«Nur Otan» партиясы Атырау облыстық ХХХІІІ есеп беру-сайлау конференциясы өтті

«Аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетовтің төрағалығымен «Nur Otan» партиясы Атырау облыстық ХХХІІІ есеп беру-сайлау конференциясы болып өтті»,- деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.

Конференцияға Саяси кеңес мүшелері, мәслихат депутаттары, жергілікті атқарушы органдардың басшылары, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары мен «Jas Otan» Жастар қанатының мүшелері қатысты. Күн тәртібінде «Nur Otan» партиясы Атырау облыстық филиалы Саяси кеңесі мен бақылау-тексеру комиссиясының 2019-2020 жылдары атқарған жұмыстарының есебі тыңдалып, алдағы кезеңге арналған міндеттері қаралды. Аймақ басшысы, «Nur Otan» партиясы Атырау облыстық филиалының төрағасы Махамбет Досмұхамбетов партияның мұрындық болуымен атқарылған жұмыстарға тоқталды.

«Елбасы бастамасымен «Nur Otan» партиясы да уақыт талабына сай жаңару жолына түсіп, жаңа белестерді бағындыруда. Партияны қайта жаңғырту - бұл қазіргі заманғы талаптарға нақты жауап. Бұл бірқатар әлеуметтік маңызды, қоғамдық-саяси мәселелерді жергілікті деңгейде шешуге мүмкіндік берді. Елбасы ұсынған жаңа механизм - бұл ел дамуындағы кезекті нақты қадам және партияны халықпен өзара іс-қимылдың жаңа деңгейіне шығарды»,-деген өңір басшысы сындарлы сәттерде нұротандықтар әрдайым халықтың жанынан табылып, қиын да күрделі міндеттерді атқарып келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, облыс әкімі VI шақырылым мәслихаттардағы депутаттық фракциялардың 151 мәжілісі өтіп, онда 340 мәселе қаралып, 270 ұсыныс мемлекеттік органдарға жолданғанына тоқталды. Оған қоса, соңғы екі жылда 3 мыңнан аса іс-шаралар мен депутаттық фракцияның мүшелері 706 қоғамдық қабылдау өткізген. Филиал төрағасының айтуынша партия былтырғы өткізілген праймериз іріктеу жұмыстарында белсенді рөл атқарған. «Атырау облысы бойынша партияішілік іріктеу - праймеризге 408 адам ұсынылып, оның 404-і кандидат ретінде тіркелді. Дауыс беру қорытындысы бойынша өңір партия мүшелері жоғары саяси белсенділік танытып, Атырау облысының 22 мыңнан аса партия мүшесі немесе 94,4 пайызы дауыс берді, бұл республика бойынша бірінші көрсеткіш»,-деді Махамбет Досмұхамбетов.

Сондай-ақ, кездесуде ағымдағы жылы сайланбалы органдардың өкілеттік мерзімдері аяқталуына байланысты, Атырау облыстық партия филиалы Саяси кеңесінің 31 адамнан тұратын құрамы мен Бақылау-тексеру комиссиясының жаңа құрамы бекітілді. Жиын соңында филиал төрағасы алдағы жұмысты тиімді қамтамасыз ету үшін «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты 2021-2025 жылдарға арналған Сайлауалды бағдарламасының орындалысын бақылауға алуды тапсырды. Оған қоса, депутаттық фракциясының мүшелері барлық әлеуметтік топтармен кері байланысты нығайтуды, саяси және идеологиялық жұмыстарды одан әрі жетілдіруді міндеттеді. Айта кету керек, бүгінгі күні облыстық филиалда 108 бастауыш партия ұйымына біріккен 24 мыңға жуық партия мүшелері бар.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT