Тұрғындар тарапынан ауылдан шыққан өнер майталмандарын еске алатын мәдени шаралар көбірек өткізілсе, айтыс секілді қазақтың ұлттық өнерлері жиі насихатталса, жаңа мәдениет үйі салынса деген ұсыныстар болды.
Сарайшық ауылы тұрғындарының айтуынша, көп жылдардан бері шешімін таппай келе жатқан таза ауыз су мәселесі былтыр ғана тағайындалған жас әкім Нұрғуат Досқайыровтың қажырлы еңбегінің нәтижесінде мәресіне жетуге жақындаған көрінеді. Барлық құрылысы аяқтала келген су тазарту қондырғысын енді тездетіп сенімгерлік басқаруға беру ғана қалып тұр. Кейбір тұрғындар өз күшімен тұрбасын тартып, судың қызығын көріп те үлгеріп жатыр екен.
Жаңадан жол салынған көшелерде тұратын тұрғындар үшін суды тұрба арқылы тартып алуға асфальт кедергі болып тұрған жайы бар. Осындай жағдайда не істеуге болады? Бұл сауалға жауап берген ауылдық округ әкімі Нұрғуат Досқайыров құрылыс жұмысын жүргізіп жатқан мекеме асфальттың астын қазатын техникасы бар екенін, тұрғындар бірлесіп ақысын төлесе, тұрбасын жүргізіп беретінін мәлімдеді.
Тұрғындар тарапынан ауылдан шыққан өнер майталмандарын еске алатын мәдени шаралар көбірек өткізілсе, айтыс секілді қазақтың ұлттық өнерлері жиі насихатталса, жаңа мәдениет үйі салынса деген ұсыныстар да болды. Ескі Сарайшық көше ме? Жас мамандарға жалдамалы үйлер салына ма? деген сұрақтар қойылды.
Сұрақтарға жауап берген аудан басшысы Жәрдемғали Ахметов ескі Сарайшықтың ешқайда көшпейтінін, аумақтық даму бағдарламасы аясында инфрақұрылым жұмыстары басталатынын, көп балаларға аналарға үй алып беру, ауылдардан мамандар үшін тұрғын үй салуға облысқа ұсыныс берілгенін айта келе ауыл әкіміне игерілмей жатқан жерлерді қайтару, жұмыссыздықты азайту, қоғамдастықтың жиынын жиі өткізу, қоғамдық ұйымдардың жұмысын жандандыруды тапсырды.
Б.Сүйеуова