Депутат Ф.Тюринаның төрағалығымен өткен аудандық мәслихаттың 35 сессиясының күн тәртібіне сәйкес Махамбет аудандық мәслихатының сайлау комиссияларының жаңа құрамын қалыптастыру туралы мәслихат аппаратының бөлім басшысы Ф.Арыстанғалиеваның хабарламасы тыңдалды.
Оның түсіндіруінше, Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының 10-бабына сәйкес Махамбет аудандық мәслихаты Махамбет ауданы бойынша 1 аудандық, аумақтық және 20 учаскелік сайлау комиссияларының жаңа құрамын қалыптастыруы тиіс. Аумақтық сайлау комиссиясы жеті мүшеден тұратын құрамда құрылады. Учаскелік сайлау комиссияларының сандық құрамын учаскелердегі сайлаушылардың санына қарай аудандық аумақтық сайлау комиссиясы айқындайды. Сайлау комиссияларының өкілеттігінің мерзімі бес жылды құрайды. Әрбір саяси партия тиісті сайлау комиссиясының құрамына бір кандидатура ұсынуға құқылы.
Саяси партия сайлау комиссиясының құрамына аталған саяси партияның мүшелері болып табылмайтын кандидатураларды ұсынуға құқылы. Саяси партиялардан ұсыныстар түспеген жағдайда мәслихаттар сайлау комиссиясын өзге қоғамдық бірлестіктердің және жоғары тұрған сайлау комиссияларының ұсынысы бойынша сайлайды. Саяси партиялар, өзге қоғамдық бірлестіктер, олардың құрылымдық бөлімшелері және құрылатындарға қатысты жоғары тұрған сайлау комиссияларынан аудандық сайлау комиссияларының құрамы бойынша 2018 жылғы 28 қарашадан бастап 30 желтоқсанға дейін ұсыныстар құжаттарын тапсыратындары туралы аудандық «Жайық шұғыласы» газетіне хабарлама шыққан болатын. Сайлау комиссиясының құрамына ұсынылатын тұлға сайлау туралы Конституциялық заңның талаптарына сай жасақталды.
Осындай заңдылық негіздерді сақтай отырып, саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің ұсыныстары бойынша аудандық, аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері жаңа құрамда сайланды.
Сондай-ақ сессияда 2019 жылға арналған Махамбет ауданының ауылдық елді-мекендеріне жұмыс істеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы жас мамандарға әлеуметтік қолдау көрсету туралы аудандық экономика және қаржы бөлімі басшысының орынбасары А.Қабдолова хабарлама жасады. Депутаттарға бекітуге ұсынылған жоғарыдағы келтірілген санаттағы мамандарға бір жолғы әлеуметтік көтерме ақы 176 мың теңге болса, үй сатып алу үшін 3 млн. 787 мың. 500 теңге қаржы қаралып отыр. Сессияда басқа да ағымдағы мәселелер талқыланып, тиісінше шешім қабылданды. Сессия жұмысына аудан әкімі Ж.Ахметов, орынбасарлары, дербес бөлім басшылары мен округ әкімдері қатысты.
Е.Ғалиев