СОҢҒЫ ЖЫЛДАРЫ ЕЛІМІЗДЕ ИНТЕРНЕТ ПЕН ҰЯЛЫ БАЙЛАНЫС ҚҰРАЛДАРЫ АРҚЫЛЫ ЖАСАЛАТЫН АЛАЯҚТЫҚ ҚЫЛМЫСТАРДЫҢ САНЫ АЗАЙМАЙ ОТЫР. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БАС ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ ДЕРЕКТЕРІНЕ СҮЙЕНСЕК, АҒЫМДАҒЫ ЖЫЛДЫҢ 6 АЙЫНДА ТІРКЕЛГЕН АЛАЯҚТЫҚ ОҚИҒАЛАРЫНЫҢ САНЫ 25 ПАЙЫЗҒА ӨСКЕН. КҮН ӨТКЕН САЙЫН АЛАЯҚТАР ТҮРЛІ ТӘСІЛДЕРГЕ КӨШІП, ХАЛЫҚТЫ АЛДАУДЫҢ ЖАҢА ЖОЛДАРЫН ОЙЛАП ТАБУДА.
ОНЛАЙН ОЙЫНДАР ЖӘНЕ АЛАЯҚТЫҚ
Интернет желісі арқылы жемтік іздеген алаяқтар енді балаларды түрлі онлайн ойындар арқылы алдап- арбауға көшкен. Ондағы аккаунт сату, ойын құрылғыларын жалға беру және әлеуметтік желілерде түрлі сыйлықтар ұсыну арқылы алаяқтар ақша мен жеке деректеріне қол жеткізеді.
Көпшілікке жақсы таныс Free Fire деп аталатын мобильді ойынында «өте мықты аккаунт сатамыз» деген желеумен балаларға хабарласады. Осылай алаяқтың құрығына түскен бала ата-анасының жеке деректерін жіберіп, үлкен көлемде қаржылық шығынға ұшырағанын білмей де қалады.
Жасөспірімдердің жиі қолданатын TikTok желісінде де алаяқтар өз стримдері арқылы «ойын аккаунтын тегін береміз» деп ұсыныс жасайды. Бірақ олар бұл үшін ата-анасының банктік картасының деректерін сұрайды немесе түрлі сайттарға ақша аударуды талап етеді.
Steam платформасында ойын заттарын сату туралы хабарламалар жариялап, пайдаланушылармен байланысады. Келісім жасасқаннан кейін олар тауарды алып, ақшаны аудармай сатушыны бұғаттайды. Сол секілді балалар арасында кең таны¬мал PlayStation немесе басқа да ойын құрылғыларының бағасы жоғары болғандықтан, кейбір ата-аналар оны жалға алуды жөн көреді де, онлайн келісім жасап, ақшасын аударып жібереді. Нәтижесінде құрылғы да жоқ, ақша да, сан соғып қалады.
Алаяқтар балалар сенетін ойындағы достары арқылы фишинг сілтемелер жібереді. Бұл сайттар арзан ойын заттарын сататын дүкен ретінде көрінеді. Сенгіш балалар сілтемеге өтіп, ата-анасының банктік картасы туралы ақпаратты енгізеді. Осыдан кейін шоттағы қаражат қолды болады.
Ойын әлеміндегі алаяқтар балалардың аңғалдығы мен ойынға деген қызығушылығын пайдалана¬ды. Сол үшін ата-аналар баласына цифрлық қауіпсіздік туралы жүйелі түрде ақпарат беріп, ойын ішіндегі төлейтін операцияларды шектеуді үйретуі тиіс.
ЦИФРЛЫҚ АЛАЯҚТЫҚ ТУРАЛЫ ЕСКЕРТЕДІ
Қазақстан Ұлттық Банкі цифрлық кеңістікте балалар мен жасөспірімдерге қатысты интернет- алаяқтық көбейіп бара жатқанын ескере отырып, азаматтардың назарын кәмелетке толмаған бала¬ларды қорғау шараларын күшейту қажеттігіне аударады.
Қаскөйлер әлеуметтік инженерия әдістерін белсенді қолданып, өздерін таныс адам, мемлекеттік органның немесе әртүрлі ұйымдардың қызметкері ретінде таныстырып, жеке және қаржылық ақпаратқа қол жеткізуге тырысады.
Алаяқтықтың кең тараған тәсілдеріне фишинг пен спуфинг жатады. Бұл парольдерді, банк картасының деректерін және басқа да құпия мәліметтерді ұрлау мақсатында жалған сайттар мен мобильді қосымшаларға сілтеме жіберу арқылы жүзеге асады.
Осындай қауіптердің алдын алу мақсатында Ұлттық Банк ата-аналар мен педагогтарды балаларға кибер¬гигиена негіздерін және интернетті қауіпсіз пайдалану ережелерін үйретуге шақырады. Жасөспірімдер өзінің жеке және дербес деректерін қорғау қаншалықты маңызды екенін ұғынуға тиіс. Әрбір ата-ана баласының мобильді құрылғысына «ата-ана бақылауы» функциясын, антивирус бағдарламасын және браузердің қауіпсіз режимін пайдаланғаны жөн. Сондай-ақ балалардың онлайн саудасын және қаржымен байланысы бар әрекеттерін бақылап, сенімді құпиясөз орнатуға көмектескені және қос факторлы аутентификаци¬яны іске қосып бергені дұрыс.
Жасөспірімдерге бейтаныс адамдармен хат алмасуға, жеке мәліметтер мен фотосуреттерді бөгде адамдарға жіберуге, ата-анасының келісімінсіз онлайн-сауда жүргізуге болмайтынын, сондай-ақ тек ресми сайттар мен қосымшаларды пайдала¬ну керек екенін ескерту қажет.
Қазіргі таңда интернет пен онлайн ойындардың балалар өміріндегі рөлі артып отырған сайын олардың қауіпсіздігі мәселесі де өзектілігін жоғалтпайды. Алаяқтар ойындар арқылы балаларды алдау әдістерін үнемі жетілдіріп отырғандықтан, ата-аналар мен педагогтардың ақпараттық сауаттылығын арттыру, балаларға дұрыс тәрбие беру – бүгінгі күннің басты міндеті.
АУДАНДАҒЫ АХУАЛ
Ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығы бойынша ауданда алаяқтық қылмыстарының саны 6-дан 12-ге артып отыр. Бұл туралы аудан прокурорының орынбасары Серік Жаңабаев айтып берді.
- Орын алған алаяқ қылмыстарының 10-ы бойынша жәбірленушілер әлеуметтік желілер арқылы өздеріне бұрын-соңды таныс емес бейтаныс тұлғалардың жалған ақпараттарына сенім білдіру арқылы 50 мыңнан-5 млн теңгеге дейін аралықта материалдық зардап шеккен. Интернеттегі алаяқтық ақпараттық технологиялардың көмегімен жа¬салады. Қазіргі уақытта алаяқтық қылмыс жасаған тұлғаларды анықтау бағытында жүргізілген тексеру¬лермен, олардың қылмыс жасау кезінде әртүрлі айлаларын асырып жасауына байланысты нақты анықтауға мүмкіндік болмай отыр. Қылмыскер тіпті шетелде отыруы мүмкін. Сондықтан құқық қорғау органдары оларды анықтаған күннің өзінде қылмыскерді алдырту – күрделі жұмыс. Аудан тұрғындарына бірнеше мәрте ақпарат құралдары арқылы құлақтандырғанмен осы қылмыс түрінен жәбірленушілердің саны күн санап артуда.
Алаяқтар негізінен онлайн несие алып беру, туыстарының атынан әлеуметтік желі арқылы ақша аудару, жалған инвестициялық жобаларды ұсыну, жалған ақпарат арқылы зат жеткізіп беру сынды айла- шарғыларын қолданады. Сондықтан, алаяқтардың құрбаны болмау үшін жарнамалық сайттарда алдын ала төлем жасамау, банк қызметкерлері атынан хабарласқан тұлғаларға жеке мәліметтеріңізді, кодтарыңызды бер¬меу қажет, - дейді С.Жаңабаев.
ЕКІ МЫҢНАН АСТАМ САЙТ БҰҒАТТАЛДЫ
Өңірімізде жыл басынан бері 300- ден астам киберқылмыс тіркелген. Олардың басым бөлігі интернеттегі алаяқтықпен байланысты. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Алаяқтар көбіне WhatsApp, Instagram, Telegram, Facebook желілерін және шетелдік нөмірлер мен фейк аккаунттарды пайдалана¬ды. Жыл басынан бері 50-ге жуық күдікті ұсталып, 133 іс сотқа жолдан¬ды. Қалған деректер бойынша тергеу амалдары жалғасуда.
- Атырау облысында тіркелген киберқылмыстардың басым бөлігі интернет-дүкендер арқылы жалған тауар сату, өзін банк қызметкері ретінде таныстырып алдау және фишингтік сілтемелер арқылы жеке деректерді ұрлау тәсілдерімен жасалып отыр. “Кибербақылау” платформасымен 2000-нан астам фишингтік сайт анықталып, бұғатталды. Байланыс операторла¬рымен бірге жалған нөмірлер мен алаяқтық қоңырауларды анықтау, тұрғындарға SMS арқылы ескерту хабарламаларын тарату жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Азаматтар¬ды киберқауіпсіздік ережелерін сақтауға және күмәнді жағдай туындағанда 102-ге хабарласуға шақырамыз,-деді Атырау облысы ПД жедел уәкілі Расул Жолдас.
Сондай-ақ мектептер мен колледждерде киберқауіпсіздік бойынша арнайы лекциялар өткізіліп, 20 мыңнан астам тұрғынды қамтыған ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Интернеттегі алаяқтықтың жолын кесу мақсатында «Киберпол» жедел тобының да жұмыс істейтінін айта кетейік.
Б.САПАРОВА