Әлемді жаулаған індет елімізге дендеп енуі салдарынан көктемде жарияланған төтенше жағдай режимінде дәрігерлер мен құқық қорғау саласы қызметкерлерінің күнделікті тынымсыз жұмысына одан сайын салмақ түсіргені белгілі.
Тәртіп сақшылары күшейтілген кестеге көшіріліп, тәулік бойы кезекшілік құра отырып, тыңғылықты қызмет етті. Екі жақты пікірдегі жергілікті халықтың учаскелік полицейлерге деген халықтың көзқарасы оңалғаны байқалды.
БАЛА КҮНГІ АРМАНЫ ОРЫНДАЛҒАН НҰРСҰЛТАН
Махамбет ауданы Ақтоғай ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Нұрсұлтан Қабдоловпен бірге құқық қорғау қызметінің қыр-сырымен жақын танысуға мүмкіндік алдық. Учаскелік полицейлерге айтылар алғыс та, іштей өкпе-реніш те халықтың ықыласына, ниетіне байланысты. Жұмыстары сырттай бірқалыпты болып көрінгенімен, таңның атысы, күннің батысы қызметтік көлікке мініп алып, ауылды аралау, одан қалса, заң бұзғандарды анықтап, тұрғындардың арыз-шағымын тыңдап жүргенде уақыттың зырғып өтіп шыққандығын білмей қаласыз. Соның бүгін куәсі болдық.
- Учаскелік инспекторлар әмбебап полицейлер болып табылады. Учаскелік полицейлердің жұмыстары ҚР Ішкі істер министрлігінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы «Учаскелік полиция пунктінің жұмысын ұйымдастыруға жауапты учаскелік полиция инспекторларының, учаскелік полиция инспекторлары мен олардың көмекшілерінің қызметін ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы» №1095 бұйрығымен реттеледі. Біз тікелей халықпен жұмыс істейтіндіктен тұрғындар көбінесе түрлі мәселелерін айтып, бізге келеді. Жұмысымыз негізінен қылмыстың алдын алуға және профилактикалық жұмыстар жүргізуге бағытталған. Қадағалайтын аумақтағы бұрын сотты болғандарды, шартты түрде сотталғандарды, бұзақылық әрекеттері басым жасөспірімдерді тіркеп, назарға аламыз,- дейді полиция капитаны Н.Қабдолов.
Нұрсұлтан құқық қорғау саласының қызметкері болуды бала кезден армандапты. Алға орта мектебін 2010 жылы бітіріп, Қарағанды қаласына оқуға тапсырады. Алайда, емтиханнан сүрініп, ауылға қайтуға мәжбүр болады. «Қалайда полиция қызметкері боламын» деген бала күнгі арманы бір жылдан кейін орындалды. Нақтырақ айтқанда 2011 жылы Ақтөбе қаласындағы М.Бөкенбаев атындағы заң институтына қабылданады. Осылайша, мақсатына қол жеткізген Нұрсұлтан 2015 жылы аталған оқу орнын заңгер мамандығы бойынша тәмамдайды. Сол жылы Исатай ауданының учаскелік полиция инспекторы қызметіне, кейін 2017 жылы туған жеріне келіп, Махамбет аудандық полиция бөліміне жұмысқа орналасады. Ақтөбеде оқып жүрген кезінде танысқан Айнұрды келін етіп, ауылға әкеліп, шаңырақ көтереді. Қазіргі күні қос сәбиі бар отбасы тату-тәтті, Үкіметтің арнайылап салып берген үйінде тұрып жатыр. Тұрғын үй тірек-пунктке жапсарлас салынғандықтан, жұмыс орны «екінші жатын бөлмесіне» айналған. Нұрсұлтанның күнделікті жұмысы Айнұрдың қою қара шайын ішіп, бесіктегі баласы мен жан жарының маңдайынан бір иіскеуден кейін басталады.
ХАЛЫҚТЫҢ АЛҒЫСЫНА БӨЛЕНУ – МӘРТЕБЕ
Алдымен өткен жылы пайдалануға берілген тірек-пункттің жайымен таныспақ мақсатта бас сұқтық. Нақтырақ айтқанда, №6 учаскелік полиция пунктінің іші-сырты мұнтаздай таза, кірсең-шыққысыз екен. Бұл жерге тұрғындардың көп келмейтінін бірден байқадық. Яғни, ауыл тұрғындарының учаскелік полицейге келетіндей мәселесі басына түспегендігін көрсетеді. Түспей-ақ та қойсын! Инспектордың кабинетінде ноутбук, шкаф сөресінде «Полиция. kz» журналы мен ауыл тұрғындарының есімдері жазылған тізімнен өзге артық зат жоқ. Полицейдің жұмысы тәртіп бойынша таңертеңгі сағат 09:00-ден түнгі сағат 23:00-ге дейін, демалыссыз деп белгіленген. Иә, 23:00 деп тұрғаны, жай ғана уақыт көрсеткіші. Ал олардың күні-түні, уақытпен санаспай қызмет ететіндерін, дабыл соғылса, түн ортасы болса да алып ұшып, жұмысқа кірісетіндерін жұрт жақсы біледі. Тұрғындардың шағымдарын, шақыруларды ұялы телефон арқылы 24 сағат бойы қабылдайды. Шақыруға барған кезде полицейлер тұрғындармен түсінік жұмыстарын жүргізеді, әңгімелеседі, жағдайға байланысты шаралар қолданады.
Ауылдың учаскелік инспекторы әкіммен тығыз байланыста жұмыс жасайтындығы белгілі. Ақтоғай ауылдық округі әкімі Гүлайна Оразғалиева:
- Ауылымыз шағын. 200-ден астам үй түтін түтетіп отырса, халық саны 1000-нан сәл асып жығылады. Учаскелік полиция инспекторы Нұрсұлтанмен жақсы байланыстамыз. Төтенше жағдай мен карантин шаралары күшейген мезгілде мониторингтік топ өкілдері құрамында болып, жақсы жұмысымен көрінді. Халықтың бәрі 100 пайыз таниды деп айта аламын,- дейді.
Нұрсұлтан Закарияұлының жұмыс күні әдеттегідей, әкімшілік учаскесін шолудан басталады. Ақтоғай ауылының тәртібін қадағалауға тағайындалғанына да үш жылға жуық уақыт өткен. Осы уақыт аралығында халықпен жақын танысып, олармен байланысын нығайтқан учаскелік полицейдің айтуынша, азаматтардың қандай да бір сұрақтары туындаса, тікелей ұялы телефонына хабарласа алады. Бұл да «жұртқа жақын полиция» қағидатының жүйелі түрде пісіп-жетілгендігінің көрінісі іспетті. Ауылдық әкімдіктен шығып, азық- түлік дүкеніне кірдік. «Адай» дүкенінің сатушысы кіреберіске антисептик қойып, өзі де қолғап киіп, бетперде тағып, барлық санитарлық талаптарды сақтап тұрғандығы байқалды. Бұл да рейдтік іс-шаралардың нәтижесіндей. Бірақ ең бастысы, өзінің, туыстарының және ауылдастарының денсаулығы үшін сақтануы маңызды.
- Нұрсұлтанды жақсы танимын. Ауру өршіп, ахуал күрделенген мезгілде үнемі келіп, хал-жағдайымызды біліп тұрады. Ауыл әкімімен бірлескен топпен тәртіпке бағынуды, бас санитарлық дәрігердің қаулысын түсіндіріп кетеді. Ешқандай шағым айтып, арыз беріп алдына барған емеспін,- дейді дүкен иесі.
Күндіз-түні тыным көрместен қырағылық танытатын учаскелік инспекторды ақтоғайлықтар қаншалықты бағалайтындығын білмек мақсатта көше кездік. Жұмыс уақыты болғандықтан кісі қарасы аз. Кездесіп, әңгімеге тартқан кісілердің дені ауылдың тыныш екендігін, шағымы жоқтығын, учаскелік полицейдің жұмысына оң баға беретіндіктерін жеткізді. Өз қызметіне адал, қандай да бір мәселені түпкілікті шешуге бар күш-жігерін жұмсайтын полицейге тұрғындардың да сенімі зор. Көлік жүргізушілері де, жол құрылысы жұмысына тартылған ауыл жастары да осындай пікірде.
- Біраздан бері ауылымыздың тыныштығын күзетіп келе жатқан Нұрсұлтанның жұмысына баға берер болсақ, қазіргі тілмен айтқанда «лайкқа» лайықты азамат деп білеміз. Өзімнің тікелей мәселем бола қалса, бірден осы жерге келіп, өтінішімді, ұсынысымды айтып кетемін. Тыңдауға қашанда дайын,- дейді ауыл тұрғыны Нұрбай Зейінов.
- Учаскелік полицейімізге «бес» деген баға қоямыз. Ауылдың тыныштығын қадағалауда жақсы жұмыс жасап келеді. Кейде қаталдау болатыны бар. Ұстап алса, жібермей қояды,-деп жол салушы жастар әзіл- шыны аралас пікірді айтып, өздері бір күліп алысты.
«ЖАЛҒЫЗДЫҢ ҮНІ ШЫҚПАС»
Президент те өзінің кезекті Жолдауында учаскелік инспектордың рөліне баса мән берілетіндігін атап өткен еді. «Учаскелік инспектордың мәртебесін заңнама арқылы арттырып, оның өнімді жұмыс істеуіне мол мүмкіндік берген жөн. Ол азаматтар алдында танымал, қолжетімді әрі беделді болуға, солардың құқықтарын қорғауға тиіс» делінген Жолдауда. Учаскелік инспектордың жұрт алдындағы танымалдылығы, қолжетімділігі жөніндегі Президенттің сөзі «Махамбет ауданы Ақтоғай ауылының учаскелік инспекторы Нұрсұлтаннан үлгі алыңдар» деп айтылғандай. Тәртіп сақшылары қызмет бабында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, ұсақ заңбұзушылықтарға тап болатындығы аян. Осы бағытта «Учаске» жедел- профилактикалық іс-шарасы бастау алған-ды. Нұрсұлтан Қабдолов та өзіне бекітілген аумақтағы полиция бөлімінің профилактикалық және тізімдік есебінде тұрған адамдарды тұрғылықты жері бойынша тексеру, азаматтық қарудың жеке иелерін, құрылыс алаңдарындағы шетелдік азаматтардың құжаттарын тексеру жұмыстарын жоспарға сай жүргізіп отыр.
Сейсенбі күн болғандықтан, көп адамды үйінен жолықтыра алмадық. Алкогольдік ішімдікке тәуелділіктің кесірінен есепке алынған бір азаматтың мекенжайын қадағалау мақсатында барғанымызда немере інісінің жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқандығына куә болдық. Бірақ есепте тұрған азамат үйінде жоқ болып шықты. Кешкісін бөтелкелестерімен жиналып, «ащы суға» құмар болып алған тұрғындар полиция бақылауында. Кейін қару иелеріне барып, құжаттары тексерілді. Пандемия кезінде ашылып, провизорлық қызмет атқарған бұрынғы ауданаралық өкпе аурулар ауруханасының жөндеу жұмыстарын бақыладық. Мақсат – шетелдік азаматтардың бар-жоғын анықтап, құжаттарын тексеру болатын. Бірақ ондай факт анықталмады.
- Учаскелік полиция қызметкерлерінің басты мақсаты - әкімшілік аумақты қадағалау және қылмыстың алдын алу. Біздер, полицейлер қауымы бір жағынан психологпыз десек те болады. Ауыл тұрғындарының барлығымен жылы сөйлесіп, барынша жақын дос болуға тырысамыз. Негізінен учаскелік полиция халықпен жұмыс істейді. Солардың арасында жүріп, тығыз байланыс орнатып, қажетті ақпаратты солардан алады. Егер халық ақпарат бермесе, олармен жұмыс істемесең, жалғыз өзің ештеңе істей алмайсың. Өйткені, сен жалғызсың, халық көп. «Жалғыздың үні шықпас» деп қазақ бекер айтпаған ғой. Ал халықтан ақпарат келіп тұрса, тексеріп, ескеріп жүресің. Қазіргі бізге қойылған міндеттердің бірі – қолжетімділік, ашықтық, тұрғындармен тиімді байланыс жасау,- дейді учаскелік полиция инспекторы Нұрсұлтан Закарияұлы.
Халыққа қызмет ету – әр азаматтың борышы. Тек полицияның не болмаса ресми форма кигеннің ғана емес, әрбір қазақстандықтың міндеті болып табылады. Учаскелік полицейдің әр күні түрлі оқиғаларға, жағдаяттарға толы. Таңмен таласа тұрып, түн қараңғылығына дейін жүріп, қылмыстың алдын алу, отбасылық кикілжіңдерді реттеу секілді мәселелерді шешуде учаскелік полицейдің әмбебаптығына таң қалмасқа болмайды.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ