"Нұр Отан" партиясының кезекті XVIII съезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көпбалалы және толық емес отбасыларға, мүгедек балалар бар, аз қамтылған отбасыларға пәтер сатып алудың қолжетімділігін арттыруды тапсырды.
Бұл санаттағы азаматтарға Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы жылдық 2-3 пайызбен тұрғын үй заемын беру жеңілдіктері тетіктерін әзірленетінін және оған жыл сайын 50 млрд теңге бөлінетінін айтты. Бұған қоса алдағы үш жылда ірі қалаларда баспана салуға қосымша 90 млрд теңге бөлінбекші. Тәуелсіз елімізде соңғы жылдары бала туу саны артып келе жатқаны жасырын емес. Бүгінде көптеген шаңырақтардан сыңғырлаған сәбилердің күлкісін жиі естуге болады. Өкінішке орай олардың көбі пәтерден пәтерге көшіп, жалдамалы үйлерде тұрып жатыр. Енді көп балалы отбасылар үшін баспана алу қолжетімді болады деп ойлаймын. Ал атаулы көмек алып отырған көпбалалы отбасылардың әрбір баласына берілетін жәрдемақыны 21 мың теңгеге дейін өсіруді тапсырғаны да көңілге қуаныш ұялатты.
Біз де берекелі де мерекелі, тату-тәтті отбасын құрып, балаларымыздың бойына бауырмалдық пен сыйластықты сіңіріп, адалдықты ту етіп келе жатқан көп балалы отбасылардың біріміз. Алла берген денсаулықтың арқасында жолдасымыз Наурызбек Хасанов екеуміз адал еңбек етіп, 5 баланы өмірге әкеліп, тәрбиелеп отырмыз. Екеумізде Махамбет ауылының тумасымыз. Жолдасым аудандағы обаға қарсы күрес бөлімшесінде жүргізуші болып қызмет етсе, өзім Махамбет ауылдық округінде әлеуметтік қызметкер қызметін атқарамын.
Балаларымызды материалдық жағынан қамтамасыз етумен бірге, рухани тұрғыдан тәрбиелеуге баса мән береміз. Адалдыққа, ешкімнің ала жібін аттамауға үйретеміз. Қолымыздан келгенше бойларына қазақы тәрбиені сіңіріп келеміз. Қызметімде де үй шаруасын да, бала тәрбиесін де қатар алып жүруге тырысамын. Жолдасым мен өзімнің табысым Аллаға шүкір балаларымызды ешкімнен кем қылмай өсіруге жетіп отыр. Жыл сайын студент қызымның оқу ақысын да төлеп отырмыз. Әрине, әр баланың өз несібесі бар. Десек те өмірге баланы әкелгеннен кейін оларды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, ешкімге көз түрткі қылмай асырап, жеткізу ата-ананың міндеті деп білеміз. Бүгінгідей тәуелсіз елде, бейбіт заманда өмір сүріп жатқанымызға шүкіршілік етеміз.
Сәуле ШАКИМОВА,
көп балалы ана.