Махамбет ауданында Ұлттық кітап күніне орай “Ұлттың рухани қазынасы – кітап” атты шара ашық аспан астында кең көлемде аталып өтті.
Мерекелік шараны аудандық мәслихат төрағасы Қайыржан Мәжиев ашып, шараға қатысушыларды құттықтады. Одан әрі аудан әкімі аппаратының басшысы Алшынбек Мұқанғалиев кітапхана ұжымымен оқырмандар қауымға жүрекжарды лебізін жеткізді.
Сонымен қатар жерлес ақын, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Жәниба Қарасаева, кітапхананың белсенді оқырманы, ардагер ұстаздар Теміржан Қайырұлы Есенғалиев пен Жібек Мұғауова тілегін жолдап, кітаптың рухани құндылық ретіндегі маңызын атап өтті.
Шара аясында кітапханашылар “Бір ел – бір кітап” республикалық, “Бір өлке – бір жазушы” өңірлік акциялары, сондай-ақ Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған “Мерейгер кітаптар” атты кітап көрмесімен таныстырды.
Кітапсүйер қауым үшін “Әдеби коктейль”, “Ғажайып құдық”, “Библиошар” сынды әдеби ойындар ұйымдастырылып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Мереке аудан көркемөнерпаздарының сазды бағдарламасымен жалғасты.