Аудан әкімі Жәрдемғали Бахуұлы аудандық мәслихаттың жаңа хатшысы Қайыржан Мажиевты ресми түрде қызмет орнына отырғызды.
«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 11-бабына сәйкес 7-ші шақырылған Махамбет аудандық мәслихатының алғашқы сессиясы өтті. Сессияның жұмысына аудан әкімі Ж.Ахметов, аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, ауылдық округтің әкімдері, қоғамдық ұйым, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Жиналысты ашып, жүргізген аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы С.Шотпақов жаңадан тіркелген депутаттарды таныстырып, оларға депутаттық куәлік пен төсбелгілер тапсырды.
Жетінші шақырылған Махамбет аудандық мәслихатының кезекті сайлауының қорытындысы бойынша «Қазақстан халық партиясынан» 1, «Nur Otan» партиясынан 9, «Ақ жол» демократиялық партиясынан 1 депутат партиялық тізім бойынша тіркелді. Сондай-ақ, жиында өкілеттігін аяқтаған 6-шы шақырылған аудандық мәслихат депутаттарын марапаттау рәсімі өтті. ҚР Парламенті Сенатының «Алғыс хаты» А.Қабеновке, облыстық және аудандық мәслихаттың «Құрмет грамотасы» М.Мырзашевқа, аудан әкімінің «Алғыс хаты» А.Құрманбаевқа берілсе, Махамбет ауданының «Құрмет грамотасы» О.Өтебаевқа, Н.Ерғалиевке, А.Құмарұлына, Ф.Тюринаға, С.Бөлековке, А.Қабдешовке және Б.Рахметұлына тапсырылды.
- Қазіргі заманда біздер үшін бірлігіміз, татулығымыз маңызды. Қиындықтар күтіп тұрғаны анық. Бірден жақсы болып кетеді деп айту да қиын. Талай қиындықты бастан кешірген қазақ ешбір қиындық мойынұсынбай тарих көшін алға жетелейді деп сенеміз. Бүгінгі сайланған депутаттарға, депутаттар корпусының жұмысына сәттілік тілеймін,- деді аудандық мәслихаттың IV,V,VІ шақырылымдарына сайланған депутат Н.Ерғалиев.
Салтанатты рәсім аяқталған кейін сессия өз жұмысын жалғастырып, күн тәртібіндегі мәселелерді ұсынылды. Оның ішінде Махамбет аудандық мәслихатының хатшысын сайлау, мәслихаттың тұрақты комиссиясын құру, келер сессияның төрағасын сайлау секілді мәселелер қаралды. Аудандық мәслихаттың хатшысы лауазымына депутат Қайыржан Мажиевтың кандидатурасы ұсынылып, ұсыныс бірауыздан мақұлданды. Мәслихаттың депутаттық корпусын толықтыруға квотаға сәйкес жастар мен әйелдерге мүмкіндік берілді.
- 10 қаңтарда өткен сайлауда «Nur Otan» партиясы айқын басымдық көрсеткені белгілі. Бүгінгі күні жетекші партия атынан аудандық мәслихаттың 7 шақырылымына сайланған жас депутат мандатын иемденіп отырмын. Әрине, өте қуаныштымын. Алдағы уақытта халықпен етене араласып, белсенді түрде жұмыс жасаймын деп сенім білдіремін,- дейді аудандық мәслихаттың VII шақырылымына сайланған депутат А.Байғалиева.
Кейін аудан әкімі Жәрдемғали Бахуұлы аудандық мәслихаттың су жаңа хатшысы Қайыржан Мажиевты ресми түрде қызмет орнына отырғызды. Осылайша кезекті сайлаудан кейін мәслихат хатшысынан бастап депутаттық корпусқа дейінгі құрам өзгеріске ұшырады.
Жалпы, мәслихат депутаттарының білім мен білігі, адами және кәсіби қабілеті аудандағы маңызды жобаларды қаржыландыруға қатысты шешім шығаруда таразыға түсетіні анық.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ