Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңестегі қорытынды сөзді Сарайшыққа, оның ішінде сапар орталығына бұруы тегін емес.
Киелі орынға Мемлекет басшысының көңіл бөлуі Сарайшықтың ұлттық маңызы зор ескерткіш екенін көрсетеді. Жиын барысында:
- Сарайшықтың маңыздылығы мен танымалдығын арттыру үшін заманауи туризм инфрақұрылымы қажет. Әкімдік Үкіметтен визит-орталық құрылысына қаражат сұраған екен. Бірақ, келісімін әлі алмаған. Үкіметке осы мәселені дереу шешуді тапсырамын,-деген Қ.Тоқаев тарихымызды түгендеп, жас ұрпақтың санасына шежіремізді сіңіру үшін жасалатын жұмыстардың уақыт оздырмай жүзеге асуына баса назар аударып отыр.
Мемлекет басшысының тапсырмасын басшылыққа ала отырып, Сапар орталығының құрылысын жүргізіп, ел иглігіне беру Сарайшықтың республикамыздағы алдыңғы қатарлы туристік аймаққа айналдыруға бірден-бір кепіл болмақ Сарайшық та Түркістандай қазақтың астанасы болған.
Мемлекеттік деңгейде назар аударылуын, қазіргі Түркістандай өркендегенін қалаймыз. Өзіміз басқа өңірден келген қонақтарымызды сүйреп әкелетін жалғыз туристік нысанымыз да осы болғандықтан көне қаланың сақталуына да бәріміз атсалысқанымыз дұрыс.
Сондықтан үлкеннен кішімізге дейін Сарайшықтың дамуына қолдау көрсетіп, мақтанатындай жағдайға жеткізуге тырысайық. Алтын Ордадай империяның астанасы болған көне қаланың болашағы жарқын, әлемдік туристік нысанға айналғанына замандастарымның көзі жетер күнге жеткізсін деп тілеймін.
Айбек ТҰРАРҰЛЫ,
«Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени
музей-қорығы директорының орынбасары
Сурет:дереккөз