Қош бол, алтын ұя мектебім!
Махамбет ауданы бойынша 268 түлек алтын ұяларымен қоштасып, соңғы рет ақ бантик тағып, мектеп вальсін биледі. Салтанатты жиынға аудан әкімі Р.Джанглишов, аудандық мәслихат хатшысы К.Мажиев және аудандық білім бөлімі басшысының уақытша міндетін атқарушы Г.Тәжікова қатысты. Аудандағы 14 мектеп аралас форматта, 1 мектеп штаттық режимде оқу жылын аяқтады. Биылғы жыл 2818 оқушы дәстүрлі форматта, ал 2731 оқушы қашықтан білім алып шықты. Оқушы үлгерімін бағалайтын Kundelik.kz платформасында электронды журналдың толтыруылуы бойынша Махамбет ауданынының мектептері үздіктер қатарынан табыла білді. 13 түлек «Алтын белгіге», 4 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткерлер сапында. Өмірде өлшенбейтін іс – балаға берген білімің. Осынау мәңгілік борышты өзінің парызы деп түсінген мектеп директоры Г.Неталиева алғашқы құттықтау сөзді сөйледі.
- Мектептің педагогикалық ұжымы және мектеп әкімшілігі атынан сіздерді оқу орындарының байырғы мерекелерінің бірі – соңғы қоңырау салтанатымен шын жүректен құттықтаймын. Мектебіміз 2020-2021 жылғы оқу жылын 1214 оқушымен аяқтап отыр. Олардың 127-сі оқу үздігі, 519-ы оқу екпіндісі қатарында. Білім деңгейнің сапалық көрсеткіші 63,6 пайызды құрап отыр. 50 сыныптың 110 мұғалімі 100 пайыз толық үлгерімге қол жеткізіл отыр. Ұрпақ тәрбиесі ұстазға байланысты. Өнегелі ұстаздан жақсы шәкірт шығатыны сөзсіз. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздардың еңбегі зор. Ел ертең болып табылатын ұландардың бойына білім мен өнерді, адамгершілік пен адалдықты, туралық пен шыншылдықты сіңіріп, оларды тұлғалық азамат етіп қалыптастыруда ұстаздардың еңбегі орасан екені белгілі. Құрметті түлектер сіздердің үлкен өмірге бастар қадамдарыңыз сәтті болсын. Бәріңе ақ жол тілеймін!- деді мектеп директоры Г.Қорғанбайқызы.
Үлкен өмірге қанат қаққалы тұрған Есенбай Ағелеуов атындағы орта мектебінің 61 түлегі әр түрлі білім бәсекелеріне қатысып, жақсы жетістіктерге қол жеткізді. Аудандағы білім деңгейінің жоғарылауына өзіндік үлестерін қосты. Солардың бірі – облыстық, республикалық пәндік олимпиада жүлдегері, «Алтын белгіге» үміткер Арсений Питерский мектеп әкімшілігі атынан алғыс хатпен, бағалы сыйлықпен марапатталса, ата-анасына Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетовтың алғыс хаты ұсынылды.
- Сіздерді оқу жылының аяқталуымен құттықтаймын. Бүгін - білім мен арманды,үміт пен сенімді үкілейтін күн. Қуаныштарыңыз құтты болсын. Мемлекет басшысы атап көрсеткен ғылым мен техника жетістіктерін игеру, көп тілді білу, күн санап дамып келе жатырған игіліктерді меңгерудің барлығы да жетістіктердің бастауы. Ерекше алғысымды ұстаздар мен ата-аналарға арнаймын. Ешкімге оңай тимеген осы кезеңде балаларымызға көрсеткен қолдаулар мен білдірілген сенімдер үшін ризашылығымызды білдіреміз. «Ұстаздан шәкірт озсын!» деп тілейік. Зерделі, парасатты, отаншыл шәкірттер тәрбилеудегі еңбектеріңіз табысты, жемісті болсын. Мектеп бітіруші түлектер! Білім мен жігерлеріңіз Қазақстанның жерін сүюге, елдігін кемелдендіруге, мәдениетін байытуға арналсын!-деді аудан басшысы Р.Бауыржанұлы.
Сонымен қатар салтанатты жиын барысында ауданның, мектептің қоғамдық өміріне белсене араласқан түлектерге, олардың ұстаздарына да алғыс хаттар табысталды. Қаңтар айында өткен Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан 222 түлек орташа 52,5 пайызды, ал наурыз-сәуір айында ақылы тестілеуге 260 оқушы қатысып, 60,5 пайызды көрсетті. Нағыз жүрек тебірентер сәт – түлектердің соңғы қоңырауын соғу құрметі қос «Алтын белгі» үміткері Арсений Питерский мен Шакизада Слемғалиға берілді.
- Біз алдағы ұлттық бірыңғай тестілеуді өте жақсы деңгейде тапсырамыз деген үміттемін. Барлық құрдастарыма, сыныптастарыма өміріміздің бір керемет кезеңін әдемі өткеруге тілектестік білдіремін,- деді республикалық «Айқанат» олимпиадасының жүлдегері, «Алтын белгіге» үміткер Ш.Маратқызы.
Жүректері лүпіл қаққан, қимастық пен қуаныш, аңсау мен арман сезімдері араласқан, шәкірттік сәттің соңғы, өмір жолының алғашқы қадамында тұрған мектеп түлектеріне ақ жол тілеп ақ көгершін көкке қалықтады.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ
Суреттер автордікі