонымен, ант қабылдау күні де жетті, көптен күткен күн еді. Анашым келді, «гражданканың» тамағын жеп, бір масайрап қалдық. Күндер баяғыдай жылдам өтіп жатты, неше түрлі қызықтар болды. Бір күні ротамызға таразы әкелді, бәріміз өлшендік, 68 кг болдым, кәдімгідей салмақ тастаппын, турникке де жақсы тартылып, жақсы жүгіре бастадым. Сөйтіп, ол күн де өте шықты, енді нені күтеміз деген ой келді, сөйтсек әскерде жаңа жылды қарсы алады екен. Дәл 31 желтоқсан күні сағат 21:20-да сарбаздар асханасына барып, концерт өткізіп қарсы алады екен. Жаңа достарыммен жаңа жылды қарсы алу – мен үшін үлкен ерекше сезім. Әскер қызық пен шыжыққа толы. Жаңа достар таптым. Әскер маған ата-ананың, үйдің қадірін, туған жердің қадірін түсінуді үйретті. Мұнда келгеніме еш өкінбеймін, алғаш келген күнімнен бастап алғыс хатымен марапатталдым. «Әскерге барамын» дегенімде маған қолдау көрсеткендеріңіз үшін рахметімді жеткізгім келеді. Менің осындай азамат етіп тәрбиелегендеріңіз үшін сіздерге де бөлім атынан алғыс айтылды.
Әскерге барып келген Нұркен есімді бауырым бір сөйлескенімде: «Бәке, әскер туралы әңгімені таңды таңға жалғап айтуға болады»,- деп еді. Рас сөз екен. Келіп, басы-қасында болғасын әбден көзім жетті. Жылдам ертерек барып, жұмысқа орналасып, айлығымды сіздерге беріп, еңбегімнің нанын жегізсем деген арманым бар. Басқа не жазамын, менде бәрі ойдағыдай, еш алаңдамаңыздар, Алла қаласа күзге салым үйде боламын.Сәлеммен, қатардағы жауынгер Бекет Есенгалиев» делінген.
«Жайық-Ақпарат»