Ортақшыл ауылында мәдениет саласының ардагерлерімен кездесу кеші өтті

Өнер жолы – ауыр жол. Оны жүріп өту ерік-жігері мықты,  еңбекқор, мақсатына адал адамдардың ғана қолынан келеді. Өнерді «өмір» деп таныған өнер майталмандарының, мәдениет қызметкерлерінің мерекесіне орай «Самал» мәдениет үйінде «Ортақшыл мәдениетінің мақтаныштары» атты ауыл мәдениетінің өркендеуіне елеулі үлес қосқан жандармен кездесу кеші өткізілді.

 Шараның шымылдығы ауыл халқының жүрегінен ойып тұрып орын алған мәдениет майталманы Сәулемай Сатқанғалиқызын үнсіздікпен еске алумен ашылды. Кездесуге «Самал» мәдениет үйі пайдалануға берілген 70-жылдардың соңында қызметке қабылданған жас мамандар Дәрі Әділбай, Теміржан Есенғалиев,  Жайлан Сатқанғалиева және Сәуле Бляшева қатысты. Өткен шақ туралы ой қозғап, естеліктерімен бөліскен сала ардагерлері сағыныштарын домбыраға салып, әнмен жеткізді. Ауылда драма үйірмесі ашылған алғашқы жылдары Р.Тұрмұқанова мен Г.Жайлашевалар қойылымдарға қатысқандарын айтып, сағына еске алды.

2000 жылдары Ортақшыл ауылдық мәдениет үйіне күйші, ұстаз Гүлзира Есенбайқызы басшылыққа келіп, ауыл мәдениетін әрі қарай жандандырды. Әртүрлі сайыстарда, фестивальдерде жүлделі орындарды қанжығасына байлады. Күйші, ұстаз Елжан Камашев, көркемдік жетекші болған Бақтыгерей Бисешовтердің де ауыл мәдениетіне қосқан үлестері аз емес. «Ұстаздан шәкірт озар» дегендей, қазіргі уақытта Гүлзира Есенбайқызының шәкірттері керемет жетістіктерге жетіп, қуантуда.  Бүгінде «Самал» атауын иеленген мәдениет үйін жас та болса, бас болған Бексұлтан Маратұлы басқаруда. Тағылымды шараға қатысқан мәдениет майталмандары жас маманға және оның ұжымына ауыл мәдениетін дамыту жолындағы қызметтеріне сәттілік тіледі.

– Бексұлтан Маратұлының ұйымдастыруымен ауыл мәдениеті мен өнерін насихаттауда көптеген шаралар өткізіліп жүргені бәріңізге мәлім. Ұжымдағы басқа да мамандармен бірге ұйымдасып, алға қарай да жақсы жетістіктерге қол жеткізе бер демекпін. Бір кезде біз де жас болдық, жігерлендік, өнермен өрге ермеледік. Бүгінгі кездесуге шақырғандарыңызға бек рахмет. Өткенді еске алып, бір марқайып қалдық. Мәдениеттің майданында жеңісті күндеріңіз көп болсын,- деді сала ардагері Дәрі Есімұлы.

Сәулемай Сатқанғалиқызының келіні А.Алпатанова ұйымдастырушыларға жүрекжарды тілегін білдірсе, кітапхана меңгерушісі Әлия Өтепбергенқызы мәдениет қызметкерлері күніне арналған кітап көрмесімен таныстырды. Есбол ауылдық округі әкімі Алмас Төлеген мәдениет саласының ардагерлері мен қызметкерлерін мерекемен құттықтап, өнер саласындағы ұшан-теңіз еңбектері үшін алғысын білдіріп, алғыс хат пен сый-сияпатын ұсынды.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521