Ұлттық баспасөз бастау алған күн

Ақпан айының екінші жұлдызы елімізде «Ұлттық баспасөз күні» болып бекітілген. Бір ғасырдан астам уақыт бұрын, яғни 1913 жылдың бастауында дәл осы 2 ақпан күні «Алаш арыстары» Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дула­тов және басқа да ұлт зиялылары бастаған «Қазақ» газетінің бірінші саны жарық көрді. Қазаққа «қазақ» деп үндеу тастаған алғашқы басылымының тарихымен ұлтымыздың баспасөз тарихы басталған-ды. ҚР Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылы 2 ақпан күні отандық баспасөз қызметкерлеріне арналған құттықтау сөзінде: «Халқымыздың біртуар перзенттері – Алаш арыстары шығарған бұл басылым сындарлы сәттерде ұлтты ұйыстыруға айрықша ықпал етті. Сөз бостандығына адалдығынан айнымаған басылымдар әрдайым шынайы ақпараттың және сапалы сараптаманың қайнар көзі болып қала береді», - деді.

Мереке қарсаңында аудандық «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен «Дөңгелек үстел» өтіп, оған Қазақстан Республи­касы Журналистер одағының мүшесі, ақын, Ма­хамбет ауданының Құрметті азаматы, баспасөз саласының ардагері Нұрым Ерғалиев пен «Жайық шұғыласы» газетінің бас редакторы Балнұр Сапарова және бір топ аудан жастары қатысты. Дөңгелек үстел барысында баспасөзге қатысты өзекті мәселелер талқыланып, қонақтардың пікірі мен жастардың ұсынысы тыңдалды. Жастар орталығында өткен «Дөңгелек үстел» басында ар­дагер журналист Нұрым Тельманұлы баспасөздің құндылығы мен еліміздегі баспа мәселесін айтып өтті.

– Қазақ баспасөзінің тарихы тереңнен бастау алады. Мұны бүгінгі жас ұрпақ білуі тиіс. Біз бала күнімізден газет-журналға, кітапқа құмар болып өстік. Ауылдағы кітапхананы тауысып, көрші ау­ылдан сұратып оқушы едік. Соның арқасында болашақ мамандық таңдаудан да жаңылмадық. Әр қазақтың арманы болған ҚАЗҰУ-дың студенті ата­нып, Қадыр Мырзалиев, Әбіш Кекілбаев сынды аты аңызға айналған тұлғалардан дәріс алдық. Осылайша, өмірлік нанымды осы журналисти­кадан, баспасөзден таптым. Бүгінде жастардың кітапқа қызығушылығы жоқтың қасы. Әсіресе, өзіміздің қазақ жазушыларын, классиктерін мүлдем оқымайды, танымайды. Қазақтың тарихы сол қаламгерлердің туындысында тұнып тұр. Бүгінде міне, зейнет жасына жеткен менде бала күнімнен таныс Мұхтар Әуезовтің шығариаларын қайта оқып, ойталқысына салып отырамын. Елімізде ұлттық идеологияны дамыту үшін де осы кітапсүйер қауымның көбейгені керек-ақ. Соны­мен қатар, бүгінде кітап жазудан бөлек, оны ба­сып шығару үлкен еңбекті, қаражатты талап етеді. Қойын дәптерді толтырған қаншама еңбегіміз жарыққа шығуын күтіп жатыр. Баспалардың бірі қымбат, ал бірінің сапасы төмен. Осы ретте, жергілікті ақын-жазушылардың кітабын басып шығаруда мемлекет тарапынан қандай да бір қолдау болса,-деп ақын ағамыз өз ұсынысын да білдірді.

«Дөңгелек үстел» басына жиналған жастар да кітап таңдау тұрғысында өз пікірлерімен бөлісіп, шетел әдебиетінің тілі жатық, оқуға жеңіл деген тұжырымдарын айтты. Сонымен қатар, шетелдік туындылардың желісімен фильм, телехикая түсіру үрдісі жақсы қолға алынған. Яғни, оқырманды кино арқылы баурап, оқиғаның желісін, толық нұсқасын кітаптан оқуға сілтеме беруде. Осы арқылы олар өздерінің детектив, фантастика, мелодрамма жанрындағы туындыларына жоғары сұраныс алуда дейді жастар. Бұдан түйгеніміз, қазақ тіліндегі көркем туындылардың да осындай фильм түрінде жарық көруін күтетін көрермен көп .

Белг ілі қаламгер, журналист Қуандық Шамахайұлы: «Зерттеушілер арасында журналист еңбегінің ауырлығын жеті қабат жер астында көмір қазатын бұрғылаушылармен салыстыратындар бар. Оны қисынсыз теңеу деуге келмейді. Күйіп тұрған оқиғаның басы-қасында болуды, қайнаған өмірдің ортасынан «кен қазу» журналистің маңдайына жазылған тағдыр. Мамандықтың талабы мен таңдауы сол болған соң амал жоқ, журналистердің еңбегі жұмыстың сегіз сағатымен шектелмейді.» деген екен.

Жалпы, баспасөз қызметкерлерінің жұмысы қай дәуірде да жауапты болып келген, солай болып қала беретіні сөзсіз. Бүгінде заманауи технологияның дамуымен газет-журналдың дәуірі бітті деп нүкте қойып жүргендер аз емес. Әйтсе де, 2024 жылғы қаңтардағы есеп бойынша Қазақстанда 5 804 БАҚ тіркелген болса, оның 3985-і – мерзімді баспасөз басылымы, 212-сі – телеарна, 90-ы – радио, 1222-і – ақпараттық агенттіктер және желілік басылым­дар екен. Осыдан-ақ еліміздегі ақпарат саласының кеңістігі қаншалықты кеңейе түскенін бағамдауға болады. Тәуелсіздік алған 1991 жылы Қазақстанда бар жоғы 10 республикалық газет пен журнал жарық көріп, 21 теле және радиоарна эфирге шығыпты. «Төртінші билік» аталған БАҚ – әлі де мемлекеттің ұстанған саяси-экономикалық бағытын сәтті жүргізуші, қолдаушы әлеуетке ие сала болып қала бермек.

А.САТАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT