Бұл күнде сексеннің сеңгірінен өрелі ой, салиқалы сөз қозғаған Исатай, Махамбет, Индер аудандарының, сондай-ақ Атырау облысының «Құрметті азаматы», облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуановты білмейтін адам кемде-кем.
Ол өзінің саналы ғұмырын Нарын құмы мен Жайық бойында жалғастырып келеді. Осынау қыран қия сексен таудың сілемдеріне бір сәтке жанар суарып, төңіректі шолып, бір қарар болса, соңындағы құс жолындай сайраған ізді көрер еді. Ол – Қатимолла ағамыздың жүріп өткен еңбек жолы, өмір соқпақтары. «Жақсының жақсылығын ай, нұры тасысын» дегендей, аудандық «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы ғимаратында өткен мерейгермен кездесу жиынында Қатимолла ағамыздың қарапайымдылығы, адамгершілік асыл қасиеттері туралы кеңінен сөз қозғалды. Қатимолла Ризуановтың шәкірттері, үзеңгілес інілері, серіктестері бас қосқан еркін форматтағы жиынды кіріспе сөзбен ашқан аудан әкімі Жәрдемғали Бахуұлы жазиралы Жайық бойын жағалай қоныстанған ызғындай елдің бүгінгі тыныс-тіршілігі, Елбасы Жолдауларынан туындайтын нақты тапсырмаларды орындаудағы талпыныстары туралы қысқаша баяндап өткен аудан басшысы мерейгерге құттықтау хат ұсынып, иығына зерлі шапан жапты. Ауданның 90 жылдығына арналған мерекелік медальді кеудесіне тақты. Аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Н.Саменов ағамыз да тасқа басылған тілегін жеткізіп, сый-сияпатын табыс етті. Дастархан басында емен-жарқын әңгіме дүкен құрған замандастар өткен күндер естелігін бір ақтарып шықты.
–Қатимолла екеуміз бір жылдың төліміз,-деді құрдастығын меңзеген ардагер ағамыз Мәндірғали Оразғалиұлы, –«болар бала он үшінде баспын дер» дегендей, Қатекең жастайынан сабаққа зерек, өнерге жақын болып өсті. Қоғамдық жұмысқа белсенділігі, ұйымдастырушылық қабілеті оны өзгелерден даралап тұратын. Осындай туабітті талантымен топ жарып, жалындаған жастық жігерін халқына пайдалы іске арнады. Комсомол мектебінде шыңдалып, идеология майданының алдыңғы шебінен көрінді. Талай партия, кеңес қызметтерін абыроймен атқарып, елмен етене еңбек етті. Заманы бір құрбыма таупиықты ғұмыр тілеймін.
Ардагер спортшы Жылқайдар Сұлтанов мектепте Қатимолла ағамыздан дәріс алғанын айтса, Тыныштық Үмбеталиев қара домбырасымен қазақ деген ұлт барын әлемге танытқан дәулескер күйші Қ.Ахмедьяровтың есімін мәңгі есте қалдыру үшін Таңдайдағы Қаршығаның өзі оқыған мектебіне атын беру туралы ұсыныс түскенде қолдап, құзырлы орындарға сөзін өткізгені үшін ризашылығын білдірді. Әулетімен өнерпаз алғалық Тілеген Ұзақбаев ағамыз да мерейгер жайлы жылы лебіз білдіріп, домбырамен қосылып, Сүгірдің термесін төгілтті. Мерейгер ағасының шашбауын көтеріп, қаладан бірге ілесіп келген мемлекеттік қызмет ардагері Зұлпыхар Сүйенішев егемендіктің елең-алаң шақтарындағы қиын кезеңдерде бірге қызметтес болып, ел мүддесі үшін тер төккендерін еске түсірді. Кездесу жиынына қатысып отырған ардагерлер Ұзақбай Төлегенов пен Мұрат Ещановтар да өз сөздерінде Қатимолла ағамыздың жұртшылыққа мәлім, беймәлім қырларын ашқандай болды.
Ашық пікір алмасу бағытындағы кездесу одан әрі сұрақ-жауап түрінде өрбіді. Аудандық қоғамдық кеңес төрағасы, аудандық мәслихат депутаты Сағынғали Шотпақовтың «Махамбеттің мүрдесін қазып алып, қайтадан жерлеу рәсіміне қатысқаныңызды айғақтайтын тарихи суреттер сақтаулы. Сол жөнінде өз аузыңыздан естісек?» деген сауалын қабыл алған Қатимолла ағамыз сол бір ат үстіндегі мазасыз күндер жайлы тарқатып айтып, көңіл архивін жайып салды.
–Махамбет ауданы мен үшін ерекше ыстық,-деді осынау әсерлі кездесуге шынайы ықыласын білдірген Қатимолла ағамыз, – өйткені, менің алғашқы еңбек жолым осы ауданнан басталды. Осы киелі топырақта жар сүйіп, жаңа өмірге қадам бастым. Қызмет баспалдақтарымен жоғарыладым. Мұның бәрі мені ерекше сезімге бөлейтін өмірбаян парақтарының жарқын беттері.
Қайрақтай қайратты, көк шулан шашын артқа қайырған Қатимолла ағамыз бір сәтке тұнжырап, ойға шома қалғандай. Бәлкім белсенді өмір сүру дағдысын қалыптастырған ағамыздың көз алдынан романтикаға толы жалынды жастық жылдары жезкиіктей жөңкіліп өткен шығар...
Н.ЕРҒАЛИЕВ