Бүгінде еліміз бойынша күзгі әскерге шақыру науқаны қызу қарқынмен жүріп жатыр. Республика бойынша күзгі әскерге шақыру комиссиясы сарбаз қатарына қосылатындардың денсаулығын, азаматтық парызын өтеуге дайындығы тексерілуде.
Осы аралықта толықтай тексеруден өтіп, солдат қызметіне жарамды жастар әскери борышын өтеуге алынады. Биыл әскерге шақырылғандардың қатарын 1991– 2000 жылдары туған бозбалалар құрап отыр. Жалпы ер-азаматтың Отан алдындағы борышын өтеуі абыройлы іс. «Әскер – өмір мектебі» деген қағида қай кезеңде де күшін жоймайтыны анық. Бірақ жастар арасында өз қалауымен әскерге сұранып барушылар қатары соңғы жылдары сиреп кеткен еді. Әсіресе, бұл жағдай жоғары және арнаулы оқу орындарын бітірген жастардың арасында белең алып тұр. Еліміздің қадамы нығайып, әлем алдындағы абыройы артуда. Әскери әлеуетіміздің артуы мен азаматтық өмірдегі әскери борышын өтегендерге деген сұраныстың туындауы әркімге Отан алдындағы қызметін, қалтқысыз орындауға жол ашты. Негізінен жастардың әскери өмір туралы ақпараты мен түсінігі жеткілікті болғанымен, бес минутсыз маман атанғалы отырған түлектердің үштен екісі Отан алдындағы борышын өтеуге асығар емес. Яғни әскер жасындағы жігіттердің бір бөлігі бұл міндетті атқаруды маңызды деп санамайды. Олардың пайымдауынша, адам Отан алдындағы борышын өткізуге тиісті уақытты ол тіпті 1 жыл мерзім болғанына қарамастан, «бекерге өтетін уақыт» деп санайды екен. Сондай-ақ әскери борышын өтеуге өз еркімен ынта білдіруші жастар негізінен ауылдық өңірлерде туған бозбалалардың қатарынан. Яғни түрлі себептермен жоғары білім алуға қолы жетпеген жас жігіт әскер қатарына баруға алдымен сұранады екен. Демек «Әскер – өмір мектебі» деген ұстаным білім қуған бозбаладан бұрын ауыр еңбектің дәмін бұғанасы қатпай жатып татқан ұлдарға жақындау болып тұр. Қазіргі кезде 2018 жылы ауданда күзгі әскерге шақыру кезеңі жүргізілуде. Әскер қатарына сұранушылар саны осы күзде де артуда, оқу орындарынан академиялық демалыс алушылар да бар. Бірақ әскер қатарына сұранғанмен оқу орындарының үйлеспей қалулары да кездесіп жатады. 2018 жылғы көктемгі әскерге шақырушылар кезеңінде облыс бойынша берілген жүктемені 105 пайызға орындап, жоғарғы сатыдан көрінудеміз. Бұл Махамбет ауданы бойынша облыстан бұрыннан да жоғарғы орынды иеленіп келе жатқандықтан өзіміздің орнымыз деп қабылдаймыз.
А.Е.ӘШІМОВА,
Махамбет ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің жасақтау тобының келісімшарт бойынша әскери қызметке қабылдау жөніндегі қызметкер.