Тұрғындар талап-тілектері тыңдалды.
Жалғансай ауылының тұрғыны Н.Шайхиева тұрғын үй мәселесі бойынша келгенін мәлімдеді. Жолдасы «Сичим» компаниясында жұмыс жасайды. Жалғансай ауылынан жер алып бастап тұрғын үй салып қойғанымен, аяқтауға мүмкіншілігі жоқ. Мүгедек бала тәрбиелеп отырған ана ретінде тұрғын үймен қамтамасыз етуді сұрады. Тұрғын үй кезегіне тек 2019 жылдың 8 сәуірінде №304 болып тіркелген. Н.Шайхиеваның өтінішін мұқият тыңдаған облыс басшысы қолданыстағы заңдылықтарға сай кезегі келгенде ғана тұрғын үймен қамтылатынын түсіндірді.
Аудан басшысы Ж.Ахметов аудандық әкімдіктің атынан жолдасы қызмет ететін «Сичим» компаниясына құрылысы аяқталмаған үйлерін бітіріп алу үшін материалдық көмек беруді өтініп, хат жазуға болатынын айтты. Сарайшық ауылының тұрғыны О.Хисметқызы әскерден келіп, Атырауда жұмыс жасап жатқан немересіне, Атырау қаласынан үй беруге көмек қолын созуды өтінді. Бірақ тұрғын үй кезегіне тіркелмеген көрінеді. Батыр анаға заң бойынша кезекке тіркелмегеннен кейін тұрғын үй берілмейтіні және ешқандай санатқа жатпайтын адамдарға кезекке тұруға да мүмкіндік берілмейтіні түсіндірілді. Бірақ немересі жұмыс жасап жатса «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» арқылы, алғашқы жарнасын төлеп үй алуға болатыны айтылды.
Махамбет ауылының тұрғыны, кәсіби тігінші, жеке кәсіпкер болып жаңадан тіркелген А.Манатова малдың жүнінен көрпелер жасау әдісін толық меңгергенін, осы кәсібін ары қарай кеңейткісі келетінін айтып, мемлекеттік бағдарлама арқылы жобасына қайтарымсыз қаражат сұрады. А.Манатованың бұл өтініші, құжаттары барлық талапқа сай келіп жатса, аудандық және облыстық кәсіпкерлік басқармалары арқылы қолдау табатын болды.
Махамбеттік 7 балалы әке Қ.Сәрсенов атаулы әлеуметтік көмекке қатысты өтінішін білдірді. Оған құжаттары 2020 жылдың 16 қаңтары күні учаскелік комииссияда қаралып, №1 хаттамаға сай «Атаулы әлеуметтік көмекті қажет етеді» деген комиссияның қорытындысымен аудандық жұмыспен қамту орталығына жолданғаны айтылды.Ауыл тұрғыны О.Иманғалиева өзінің де және анасынан жетім қалған жиені Ж.Аманғалиевтың да тұрғын үй кезегінде тұрғанын айтып, пәтермен қамту тездетіп шешілсе деген өтінішін білдірді.
Тұрғынның өтінішіне жауап берген аудан басшысы О.Иманғалиеваның өзі тұрғын үй кезегінде 266 болып тұрғанын, ал жиені 11-ші болып тұрғанымен кәмелеттік жасқа толмағандықтан дәл қазір үй ала алмайтынын түсіндірді.
Бейбарыс ауылында орналасқан «Первомайский» ЖШС басшысы Аманжол Есқараев лимандық жерлерге су айдағаны үшін, ауылшаруашылығы министрлігі тарапынан бұрын төленіп келген субсидия өткен жылы төленбей қалуына байланысты, Қазсушар мекемесіне ірі көлемде қарыздар болып қалғанын айтып, аудан әкімінен бұл іске араласып, көмек қолын созуды өтінді. Бұл мәселеге байланысты жауап берген облыс әкімі М.Досмұхамбетов өткен жылы екі мекеме арасында келісім-шарт жасалып кеткендіктен, оны қайта бұзу мүмкін болмайтынын, тек сот шешімі арқылы бөліп төлеуге мүмкіндік беруге ғана ықпал етуге болатынын айтты.
Жалғансай ауылының тұрғыны А.Мұқашев істі болуына байланысты барлық есепшоттары кілттеніп қалғанын, соның кесірінен жұмысқа кіріп отбасын асырай алмай отырғанын айтып, жұмысқа орналасуға ықпал етуді сұрады. Облыс әкімі бұл мәселе тек республика деңгейінде ғана шешілетінін түсіндірді.
Сондай-ақ тиісті мекеме басшыларына осы азаматтың мәселесімен айналысуды, сәл де болса көмектесуге мүмкіндік болса, қол ұшын созып, жұмысқа орналастыруды тапсырды.
Б.СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ