Ең алғаш 2000 жылы «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңға қол қойылып, күшіне енгеннен кейін мемлекеттік қызметке іріктеу басталғанда тест тапсырып, әңгімелесуден өтіп, жұмысқа қабылдандым. Содан бері міне, 25 жыл өтіпті.
25 жыл біреуге көп, біреуге аз болуы мүмкін. Мен үшін бұл жылдар өмір мектебі болды. 2000 жылға дейін өзім туып - өскен жерім Қызылқоға ауданы, Жасқайрат ауылында орта мектепте білім алып, кейін Батыс Қазақстан ауылшаруашылығы институтын бухгалтер мамандығы бойынша бітірдім. Отбасылы болуыма байланысты Алға ауылына қоныс аудардым. Сол жылдары мемлекеттік қызмет жүйесі іске қосылып, бұған дейін өндірістік салада жұмыс жасаған маған мемлекеттік салада жұмыс жасау көп қиындық әкеле қоймады. Ең алғаш жұмысқа келгенде қағазды машинкамен басатынбыз, компьютер кейінірек келді. Оны үйреніп біраз жүрдік, процессор арқалап «бағдарламалар құйдырамыз» деп, Жайықтың арғы бетіне қайықпен өтіп, аудан орталығына келетінбіз. Ауылдың түгелге жуық үй, жерлеріне қатысты құжаттарын қайта жасау жұмыстары жүргізілді. Мал саны, адам санын үй аралап, түгендеп жүретінбіз. Сайлау науқандарында сайлаушыларды түгендеу басталады. Көктемгі, күзгі санитарлық тазалық кезінде санитарлық – эпидемиологиялық орталық мамандарымен бірігіп, рейдтер жүргізіледі. Ол кезде жұмыс осындай қарбаласқа толы болатын. Аудан әкімі аппаратының ұйымдастыруымен өтетін семинарларға қатысып, пікір айтып, тәжірибе алмасамыз. Ол кездерде мемлекеттік қызметте үш жыл сайын қызметкерлер аттестаттаудан өтеді. Мемлекеттік әкімшілік қызметкерлерді аттестаттау — бұл олардың кәсіби даярлық деңгейін, қүқықтың мөдениеті мен азаматтармен жұмыс жасай білу қабілетін айқындау үшін керек. Оның пайдасы Заңға енгізіліп жатырған өзгерістерді оқып, жаттайсың.
Елге пайдамды тигіземін деген әрбір азамат мемлекеттік қызметке бет бұруы керек деп ойлаймын. Бірде мемлекеттік қызметкердің сұхбатын оқығанмын. Ол өз сөзінде: «Шетелге оқуға барып, облыста лауазымды жұмыстар жасадым, бірнеше мектеп салдырдым, тағы да басқа жұмыстар атқардым деп айтып жатсам, оларды «өз ақшаңа салдың ба?» деп сұрады дейді. «Жоқ, Үкімет ақша бөлді» десем, «Онда неге айтасың, ол Үкіметтің жасаған жұмысы, сен еңбекақыңды алып отырсың, басшылық жасау міндетің, ол сен жасаған жұмыс емес, қалтаңнан болмаса, демеуші тауып жасаған жұмыстарыңды айт» - деген екен. Сол айтқандай бұл жерде бюджет қаржысын мақсатты жұмсау үшін әрбір мемлекеттік қызметкердің өзіндік ұйымдастырушылық қабі- летімен қатар жаңа бастамалары мен ұсыныстары болуы керек, сонда ғана ел үмітін толық ақтайды деп сенемін.
Барлық деңгейдегі мемлекеттік қызметкерлерді келе жатқан Мемлекеттік қызметкерлер күні мерекесімен құттықтаймын. Мемлекеттік қызметтегі негізгі қағидаттарыңыз – адалдық, кәсібилік, құзыреттілік, ашықтықта болып, басты мақсаттарыңыз – азаматтардың әл-ауқатын арттырудағы еңбектеріңіз жана берсін. Денсаулықтарыңыз мықты, отбасы амандығын тілеймін.
Гулнар Хасанқызы,
Алға ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы