Дәріханаларда медициналық маска атымен жоқ. Осы жағдайда аудандағы тігін шеберханасының тігіншілері көмекке келді.
Солардың бірі – «Ботагөз» тігін шеберханасы. Былтыр ғана іске қосылған нысанда негізінен көрпе-жастық тігілетін-ді, төтенше жағдайға байланысты барлық тапсырыстарды ысырып қойып, бірнеше реттік медициналық маска тігумен айналысып отыр екен.
Дания және Амангүл есімді тігіншілер күніне шамамен 50 данадан тігуде. ⠀ Бұл тігін шеберханасынан бөлек, «Ділдә», «Диана», «Балымжан» ательелері, «Рамазан», «Асыл Нұр» ЖК-лары да халыққа қызмет көрсетуден аянып қалмай отыр. Медициналық масканың бағалары – 100 бен 250 теңгенің аралығында.
«Асыл-Аида» сауда үйінде іс тігумен айналысып отырған дизайнер-тігінші Гаухар Сұлтанмұраттың айтуынша, Атырау облыстық дизайнер қауымдастығының ұйымдастырушылары тарапынан дизайнер-тігіншілерге маска тігу туралы ұсыныс түскен көрінеді. Содан келісімін беріп, іске кіріскен.
Маскалар тігілген бойда өтіп кетуде екен. ⠀
Маска іздеп сандалған ауыл тұрғындары осы тігін шеберханаларынан қолжетімді бағада сатып алуда.
Солардың бірі – ауыл тұрғыны Наурызбек Есенов.
«Осынау әлемді жаулаған індеттен сақтануға қажетті маскалар дәріханаларда жетіспеуде. Осындай тігін шеберханалар маскалар тігіп, сатуда. Олардың еңбектеріне табыс тілеймін. Еліміз аман болсын, түрлі аурулардан Құдай сақтасын»,- дейді ауыл тұрғыны.⠀
Қазбек АЙТҚАЛИЕВ