Махамбет ауданында екі айда 170 мыңға жуық балық шабағы құтқарылды

Күннің ыстығы мен көлдің таяздығы балық шабақтарының қырылып қалу қаупін жоғарылатады. Осы орайда жылдағы дәстүрге сай Махамбет ауданының балық қорғаушылары өндірістік кооператив қызметкерлерімен бірлескен шабақ құтқару шарасын атқаруда.

Махамбет ауданына қарасты Ақтоғай ауылдық округі аумағындағы Бақсай көлінде балық шабақтарын құтқару жұмыстары «Інжу-маржан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Құрманғазы» өндірістік кооперативі қызметкерлерінің қатысуымен жүргізілуде. Табиғат құтқарушылар жайылма судан балық аулау құралдарын пайдалана отырып, су астындағы балық шабақтарын сүзіп шығарады. Кейін арнайы ыдыстарға салып, қолдан тасымалдау арқылы табиғат ортасына, Жайық өзеніне жібереді.​

shabak-2022-07-2

s

Жалпы аудан бойынша 18 көл болатын болса, соның тек 8-інде де ғана су бар. Қазіргі уақытта Махамбет ауданында орналасқан «Бақсай», «Петрушкин», «Алмағамбет», «12 ауыл», «Кіші Қарашығанақ», «Қызылжар», «15 ауыл», «Қоржын» су айдындары Жайық өзенінен толық үзілген. Өр суы қайтқан мезгілден бастап маусым, шілде айларында табиғат құтқарушылардың көмегімен 200 мыңдай қарабалық тұқымдас балық шабағы құтқарылып, өзенге жіберілген.​

– Көктемгі өр суы кері қайтқанда су айдындары Жайық өзенінен үзіліп қалады. Осы үзілген су айдындарында өсіп-жетілген балық шабақтарын табиғат қорғаушылардың көмегімен сүзіп алып, табиғат ортасына, яғни Жайық өзеніне жібереміз. ​ Махамбет ауданындағы 8 су айдынындағы қалып қойған балық шабақтарын құтқару жұмыстары шілде, тамыз айларында да жалғасын табады,- дейді аудандық балық инспекциясы бөлімінің басшысы Бектұрған Сұпығалиев.

Балық инспекциясы бөліміне қарасты тұншығу қаупі бар су айдындарында балық шабақтарының қырылуын болдырмау мақсатында табиғат пайдаланушылармен бірлескен құтқару шарасы жылма-жыл ұйымдастырылады. Бүгінгі күні «Інжу-маржан», «Тілекші», «Қызылбалық», «КаспийрыбЕвразия», «Құрманғазы», «Жамбыл» мекемелерімен бірлескен жұмыстарын жүйелі түрде жүргізілуде. Бақсай көлінің балығын қорғауға келген кооператив 2006 жылы табиғат қорғаушылар ретінде жұмысын бастаған. ​ Кооператив қызметкерлері бүгінгі күнге дейін Жайықтағы су маржандары санының артуына өз үлестерін қосып келеді.​

– Шабақ құтқару жұмыстары жыл сайын атқарылып жүр. Кооператив қызметкерлері бүгінгі күні балық шабағын құтқарып, Жайықтағы су маржандары санының артуына үлестерін қосуда. Серіктестік басшысы Гүлфара Рысқұлқызы бұл жұмыстарды ұйымдастыруда табандылық танытып келеді,- дейді «Құрманғазы» өндірістік кооперативінің өкілі Сабыржан Қадесов.

shabak-2022-07-4

Қазіргі уақытта балық шабақтарының кейбір түрлері уақ болғандықтан алдағы шілде, тамыз айларында да құтқару жұмыстары жалғасын табады. Балық тұншығу қаупі бар су айдындары Махамбет балық инспекциясы бөлімі қызметкерлері және жергілікті атқарушы билік өкілдерінің толықтай бақылауында.

Қазбек АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT