Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Индер ауданы әкімінің есеп беру кездесуіне қатысты, деп хабарлайды Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.
Индер ауданының әкімі Мейірім Қалауидің айтуынша, ауданда ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 8 млрд 511 млн теңге болған, яғни өткен жылмен салыстырғанда 484 млн теңгеге артық. Сонымен қатар, аудандағы 19 мекеменің өнеркәсіп өнімі 2 млрд 128 млн теңгеге жетіп отыр.
Аудан бойынша 343 200 га жердің 246 436 гектары, яғни 71,8% цифрландырылып, электронды картаға енгізілген. – Бұл жұмыстар алға қарай жалғасын табады, жер ресурстарын пайдаланудың ашықтығын қамтамасыз ету үшін осындай шаралар керек. Сонымен бірге, облыс әкімі бұған дейін де айтқандай, жақында ауыл шаруашылығын субсидиялау электронды үлгіге көшіріледі, – деді аудан әкімі.
Аудан әкімі баяндамасында құрылысы жүріп жатқан және болашақта жоспарланған нысандарды атап өтті. Қазір аудан орталығында төрт 48 пәтерлік тұрғын үй құрылысы жүруде, ол 192 отбасыны баспанамен қамтитын болады. 18 нысанның жобалау-сметалық құжаттамасы дайындалып, сараптамадан өтті. 19 нысанның құжаты сараптамаға ұсынылған.
–Мен Индер ауданы әкімінің атқарған қызметіне оң баға беремін. Бірақ бұл істе аудан тұрғындарының белсенділігі де маңызды, бәріңізге қолдауларыңыз үшін алғыс айтамын. Жұртшылық пен мемлекеттік органдар арасындағы өзара байланысты нығайту мақсатында аудан басшылығына, жауапты органдарға ай сайын Ашық есік күнін өткізу тапсырылды. Шара аясында тұрғындар үшін барлық әкімдіктер мен әлеуметтік мекемелердің есіктері ашық болады. Басқарма басшылары, аудан әкімдері журналистер мен телекөрермен алдында сөз сөйлейді, жақыннан бері әлеуметтік желілер арқылы тікелей байланысқа шығып, тұрғындардың сауалдарына жауап беретін болды. Біз бұл жұмысқа әлі де назар аударамыз. Барлық деңгейдегі әкімдіктер халықпен тығыз байланыста болулары керек, – деді аймақ басшысы.