ХАЛЫҚ СЕНІМІН АҚТАУ – БӘРІНЕН МАҢЫЗДЫ

ЕЛІМІЗДЕ 2021 ЖЫЛДАН БАСТАП АУЫЛ ӘКІМДЕРІН ХАЛЫҚТЫҢ ТІКЕЛЕЙ ДАУЫС БЕРУІ АРҚЫЛЫ САЙЛАУ ЖҮЙЕСІ ЕНГІЗІЛГЕН БОЛАТЫН. ЕСТЕРІҢІЗДЕ БОЛСА, ӨТКЕН ШІЛДЕ АЙЫНДА АЛҒАШҚЫ БОЛЫП САЙЛАНҒАН ӘКІМДЕРДІҢ ӨКІЛЕТТІК МЕРЗІМІ АЯҚТАЛУЫНА БАЙЛАНЫСТЫ, ОБЛЫСТА 12 АУЫЛДЫҚ ОКРУГ БОЙЫНША ӘКІМДЕР САЙЛАУЫ ӨТТІ. СОНЫҢ ІШІНДЕ АҚЖАЙЫҚ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНДЕ ӨТКЕН ӘКІМ САЙЛАУЫНДА ҮШ КАНДИДАТТТЫҢ АРАСЫНДА 177 ДАУЫС САНЫНА ИЕ БОЛЫП, ҚАЙТА САЙЛАНҒАН АҚЖАЙЫҚ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ АҚТҰРЛАН ЕРМАНОВПЕН СҰХБАТТАСҚАН ЕДІК. 

- Қайырлы күн, Ақтұрлан Ертұрлыұлы! Алдымен сізді халық сеніміне ие болып, лауазымды қызметіңізге қайта сайлануыңызбен құттықтаймыз. Бұл сайлаудың нәтижесін сіз қалай бағалайсыз? 

- Халық сенімі – әкім үшін ең үлкен марапат әрі ауыр жүк дер едім. Сенім бір күнде келмейді, ол күнделікті еңбекпен, әділ шешіммен, таза ниетпен, нақты нәтижемен қалыптасады. Халықпен кері байланыс орнату, тұрғындардың талап-тілегіне құлақ асып, мәселелерді шешу – әкімге деген сенімді қалыптастыратын негізгі факторлардың бірі. Сенім бар жерде қолдау бар, ал қолдау бар жерде даму мен тұрақтылық бар. Сондықтан да әрбір әкім үшін сенімге ие болудан бұрын сенімді ақтап отыру маңызды болмақ. 

- Ақжайық ауылдық округінің әкімі қызметін 2021 жылдан бастап атқарып келесіз. Әңгімемізді ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігіне қарай бұрсақ. 

- Аудан орталығынан 45 шақырым қашықтықта орналасқан ауылдық округтің жалпы жер көлемі 33 918 га құрайды. Елді мекен тұрғындары мал шаруашылығымен және егін өсірумен айналысады. Ауылдық округ бойынша мал саны мүйізді ірі қара – 2979 бас, ұсақ мал -7461 бас, жылқы – 568 бас, түйе – 431 бас, құс 482 бас тіркелген. Сонымен қатар ауылдық округте 12 шаруа қожалығы бар. Олардың 8-і мал шаруашылығымен, қалған 2-і егін өсірумен, 2-і мал және егін шаруашылығымен айналысып келеді. Биылғы жылдың егіс көлемі картоп – 25 га, бақша -65 га, көкөніс – 65 га, мал азықтық дақылдар (жоңышқа) 273 га құрады. 
Біздегі негізі мәселелердің бірі - жұмыссыздық. Күні бүгінге 45 адам ресми жұмыссыздар есебінде тұр. Ауылдық жерлерде жұмыссыздық мәселесін шешу бағытында мемле-кет тарапынан тиімді бағдарламалар қабылданып, өз нәтижесін беріп келеді. Жыл басынан бері ақылы қоғамдық жұмыспен 10 адам қамтылды. Сондай ақ «Жастар практикасына» 1 жас маман, «Алғашқы жұмыс орнымен» 1 жас маман, «Күміс жас» жобасы бойынша 2 адам жұмысқа тартылды. Ақжайық дәрігерлік амбулаториясы жоғары білімді дәрігермен толығып, қызметтік пәтермен қамтылды. Сонымен қатар жедел жәрдем көлігі берілді. Ауылдағы «Ақжайық» ауылдық мәдениет үйінде 4 үйірме, 2 ұжым, 1 бірлестік жұмыс жасайды. Мұнда штаттық режимде 21 адам жұмыс жасайды. 

- Ауылдарды көркейту – ел дамуының маңызды бағыты саналады. Осы орайда ауылдың әлеуетін арттырып, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтсеңіз. 

- Биылғы жылы Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында ауылдық округте орналасқан Боздақтар ескерткішіне мердігер мекеме «West Real Service» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы 3 000 000 теңгеге жәй жөндеу жұмыстары жүргізілді. «Таза Қазақстан» тазалық акциясы аясында саябаққа және Боздақтар ескерткішіне 500 дана тал отырғызылды. Ауылды көгалдандыру мақсатында округке қарасты «Дастан» шаруа қожалығының ұсынуымен терек (тополь) көшеті ауыл тұрғындарының шарбағына, мекемелерге, жеке кәсіпкерлердің шарбағына барлығы 375 дана отырғызылды. Ғұбайдолла Бердиев көшесінде орналасқан бала¬лар ойын алаңына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 5 900 000 теңге қаржы қаралып, ЖК «Jasik» мекемесі арқылы ойын алаңының аумағы кеңейтіліп, жаңа құралдармен толықты. Қарашығанақ көшесіндегі балалар ойын алаңына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қаржы бөлініп, 8 900 000 теңгеге ЖК «ABIS» мекемесімен келісім шартқа отырып, тиісті жұмыстар жүргізілді. Осы аталған мекеме арқылы округтегі ашық спорт ойын алаңының жәй жөндеу жұмыстарын жүргізу бойынша 11 000 000 теңгемен келісім шартқа отырып, жұмыстарды толық аяқтады. Абаттандыру мақсатында «Rek Time» жеке кәсіпкерлігі арқылы 3 195 000 теңгеге Led экран орнатылды. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша 1 431 000 теңге қаржыға Махамбет көшесінде орналасқан көше жарығы шамдарына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ақжайық ауылдық округі әкімі аппаратының ғимаратына «Утемисова» жеке кәсіпкері арқылы 8 488 788 теңгеге жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қаржы бөлінді. Жұмыстар жасалуда. Қызылүй орта мектебінің 2005 жылғы түлектері, мектеп бітіргендеріне 20 жыл толуына орай ауыл кіреберісіне ауыл атауы жазылған арка орнатылды. 

- Жас ұрпақтың тұлға болып қалыптасуына негіз қалайтын, білім мен тәрбие берудің басты ошағы саналатын ауылдағы 70 орындық балабақша жылдың басында апатты деп танылып жабылып, қаншама адамның жұмыссыз қалғанын жақсы білеміз. Бұл мәселе қазіргі таңда қалай шешілуде? 

- Иә, 1979 жылы іргетасы қаланған «Арай» бөбекжай-бақшасы апатты жағдайда деп танылуына байланысты өз жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Ауылдан уақытша пайдалануға болатындай тұрғын үй немесе ғимарат табылса, балабақша жұмысын тоқтатпаймыз деген ойымыз болды. Алайда, лайықты орын табылмады. Жаңа балабақша салу жөнінде жобалық-сметалық құжаттамасы облыстық білім беру басқармасы арқылы жасақталып отыр. Алдағы күндері мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алуға жолданатын болады. 

- Әне-міне дегенше, жаңа оқу жылы да жақындап қалды. Қызылүй орта мектебінің жаңа оқу жылына дайындығы қалай? 

- Қызылүй орта мектебіне биыл күрделі жөндеу жұмыстары жүргізу жоспарланып, 671 697 000 теңге қаражат бөлінді. Қазіргі уақытта мердігер мекеме жөндеу жұмыстарын атқаруда. Келісім шартта құрылыс жұмыстарын аяқтау мерізімі қазан айының соңы деп көрсетілген. Сол себепті, оқушыларды жаңа оқу жылының алғашқы тоқсанында ауылдық мәдениет үйінде үш ауысымда оқыту жағын қарастырып жатырмыз. 
Мектепті биылғы 2024-2025 оқу жылында 264 оқушы бітірді. Үлгерім – 100 пайыз, білім сапасы – 58,8 пайыз. Биылғы мектеп бітірген 11 түлектің 2-еуі «Алтын белгіге», ал 9 сыныпты аяқтаған 25 оқушының 2-еуі «Үздік аттестатқа» үміткер. 

Балалар мен жасөспірімдердің жазғы каникул кезінде бос уақытын тиімді ұйымдастыру және тынығу, сауықтыру мен қамтамасыз ету мақсатында жазғы демалыс лагерьлеріне жіберу бойынша мектеп жанынан, міндетті оқу қорынан балаларды лагерьмен қамту жұмыстары жүргізілді. 

- Ауданда 3 спорт мектебі болса, соның бірі осы Ақжайық ауылында орналасқан. Спорт мектебінде қанша тәрбиеленуші бар, жетістіктері жайлы айтып өтсеңіз? 

- Әрине, 2019 жылы Ақжайық балалар – жасөспірімдер спорт мектебі пайдалануға берілгенде халықтың қуанышында шек болмады. Әсіресе, спортты серік еткен жас жеткіншектеріміз ерекше қуанды. Бүгінде мұнда 11 тре-нер, барлығы 33 адам жұмыс жасайды. Қазіргі таңда көршілес ауылдарда ашылған филиалдарын қоса айтқанда спорттың 6 түрінен 420 бала жаттығады. Атап айтсам, фут-бол, жеңіл атлетика, волейбол, грек- рим күресі, үстел теннисі және қазақ күресі. Спорт мектебінің ішкі залына және сыртқы волейбол, футбол, теннис алаңдарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.Спорт мектебі оқушыларының күні бүгінгі жетістіктері аз емес. Грек-рим күрес бойынша Алпысұлы Мұхамеджан, Нұртілекұлы Мансур, І дәрежелі атаққа, Мұрат Парасат, Теміржан Жарасым, Таңат Алмас, Айбекұлы Елдар І дәрежелі атақ иегерлері және спорт шеберіне үміткерлер. Жеңіл атлетикадан Сатыбалды Манас, Әділ Қайсар, Хайролла Тұрсынбек, Бауыржан Сәкен, Тілек Нұршат, Әділ Нұрғали І дәрежелі атақ иегерлері. Кіші аяқ доптан Асылбекұлы Нұреден, Қобыландыұлы Арсен, Бердәлі Бекзат, Бердіғали Санжар, Боранғали Наурызбай, Мансұрұлы Омар, Есқабыл Алдияр, Қуан Қуат ІІ дәрежелі атақ иегерлері атанды. 


- Ақтұрлан Ертұрлыұлы, сұхбатыңызға рахмет! Өзіңіз айтқандай, ең бастысы халықтың сенімін ақтап, ел игілігі жолындағы қызметіңізге тек сәттілік тілейміз. 


Сұхбаттасқан Б.САПАРОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT