Мал азығы қанша тұрады және оны дайындаудың машақаты қандай?

Мал азығы қымбат.

Тірлігі төрт түлікпен байланысты ауыл тұрғындары үшін қылышын сүйретіп қыс келмей тұрып, қыс шанасын жаз сайлау жылдағы қалыптасқан дәстүрлердің бірі. Мал басын көбейтуді егін шаруашылығымен байланыстырған шаруашылық иелері қысқа дайындықты көктем келісімен бастайды. Ал егін егуге қауқары жоқ қарапайым халықтың дайын шөпті сатып алудан басқа амалы жоқ. Мал азығы құнының жыл сайын өсуі нарықтағы ет пен сүт бағасына тікелей әсер етуде. Мал азығы қанша тұрады және ал оны дайындаудың машақаты қандай? Қыста қиналмас үшін қандай дайындық шаралары жүргізілуде? Ендеше, осы сұрақтарға жауап іздеп көрейік.

Ауылшаруашылығы, соның ішінде мал шаруашылығымен айналысатын біздің ауданда қыстық мал азығын дайындаудың маңыздылығы күн өткен сайын артуда. Қазіргі таңда қыстаққа мал азығының мол қорын дайындау басты міндеттердің бірі болып отыр. Аудандық ауылшаруашылығы мамандарының мәліметінше, аудан бойынша 15540 – бас мүйізді ірі қара, 39513 бас – қой-ешкі, 5302 бас – жылқы, 3590 бас – түйе бар. 2019-2020 жылдары қыстаққа түсетін шартты мал басына қажетті ірі сабақты мал азығына қажетті 56984 тонна мал азығының 56992 тоннасы дайындалып, жоспар 100 пайызды көрсетуде. 3718 гектар егістік, 102975 гектар жайылым мен шабындық алқаптары электрондық картаға енгізіліп, егістік бойынша жоспар (3661 га) 101%-ға, жайылым мен шабындық жоспары (199200 га) 51,7% орындалған.

40 гектар егін алқабы мен 900 гектар шабындықты алып жатқан аудандағы ірі шаруа қожалық иелерінің бірі Аманжол Есқараев. Ол үшін мал азығына дайындық көктем келісімен басталатын қарбалас тірлік. Оның айтуынша, мал азығы былтырғы деңгеймен салыстырғанда бірдей көлемде дайындалыпты. Бүгінде қыстаққа 1100 асыл тұқымды сиыр, 750 бас түйе, 400 бас жылқы түсіп отыр. Жыл бойы 50 тонна шұбат, 5 тонна қымыз, күніне 5 тонна сиыр сүтін өндіріп, облыс халқын сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған шаруашылықтың қысқа дайындығын сұрап білдік.

- Қыстың қамын жазда ойлаған халықпыз ғой. Мал шаруашылығын егін шаруашылығынсыз елестету қиын. Жаз бойы 2000 тонна және былтырдан қалған 500 тонна барлығы 2500 тонна ірі сабақты мал азығын дайындап отырмыз. Бұған қоса 3500 тонна сүрлеміміз бар. Оны дайындау технологиясы көк балғынды дер кезінде жинап, жауып, бастыру біраз еңбекті талап етеді. Алайда, сүрлем бар жерде сүт бар. Яғни, мал үшін пайдасы мол әрі таптырмас азық саналады. Жем болмаса малдан мол өнім алу өте қиын. Соңғы кезде жем бағасының қымбаттауы қалтаға біраз салмақ салуда. Әзірге 150 мың тонна құрама жем алдық. Қытымыр қыстың қақаған аязынан қиналмай шығу үшін бізге әлі де 1000 тоннадай жем қажет болады. Қысқа мерзім ішінде құнарлы әрі мол өнім беретін гидропоникалық цехта күніне 20 тонна өнім өндіріледі. Алайда арпа бағасының жылдағыдан екі есеге қымбаттауы салдарынан оның жұмысы уақытша тоқтап тұр, - дейді А.Есқараев.

Иә, мал азығын дайындаудың өзіндік машақаты жетерлік. Сақадай сай техника, жанар-жағармай, қосымша еңбек күші. Техника демекші, шаруагер А.Есқараевтың кеңес заманынан келе жатқан техникалары әлі іске жарап тұр. Мал азығын дайындауда барлық жұмыстар мұндағы 2 комбаин, 2 шынжыр табанды және 10 трактор, 3 шөп таситын КамАз, 3 шөп үйіп-жинайтын техниканың көмегімен жүзеге асырылуда. Техниканың аты техника. Аяқ асты істен шықса қосалқы бөлшектерінің өзі қыруар ақша тұрады.

Күзгі орақ науқаны басталып, дала жұмыстарының дәл қызған шағында ауылшаруашылығы техникаларына жұмсалатын дизель отыны бағасының көтерілуі шаруагерлердің наразылығын тудырмай қоймайды. Мәселен, бір күндік егін жұмыстарына шамамен 2 тоннадай жанармай жұмсалады екен. Ал, жемшөп бағасын төмендету мақсатында ауылшаруашылығы тауарын өндірушілер үшін арзандатылған бағамен берілетін жанар-жағармай мал азығын дайындайтын шаруашылық иесіне нәсіп болмапты. Жыл сайын құбылып тұратын жазғы дизель отыны бағасы өткен жылы 165-тен 171-ке көтеріліп жыл аяғына дейін 185-ке жеткен еді. ҚР Статистика комитетінің 2019 жылдың қыркүйек айындағы мәліметіне сәйкес, облысымыздағы дизель отынының орташа бағасы 198 теңге деп көрсетілген. Энергетика Министрлігі қымбатшылықтың негізгі себебі ретінде екі факторды акциздің көтерілуі мен транзиттік жүк тасымалдауға маусымдық сұраныстың артуын атап көрсеткен болатын.

Ағымдағы жылы Үкімет отырысында ҚР экс Энергетика министрі Қанат Бозымбаев: " Биыл бензин мен дизельді отын бағаларын өзгертуге ешқандай негіз жоқ...

Бұл жылы біз ештеңені өзгертпейміз, акцизді де" дегенімен, 2020 жылдың басында акциздің өзгермейтінін кесіп айтпады. Демек, бағаның өспейтініне ешкім кепілдік беріп тұрған жоқ. Ал, шығын шықпай кіріс кірмейді деген қағиданы берік ұстанған шаруагерлер қаржы мәселесіне келіп тірелетін осындай қиындықтарға қарамастан мал азығын дайындаудан тысқары қалып жатқан жоқ.

- Рас,соңғы кезде мал азығы біраз қымбаттады. Мал азығы құнының шарықтауы шөп шығымының төмендігімен қоса жанар-жағармай құнының және техниканың қосалқы бөлшектері бағасының аспандап өсуіне тікелей байланысты деп есептеймін. Қазір шөптің орташа бағасы яғни бір орама салмағына қарай 7500-8000 мың теңге шамасын құрайды. Қорасында 2-3 ірі қара малы мен 10-15-ке тарта ұсақ малы бар ауыл тұрғындары үшін кемінде он тоннаға жуық шөп қажет болады. Оған тағы жемін қосыңыз. Сонда бір отбасының малға жұмсайтын қаржысын есептей беріңіз, – дейді ауыл әкімі Қайыржан Мәжиев.

Аудан орталығындағы дүкендердегі жем бағасына барлау жасап көрдік. Мәселен, бидайдың 30-40 келісі – 2800 – 4000 теңге, кебектің 20-25 келісі – 1400-1650 теңге, тартылған жем 30 келісі – 2800 теңгеден сатылуда. Былтырғы жылмен салыстырғанда бағаның өскенін сатушылар да жасырмады. Қыс қаһарына мініп, мал азығына тапшылық білінген тұста бағалардың құбылатыны тағы бар.

Көптеген ғылыми деректер және алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың көрсеткіштеріне қарасақ, мал басының және одан алынатын өнімнің көбеюі, ірі қара тұқымына және тұтынатын азық сапасына байланысты. Қыс мезгілінде мал азығына ерекше мән бермесеңіз оның қандай күйге түсері айтпаса да түсінікті.

- Жануардың өсіп-өнуімен физиологиясының дамуы азығына байланысты болып келеді. Мал азығы химиялық құрамына қарай шырынды, ірі, ылғалды техникалық азықтар және жем болып бөлінеді. Шырынды азықтарға сүрлем, тамыртүйнек жемістілер, бақша дақылдары жатады. Ірі азықтарға пішен жатса, ал ылғалды техникалық азықтарға барда, жом т.б жатады. Жемге дәндер, құрама жем жатады. Аудан халқының басым бөлігі малды азықтандыруға кебек жемін пайдаланады.

Кебек жем құрамында дәннің қабыршағы яғни, өсімдік қоректің майда бөлшектері бар. Оның қуаттылығы өте төмен болып келеді. Негізінде ұсақ малға жергілікті жерде өсетін жантақ, жусан берсек ал, ірі қараларға жантақ, қамыс, бидайық берген дұрыс. Қыс айында мал төлдейтін уақыт. Мал төлдеу уақытына жақын жем мөлшері азайтылады. Себебі жемді көп беген уақытта жатырдағы төл өсіп кетеді. Буаз мал өзінің денесіне қажетті элеметтер жетіспеген жағдайда темірді не ағашты т.б. заттарды жалауы мүмкін. Ол уақытта буаз мал алдына тұз қою қажет. Қазақ «мал астынан азады» дейді. Себебі, малдың алдында қанша жерден ең керемет деген азықтар болғанымен асты салқын әрі ылғалданып, тұрған жері қолайсыз болса оның саулығына кері әсерін тигізбей қоймайды.

«Мал баққанға ғана бітеді» демекші, қолда бар малдың қадірін түсініп, оны күтіп-баптап, азығына да мән берсек, мал басының көбейетіні сөзсіз, - дейді аудандық «Ветеринариялық стансасы» КМК директоры Сейлбек Зұлқашев. Ет жемейтін қазақ жоқ шығар сірә. Күнделікті тұтынатын жеңсік асымыздың таза әрі құнарлы болуы денсаулығымыз үшін маңызы зор. Мал қандай азық жесе, иесіне сондай өнім береді. Мал азығына ерекше мән береміз десек те, жемшөп арзандамай, мал саны мен одан алынатын өнімді арттыру мүмкін болмайтын секілді.

Балнұр САПАРОВА

Сурет:дереккөз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521