Мерекелік шара ерекше балаларға арналды

Бүгінгі ұрпақ - ертеңгі болашағымыз.

Аудан орталығындағы «Нарын» базары алаңында 1 маусым - балаларды қорғау күніне орай «Бар жақсылық балаларға» атты мерекелік шара өтті.

maysym10621-1

Шара бастан аяқ ерекше балаларға арналды. Аудан әкімінің орынбасары Света Аманшиева балаларды мерекелерімен құттықтап жылы лебізін арнады.

- Жадыраған жаздың алғашқы күнінде өздеріңізді төл мерекелеріңізбен құттықтаймын. Бұл күн балалардың әрдайым қамқорлықта, ал үлкендердің олар үшін жауапкершілікте болуын еске салатын күн. Сондықтан еліміздің ертеңі саналатын сендердің болашақтарыңды баянды ету - біздің парызымыз. Яғни, мемлекетіміз сендердің болашақтарыңа үлкен сенім артып, барлық жағдайларды жасап отыр. Бұл сендер үшін ең маңызды күн, өйткені ол еншілеріңе тиген төл мейрамдарың болып есептеледі.

Қадірменді ата-аналар!

Бүгінгі ұрпақ - ертеңгі болашағымыз. Қоғамды одан әрі дамытып, жетілдіретін ұрпақ, ал ұрпақ тәрбиесі адамзат баласының асыл мұраты. Биылғы мереке пандемиялық жағдайға байланысты ерекше жағдайда ұйымдастырылып отыр. Осыған орай біз осы шараны кең көлемде емес, шағын түрде ерекше балалармен өткізуді ұйғардық.

Мүмкіндігі шектеулі бала қоғамның толық мүшесі болуға лайық және өмірге құштар ерекше жандар. Біздің мақсатымыз - ерекше баланың танымын, тілін, ой-өрісін дамытып, дүниенің бір кірпіші қылып қалау.

Заман ағымынан қалмай жан-жақты дамуға жаны құмар ерекше балалардың қоғам өміріне белсене араласуына толық мүмкіндігі бар. Оған мемлекетіміздің қамқорлығы мен қолдауы, атқарылып жатқан жұмыстары куә.

sy10621-3

Ендеше, әрбір отбасында балалар саны артып, еліміздің тұғырын биік ұстайтын бүлдіршіндеріміз өсе берсін! Мереке құтты болсын, ағайын! Шара барысында ерекше балалар қағазға және жерге бормен сурет салып, өз өнерлерін көрсетті. Сурет салу сайысына белсене қатысқан барлық балаларға арнайы дипломдар мен ескерткіш сыйлықтары табыс етілді.

sy10621-4

Ауданның кішкентай өнерпаздары Дәулет Ахмади «Әжетайым», Мағжан Мәмбетиязов пен Айзере Есенғалиева «Million dreams» әндерін шырқаса, «Әсем-ай», «Еркем-ай», «Нұр-ару» би топтары мың бұралған билерімен шара қатысушыларына керемет көңіл-күй сыйлады. Гүлсая Меңдігерева ұлы Елнұр Шаймарданмен бірге «Ана мен бала» әнін орындап көрерменді тәнті етті. Ал Ибраһим Сұлтанов пен шәкірті Еркеғали Нияз Дәулеткерейдің күйі «Қосалқаны» күмбірлетті.

maysym10621-2

Әлия Атауллина, ерекше баланың анасы:

-Бүгінгі мереке өте керемет өтіп жатыр.Балаларымыздың көңіл-күйлері көтеріліп, мәз-мәйрам болуда. Сурет салып, сайысқа қатысып, қуанышқа бөленуде. 1 маусым - балаларды қорғау күнін ерекше балаларға арнап, осындай керемет шара ұйымдастырғаны үшін аудандық әкімдікке ерекше баланың анасы ретінде алғысым шексіз. Сәбилердің жүзінен ешқашан күлкі кетпесін деп тілеймін. Мерекеден мерекеге аман-есен жете берейік!

1maysym10621

Кемеңгер Темірхан 6 жаста:

-Бізге осындай күшті көңіл-күй сыйлаған әкім ағаға рахмет айтамын. Мен өскенде полиция болып, әлсіздерге көмектесіп, қорғайтын боламын.

Б.СҮЙЕУОВА

Сурет:автордікі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT