Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Жайық-Каспий бассейініндегі түбтазалау жұмыстарының барысымен, «Ақ Жайық» табиғи резерватындағы балық өту арнасының жай- күйімен танысып, бұрынғы «Атыраубалық» зауытының да аумағына барып қайтқан болатын.
Түбтазалау жұмыстарының мердігері «Павлодар өзен порты» АҚ өз жұмыстарын Жайық өзені сағасындағы Яицкий каналы мен Қиғаштың Ганюшкин және Жарқосын каналдарында жүргізіп келеді. Бұл, көктемде уылдырық шашу үшін балықтардың өзенге өтетін негізгі арналары. Олар он шақты жылдар төңірегінде тазаланбаған, соның салдарынан тайызданып кетіпті. «Мынау уақтылы қолға алынған жұмыстар және олардың маңыздылығы да өте жоғары»,- деп атап өтті аймақ басшысы. Түбтереңдету жұмыстарының жалпы ұзындығы бұл жерде шамамен 45,5 км. құрайды. Оның үстіне, теңіз бағытына қарай тереңдігі 2,5 метр, ені 25 метрді құрайтын жаңа каналдың құрылысы қарастырылған. Осы сапар қорытындысымен облыс әкімі Нұрлан Ноғаев «Ақ Жайық» табиғи резерваты аумағында туризмді дамыту және қосымша бақылау қосындарын орнату жөнінде тапсырмалар берді. Қосындарды орнату соңғы әзірде жиілеп кеткен дала өрттерінің және балық саудасының заңсыз айналымының алдын алуға септігін тигізеді. - Шығынды аз талап ететін бұл құрылым резерват қызметкерлерінің жұмысын әрі жеңілдетіп, әрі тиімділігін арттырады. Оның үстіне, алыс қашықтықты да қадағалауға мүмкіндік беретін арнайы дрондарды сатып алуды да қарастырыңыздар. Бірақ, бұның барлығы да жергілікті аң мен құстарға кеселі мен кедергісін тигізбеуі керек. Серік Жамбылұлы, осы жылдың соңына дейін қосымша қадағалау қосындарын салу мен дрондарды сатып алып беру жағдайын ойластырыңыз,- деп әкім тапсырма берді. «Ақ Жайық» табиғи резерватының басшысы Нұрболат Кәрімовтың сөзіне қарағанда, облыс әкімінің туризмді дамыту бағытындағы тапсырмаларын орындау барысында, резерват аумағында бірнеше туристік бағыттар жасақталып жатқан көрінеді. Сонымен қатар, балық қорғау бойынша да көптеген шаралар жүзеге асырылып, «Бекіре- 2019» алдын алу- жедел әрекеттері бойынша да бекітілген істер атқарылып келеді екен. - «Бекіре-2019» шарасы басталғаннан бері балық саудасының заңсыз айналымына қатысты әкімшілік құқықбұзушылық бағытында 49 факті тіркелген. Мысалы, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 26 факті анықталды. Оның ішінде, уылдырық шашу кезінде балық аулау мен резерват аумағында болу секілді жағдайлар да тіркелген. Туристк бағыттарға келер болсақ, қорықтық аймақта біздер арнайы сүрлеу жолдар жүргізгенбіз. Қызметкерлеріміздің көмегімен туристер резерват аумағында серуендеп, арнайы моторлы қайықтармен Каспий теңізіне де шығуға мүмкіндік қарастырылған. Сонымен қатар, арнайы белгіленген жерлерде салмағы бес келіден аспайтын балықтарды да қармаққа аулау рұқсат етілген. Резерватқа зор қызығушылықты шет елдік туристер танытып отыр. Қазір инфрақұрылымды дамыту жағын қарастырудамыз, - дейді Нұрболат Кәрімов. Бұрыңғы «Атыраубалық» зауытына барған кезде анықталғанындай, қазір кәсіпорынның баланстық құнын анықтау шаралары жүргізіліп жатқан көрінеді. Сырттай қарағанның өзінде де, зауыт нысандары мен ғимараттары тұрғындарға қауіп төндіріп тұрғаны байқалды. Апатты ғимараттар құлаудың аз – ақ алдында тұр. Бос қалған кәсіпорын аумағында аймақ басшысы цистерналардан мазуттың төгіліп жатқанына назар аудартты. - Бұл Жайық өзені жағасына таяу жер, ағылып жатқан май табиғатқа зиянын тигізуде. Сіздің қызметтік мақсатыңыздың құзырына орын алған кемшіліктерді анықтау ғана емес, соларды жою де кіреді. Табиғатқа келтірілген елеулі немесе елеусіз залалдың болмайтыны туралы жауапкершілікті жіті түсінген абзал. Табиғатқа келтірілген залал- орны толмайтын немесе заласыздандырылуы өте күрделі апаттар. Таяу арада жерді мазуттан тазалауға дайындау қою керек,- деді Ноғаев. Атырау қаласының әкімі Әлимұхаммед Құттымұратұлы нақтылағанындай, бұрыңғы балық өңдеу зауытының аумағы қалалық әкімдікке қарайды екен, баланстық құны анықталған соң, мұнда жаңа ықшам аудан салыну жоспарлануда екен.
Камилла Сылыбаева
Фото Өңірлік коммуникация қызметінікі